6.09.2021, 11:03
Оқылды: 40

«Алтын шуақ» халық қамын ойлайды

Достық үйінде Теректі аудандық «Алтын шуақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Серік Ашықбаевтың бастамасымен басқосу өтті. Оған «Парасат-2018» жеке қайырымдылық қорының көмекшісі Әлия Масалимова,  аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Әлия Серікқалиқызы, аудандық емханадан дәрігер Гүлімхан Қуанаева, ішкі саясат бөлімінің маманы Азамат Құспанов қатысты.

FB_IMG_1630907593863

Жиналысқа келген тұрғындар мұң-мұқтаждарын айтып, талап-тілектерін білдірді. Мәселен, Федоров ауылының тұрғындары Т.Даужанов, екінші топтағы мүгедек Р.Пупуриев, ата-анасынан айырылған балалардың қараушысы Н.Әбілбасовалар көгілдір отын жүргізіп беруін сұрады. Қытымыр қыстың келе жатқанына алаңдап, жылу құбырын тартуға жеңілдік жасауды немесе бөліп төлеуді  қарастыруды да тілге тиек етті. Ал Жайық ауылының тұрғындары Г.Батыршиева мен А.Қабаеновтер тұрақты жұмыс іздейді.

FB_IMG_1630907611158

- Мен көпбалалы анамын, оның үстіне 3 топтағы мүгедекпін. Үй кезегінде тұрғаныма 10 жыл болды, ешқандай алға жылжу жоқ. Жарты жылдық жұмысқа шақырады, ол біткеннен кейін тағы жұмыссыз отырамын. Ауданға келіп жұмыс жасайын десем, кішкентай үш қызым бар, оларды кімге қалдырамын? Маған ауылдан жұмыс тауып берсеңіздер немесе ауданнан үй берер болсаңыздар осында көшіп келуге дайынмын, - дейді Г.Батыршиева.

А.Қабенов те 3 топтағы мүгедек. Жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен оператор мамандығын оқыған. Алайда ешқайда жұмысқа орналаса алмай жүр.

Сондай-ақ, Г.Ғұмарова мүгедек бала өсіріп отырған жалғызбасты ана. Баласының болашағына алаңдаған Гүлмираның  бәрінен көңілі қалған. Мемлекеттен ешқандай көмек болмайтынын, қымбат дәрі-дәрмектің де бөлінбейтінін, өзі сатып алуға мәжбүр екенін айтып шағымданды.  Гүлмираның өзі еден жуушы болып жұмыс істейді.

- Күні бойы жұмыста болғандықтан балаларыма көңіл бөлуге уақыт болмай қалады. Осы орайда мүгедек бала өсіріп отырған ата-аналарға жұмыс уақытын қысқартса екен деген өтінішім бар. Сондай-ақ баламен бірге «Сарыағаш» санаториясына баруға мүмкіндік берілсе, - дейді өз сөзінде.

Екінші топ мүгедегі Г.Дәулетбекова Нұр-Сұлтан қаласына емге баруды қаласа, Максим Рафаелович тұрғын үй мәселесін шешіп беруді талап етті.

Тұрғындар мәселесін тыңдаған Ә.Масалимова мен бірлестік жетекшісі С.Ашықбаевтар сұрақтардың жауапсыз қалмайтындығын жеткізді.

 

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале