8.09.2022, 14:30
Оқылды: 50

 «AMANAT»  қабылдауы  –  халық алаңы

Теректі ауданындағы ірі әкімшілік бірлік – Подстепное ауылдық округі орталығында «AMANAT» партиясы азаматтарды қоғамдық мобильді қабылдау ұйымдастырды.

аманат

«AMANAT» партиясының БҚО филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев бастаған жұмыс тобының құрамында қабылдау өткізуге облыстық білім басқармасының, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жауапты мамандары келді. Теректі ауданы тарапынан аудан әкімі Тілек Габдушев, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев, «AMANAT» партиясының Теректі  филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев, білім беру, денсаулық сақтау салалары және бірқатар мекеме-ұйымдардың басшылары қатысты.

«AMANAT» партиясының БҚО филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев:

-Жыл басынан бері өңірді аралап, осындай оңтайлы шара өткізіп жүрміз. Подстепное - қоғамдық қабылдау өткізіп отырған 39-шы ауыл. Қай жерде де қабылдауға келген азаматтардың шағым-сұранысын аяқсыз қалдырмаймыз. Ауыл тұрғындары жол салу, таза су жеткізу, электр қуатының үзілуі туралы жиі айтады. Жеке басының шаруасымен келгендер көбіне баспана жайын айтады. Ауқымды, құрылыс салу, күрделі жөндеу сияқты мәселелерді жоғары сатыда көтеруге ұсыныстар дайындаймыз. Ал, жергілікті деңгейде шешуге болатын болса, сол жерде атқарушы мекемелерге тапсырма береміз, – деп оңтайлы шараның барысынан хабардар етті.

Жалпы, бұл жолы да қабылдауға келген халықтың да айтқандары сол төңіректе болды.

Подстепное ауылындағы көпке ортақ мәселе – мектеп жайында келген ата-аналар көңілін бірлеп шықты. Қазір ауылдағы екі мектепте оқушы көптігінен үш аусымда оқып жүр. Бұл білім сапасына әсер ететіндігі сөзсіз. Қыстың күні көз байланар кезде сабақтан шыққан балалалар үшін қауіп те бар. Осы алаңдаушылықтарын айтқан ата-аналар мамандардың «келесі жылы жаңа мектеп салуға жоспар бар» деген жауабын алды.

Осыдан бір ай бұрын, тамызда Тоқпай ауылының тұрғындары кіреберіс жолдың күрделі жөндеуі басталғанына қуанған еді. Республикалық бюджеттен 85, 3 млн теңге, ал жергілікті бюджеттен 33,3 млн теңге бөлініп, тоқпайлықтар қыс-көктемде көретін жол қиындығынан құтыламыз дескен. Қазірдің өзінде 400 жүзге тарта тұрғыны бар ауылдың шетінде тағы үш қабатты алты пәтерлік қырық жаңа үй салынып жатыр. Яғни, ауылдағы тұрғын саны еселеп артады. Күні ертең үлкен елді мекенге айналатын ауылға сапалы жол керек. Дегенмен,  мердігер «Ануш Құрылыс» ЖШС бастаған жұмыс тоқтап қалды. Оған себеп – материал тапшылығы.  Ұзындығы шақырымға да жетпейтін жол енді  қатты жабынға қажет битумды күтеді.

Жеке мәселесімен жолыққан көпбалалы аналар, әлеуметтік жағдайы әлжуаз адамдардың дені осы жерде өз сұрақтарына жауап алды. Өз отбасының  қиындығын айта келген Бәтима Дәулетованың ісі ерекше қаперге алынды. Жалғыз баспанасының  апаттық деп танылуы бір шаңырақта тұрып жатқан зейнеткер кейуана, мүгедек жан және жалғызбасты әке үшін ең басты мәселе. Мемлекет тарапынан осындай жағдайда болатын көмек  жайын сұрай келген ананың көңілі медеу тапты.

Бұдан басқа ауылдағы жолдарды жөнге келтіру, жарықтандыру, тазалық сақтау жайы сөз болды. Осы орайда ауылдағы қатты қалдықтарды шығарумен айналысатын кәсіпкер Ролан Бектемиров өз қызметі жайлы айтты.  Тұрғындардың төлем өтеуге құлықсыз екендігін және 6 жылдан бері көтерілмеген тарифті жанар-жағар май қымбаттауына байланысты өсіру қажеттігі туындап отырғанын да жеткізді.

- Подстепное ауылындағы мобильдік қоғамдық қабылдауға жиырмаға тарта адам келді. Қабылдауға келген әрбір тұрғын жауапсыз қалмады. Барлығына да толық жауаптар айтылды. Көтерілген мәселелердің шешімін табуға тырысатын боламыз. Сонымен қатар, жауапты мекемелерге тапсырма беріледі. Халықтың «AMANAT» партиясына сенім артып, көкейтесті мәселелерін шешуді тапсыратыны бізге үлкен міндет жүктейді, – деген «AMANAT» партиясының БҚО филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев осындай оңтайлы шаралар басқа да елді мекендерде жоспарланғанын айтты.

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале