18.08.2020, 11:06
Оқылды: 77

Амантай Меңдіғалиев, Еуразия дизайнерлері одағының мүшесі, мүсінші-дизайнер: «Жымпиты маған шабыт береді!»

– Амантай аға! Сұхбаттасуға уақыт бөлгеніңізге рахмет! Жымпитының тумасы екеніңізді білеміз. Әңгімені өскен ортаңыз, әулетіңіз жайында бастасақ. Өзіңіз жайлы өзіңіз айтсаңыз!

– Иә, Жымпитының тумасымын. Ол үшін мақтанамын. 1962 жылы 16 маусымда әкем Меңдіғалиев Қадим мен анам Қадиманың отбасында дүниеге келдім. Меңдіғали атам – Балғазы деген болыстың баласы. Білімді кісі болған, бес тіл білген. 1932 жылы Орынбордан оқып келіп, Жаңақала жағында мешіт жанындағы медреседе сабақ берген. 1937 жылы болыстың ұрпағы деп әрі дінді насихаттадың деп, «үш әріп» Магаданға алып кеткен. Сол сапардан қайтпаған. Кейін «Ақталды!» деген қағаз келді.

Ата-анам қарапайым, еңбекқор жандар еді. Біз отбасымызда төрт ұл, екі қыз болып өстік. Үлкен кісілер жастайымыздан еңбекке үйретті. Еңбекке үйірлік өнерге жақындатты. 1978 жылы қазіргі Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепті бітіріп, алға арман қойып, өнер жолын іздеп, Жезқазған қаласына келдім. Осы қаладағы Жезқазған педогогикалық институтының көркемсурет факультетіне оқуға түстім. Студенттік жылдар менің өмірге ғана емес, өнерге деген қызығушылығымды оятты. Сол жылдары Алматы, Ташкент, Мәскеу, Ленинград қалаларына барып, белгілі мүсіншілердің туындыларын көріп қанаттанатынмын.

Amantai (7)

– Көркемсурет факультетіне тектен-тек тапсырмайсыз ғой. Бала күніңізде сурет, мүсінге икеміңіз байқалып па еді?

– Баланың неге құмартып, неге икемі келетінін бірінші ата-ана байқайды екен. Әлі есімде пластилиннен арғымақ жасап ойнайтынбыз. Өзім өнер жолындағы алғашқы қадамым ермексазбен тұлпар жасаудан басталды-ау деп ойлаймын. Мүсін өнері – күрделі сала, дегенмен қызықты өнер. Жұмыс жасап, оның қызығына кіріп кеткенде қолыңның тоңғанын, шөлдегеніңді ұмытып, уақыттың қалай өткенін байқамай қаласың. Жаңа туындыны ойға алдым дегенше мазам кетті дей бер. Ішкі ой сыртқа шықпайынша, оны жобалап, жасап, дайындамайынша басқа әлемде жүресің.

– Шығармашылық мансабыңызда қанша жұмыс орындадыңыз? Сіздің жұмыстарыңыз қай қалаларда тұр?

– Шығармашылық мансабымда 50-ден астам туындыға автор болдым. Олар еліміздің үлкен қалаларында тұр. Мәселен, пластилиннен басталған арғымақты ақыры үлкен мүсін қылып жасадым. «Арғымағым» елдің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында тұр. «Алмалар» да сол қалада. «Арғымақ», Ленинск 5 метрлік «Бейбітшілік – Жанұя!», Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласында ұзындығы 5 метр болатын «Бейбітшілік - Жанұя» деген мүсінім бар. Павлодардағы «Су перісі», Жезқазғандағы «Наурыз» саябағындағы барлық мүсін менің қолымнан шыққан.

Қазақ ұлты үшін махаббаттың символына айналған Қозы мен Баянның пәк сезімін бейнелейтін «Көрпеш – Баян Сұлу» мүсіні Ұлытауға қойылды. Қазір ұзындығы 10 метр болатын алып «Көкбөрінің» мүсінін дайындап қойдым. Ол мүсін де үш жүздің басы қосылған киелі тау - Ұлытаудың бауырына орнатылмақ.

 

– Туындыларыңыздың ішінде жаныңызға жақыны қайсы?

– Жұмыстарымның ішіндегі жаныма жақыны – туған жерім Жымпитыда орналасқан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш. Жымпитыдағы жалау көтерген қос жауынгердің мүсіні – әріптесім, ауылдасым Бақтығали Оразовтың студенттік өмірден кейін жасаған ең алғашқы жұмысымыз. Қанша уақыт өтсе де біз жасаған Жымпитыдағы Жеңіс сарбаздарының мүсіні «Мәңгілік алау» монументінің жанында аталар ерлігінің даңқындай болып тұр.

– Бір мүсінді жасап шығуға қанша уақыт керек?

– Әр мүсін әртүрлі уақыт алады. Бәрі көлеміне байланысты. Ең әуелі ой керек. Идея туындап, оның эскизін жасап, материалдарын дайындап, ойдағыдай сұлбасы шыққанша  айдай уақыт өтеді.

– Ұлы ақын Абайдың да мүсінін жасапсыз. Адамзаттың Абайын бейнелеу оңай болды ма?

– Атамыздың 175 жылдығына ақынның портреттік бюстін жасадым. Әрине, қиындау болды. Ұлы ақынның бет-бейнесін жасау үшін әдебиеттерді оқып, іздестірдім. Ойлы көзін, мейірімді жүзін шығару қиындау болды. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста!» - деген Абай атамыздың қара сөзі маған күш беріп, туынды ойдағыдай шықты. Ақынның мүсіні халық игілігіне Жезқазған қаласына орнатылды.

– Қазір техникалық мүмкіндіктер молайды. Техниканың дамуы шынайы өнерге тұсау болып жатқан жоқ па?

– Біз техникалық мүмкіндіктерді тек күш ретінде, яғни апарып-тасу, көтеру-әкелуге пайдаланамыз. Дегенмен, мүсін мен бейнені құрал не техника емес, шабыт пен талант жасайды. Кейде шикізат қолды байлап жатады. Бір мүсіндерді мыстан, қоладан құйғымыз келеді. Қола тапшы. Сондықтан қазір металалмастырғыш ретінде фин пластигін пайдаланудамыз. Керемет материал, суық пен ыстыққа төзімді. Металдан артық болмаса, кем емес. Гранитті қашап та көрдік. Ол – өте нәзік жұмыс.

– Болашақта тағы қандай туындылар жасағыңыз келеді?

– Болашаққа жоспар көп. Біраз шығармамды жарыққа шығарсам деймін.

Сақ дәуіріндегі Томирис туралы фильмді көріп пе едіңіз? Сақ Ханшайымының аттың үстінде желмен жарысып шауып бара жатқан мүсінін жасағым келеді. Шабытпен кірісіп, мүсіннің макетін бір күнде жасап шықтым. Авторлық құқық алдым.

Томирис бейнесінің кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбиесі мол деп ойлаймын. Ол – қазаққа ортақ тұлға. Ойымша, сақтың батыр қызының мүсіні біздің жақта, яғни батыста тұруы керек.

– Жымпитыны сағынасыз ба? Донеділ Қажымов деген әнші-композитор ағамыз біздің газетке берген сұхбатында «Арманым – Жымпиты жайлы ән жазу. Сол әнді жаза алмай жүрмін!» – деп еді. Сол сияқты елге, туған жерге өнеріңізбен тарту жасау ойда жоқ па?

– Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатырмын. «Шабыт» Қазақ өнер академиясында мұғаліммін. Мүсіннен сабақ беремін. Әрине, туып-өскен жеріңді қалай сағынбайсың? Қашанда өзіне қарай тартып тұратын Жымпиты маған шабыт береді. Тарихы мол, таудай тұлғалар туған мекенге перзенттік тарту жасау көптен ойымда жүр. Жымпиты – Батыс Алашорда үкіметінің астанасы болған, Алаш қайраткерлері өмір сүрген қастерлі топырақ. Осындай киелі жерге «Жас қазақ!» деген Алаш азаматтарына арналған арнайы мүсін жасасам деп ойлаймын. Жымпитыда Алаш құрылтайы өткені де белгілі. "Жақсы бір шығармашылық жұмысыңды туған еліңе арна!" – деп ұстазым Марат Қадыров та айтып еді. Сол арманымды жүзеге асырғым келеді. Әрине, бұл істе елдегі лауазымды азаматтардың қолдауы да керек. Олар қолдаса, Жымпитының төріне Сырым ауданының тарихи келбетін, Алаш идеясының ажар-айшығын бейнелейтін, тұрғындары мақтанып, меймандар тамсанып тамашалайтын еңселі мүсін орнатсам, арман бар ма?

– Әңгімеңізге рахмет! Аман жүріңіз, Амантай аға!

 

Сұхбаттасқан: Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале