21.04.2020, 16:30
Оқылды: 128

Аман жүр, Амангелдінің ұлы

Өкінішке орай, аты жаман дерт Ақжайық өңірін айналып өтпеді. Ресми сайт Батыс Қазақстан облысы бойынша коронавирус жұқтырғандардың саны бүгін 68-ге жеткенін хабарлады. Бұл санның өсуін қалай тоқтатамыз? Сақтанып қана!
E47184B6-21D7-47B6-991B-FBCAF3FF065F

Иә, халықтың міндеті – сақтану. Ал дәрігердің міндеті – сол халықты қорғау емес пе? Сырым аудандық орталық ауруханасының дәрігер-хирургі Тимур Еспентаев та сындарлы сәтте әріптестерімен бірге болуды міндет санап, дертпен күресіп жатқан батысқазақстандық дәрігерлердің қатарына қосылды. Ол бүгінде Орал қаласындағы карантиндік стационарлардың бірінде еңбек етіп жатыр. Тимур Еспентаевпен телефон арқылы тілдестік:

- Стационарда шетелден келген қазақстандықтарды бақылауға алудамыз. Біздің бөлімде вирус жұқтырды деген күмәнмен және олармен  қарым-қатынаста болған 20 адам жатыр. Арасында Ресей, Польша, Румыния, тіпті АҚШ-тан келген жерлестеріміз бар. Тұтас тәулік бойы қызмет жасаймыз. Келушілерді қабылдаймыз, сынама алып, тиісті орталықтарға жолдаймыз. Біздің бөлім бойынша 3 адамның сынамасы оң қорытынды көрсетті, яғни олардың вирус жұқтырғаны анықталды.

Әрине, өзіміздің қауіпсіздігімізді де ойлаймыз. Стационар ішінде арнайы киіммен, респираторлы бетпердемен, көзәйнекпен жүреміз. Қауіпсіздік костюмін кию мен шешу техникасын біз аудандағы семинар – сабақтың барысында үйренген едік. Оқулар мына жақта да өтіп жатыр.

4 сағат бойы ауа өткізбейтін киіммен жүру оңай емес. Әрі оқшаулануда жатқан науқастардың көңіл күйі де әртүрлі болады. Ем-дом өз алдына, оларға психологиялық қолдау беруге де міндеттіміз. Физикалық тұрғыда шаршамаймыз, бірақ іштей ауырлық сезіледі. Науқастармен байланыста жүргеннен кейін апта сайын сынама алып, біздерді де тексереді. – дейді сырымдық дәрігер.

Тимур Амангелдіұлының Сырым ауданында қызмет қылып жатқанына биыл 7 жыл болды. Осы жылдар ішінде ол талай тағдырға араша болды, оның білімі мен білігі талай жанға шарапатын тигізді. Коронавирус індетімен күреске аттанған оған ел-халқы амандық тілеп отыр. Аман жүр, Амангелдінің ұлы!

 Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале