24.06.2026, 17:00
Оқылды: 7

Алтынбек Ертаев: ел сенімін ақтаған мемлекеттік қызметші

Мемлекеттік қызмет сырт көзге қағаз бен құжаттың, есеп пен жоспардың жиынтығы болып көрінгенімен, оның ар жағында елдің ертеңіне деген жауапкершілік, халықтың сенімін ақтауға деген адал ниет жатыр. Бұл жолды таңдау – уақытпен санаспай еңбек ету, әр күнді қоғам игілігіне арнау деген сөз.

WhatsApp Image 2026-06-24 at 13.05.16

Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген азаматтардың бірі – Казталов ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің бас инспекторы Алтынбек Жарасбайұлы Ертаев.

Туған жердің топырағында тәлім алып, ата-анасының өнегесін бойына сіңіріп өскен Алтынбек Жарасбайұлы еңбек жолын жастық жігер мен үлкен үмітке толы кезеңде бастады. 2012 жылы жастар практикасы арқылы алғашқы қадамын жасап, кейінгі жылдары қай қызметте болса да жауапкершілік пен кәсібилікті басты ұстанымына айналдырды. Балабақшадағы алғашқы еңбек мектебінен бастап спорт саласы мен мемлекеттік мекемелердегі қызметіне дейін ол өз ісіне ұқыптылықпен қарап, сенім үдесінен көріне білді.

Уақыт өте тәжірибе толысып, жауапкершілік жүгі артты. Бас бухгалтер, бас маман, бас инспектор қызметтерінде шыңдалған маман бүгінде аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және бақылау бөлімінде еңбек етіп, мемлекеттік басқару жүйесінің маңызды буынында қызмет атқаруда.

Алайда адамды қызметімен ғана емес, отбасыдағы орны да айшықтайды. Алтынбек Жарасбайұлы ардақты ата-ананың тәрбиесін көрген ұл, ағасы мен қарындасына қамқор бауыр, шаңырағының шаттығын еселеген отағасы. 2016 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде бір ұл мен екі қыз тәрбиелеп отырған бақытты әке.

Қазақ «Еңбек адамды өсіреді, елге танытады» дейді. Алтынбек Жарасбайұлының өмір жолы да осы нақылдың шынайы көрінісіндей. Қарапайым еңбекті қадірлеп, адалдықты серік еткен азамат бүгінде ел сенімін арқалап, туған ауданның өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.

Асылбек Нәсіпқалиұлы

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале