Сағит Садықовтың туғанына 100жыл
Өнер мен руханияттың өрісін кеңейтіп, туған өлкенің мәдени өміріне өшпес із қалдырған тұлғаларды ұлықтау ұрпақ парызы. Осы орайда Казталов ауданында Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ақын-сазгер, жазушы, мүсінші, сиқыршы, Ұлы Отан соғысының ардагері Сағит Бөкеұлы Садықовтың туғанына 100 жыл толуына арналған тағылымды шаралар ұйымдастырылды. Ғасырлық мерейтой аясында өткен кездесулер мен мәдени шаралар өнер майталманының өмір жолын, шығармашылық мұрасын және ел руханиятына сіңірген еңбегін насихаттауға арналды.

Аудан әкімі Сағит Садықовтың ұрпақтарымен кездесті
Мерейтой аясында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов өнер иесінің ұрпақтарымен, әріптестерімен және мәдениет саласының ардагерлерімен кездесті. Аудандық кітапхананың мәжіліс залында өткен басқосуда аудан басшысы мерейтой иесінің ел мәдениеті мен руханиятын дамытудағы өлшеусіз еңбегіне тоқталып, оның есімі аудан тарихында ерекше орын алатынын атап өтті.

– Ғасырлық белес кез келген адамға бұйыра бермейтін тағылымды тарих. Бұл мерейтой – бір әулеттің ғана емес, күллі Казталов жұртшылығының мерейлі мерекесі. Өйткені Сағит Бөкеұлының ғұмыры туған жердің тарихымен, мәдениетімен және рухани өмірімен біте қайнасып жатыр. Қазақта «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөз бар. Сағит Бөкеұлының артында қалған мол мұрасы – оның мәңгілік өмірінің белгісі. Оның әндері мен еңбегі бүгінгі ұрпаққа рухани азық болып, туған жерге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетуде. Сіздер осындай дара тұлғаның аманатына ие болған бақытты жандарсыздар. Әке мен атаның абыройлы жолын жалғастырып, оның есімін қадірлеп, мұрасын насихаттап жүргендеріңіз үшін барша аудан тұрғындарының атынан ризашылығымды білдіремін. Сағит Бөкеұлының өмір жолы бізге елге адал қызмет етудің, өнерді құрметтеудің, туған жерді сүюдің өнегесін көрсетеді. Осындай асыл тұлғалардың есімі мен еңбегін ұлықтау кейінгі ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз. Сағит Бөкеұлының жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталып, рухани мұрасы халқымызбен бірге жасай берсін!, – деді аудан әкімі.
Кездесу барысында Сағит Садықовтың ұрпақтары мен әріптестері, замандастары белгілі тұлғаның өмір жолы мен шығармашылық қызметі туралы естеліктермен бөлісті. Майдангер өнерпаздың жастайынан ән мен күйге құмар болып өскені, Ұлы Отан соғысы жылдарында әскери ансамбль құрып, жауынгерлердің рухын көтеруге атсалысқаны, елге оралғаннан кейін аудан мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқаны жөнінде сыр шертті.
Сағит Бөкеұлы ұзақ жылдар аудандық мәдениет үйін басқарып, ұлттық аспаптар оркестрінің, халық театрының, «Кешкі әуен» эстрадалық ансамблінің, «Қарлығаш» би ансамблінің және өзге де шығармашылық ұжымдардың қалыптасуына ұйытқы болды. Оның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, аудандық мәдени-демалыс орталығына есімі берілген.
Шара соңында аудан әкімі мерейтой иесінің ұрпақтарына естелік сыйлықтар табыстап, Сағит Садықовтың 100 жылдық мерейтойына арналған игі шаралардың табысты өтуіне тілектестігін білдірді. Ал Сағит Бөкеұлының ұрпақтары да өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, құрмет көрсетті.

Аудан жұртшылығы Сағит Садықов рухына тағзым етті
Мерейтой аясында аудан жұртшылығы Сағит Бөкеұлының кеуде тұғырына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Тағзым ету шарасына облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев, Сағит Садықов ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиналған қауым қазақ өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Рәсім барысында Сағит Садықов пен қазақ сахнасының саңлағы Хадиша Бөкееваның кеуде тұғырларына гүл шоқтары қойылды. Қатысушылар қос тұлғаның ел мәдениеті мен руханиятына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
Содан соң жұртшылық мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған Сағит Садықовтың өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені тамашалады.

Казталовта алғаш рет облыстық поэтикалық дуэль өтті
Композитор, ақын-сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сағит Бөкеұлы Садықовтың туғанына 100 жыл толуына орай Казталов ауданында тұңғыш рет «Ән қанатындағы ғұмыр» атты облыстық поэтикалық дуэль ұйымдастырылды.
Ауданның рухани өміріндегі елеулі шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, Сағит Бөкеұлының ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, ақындар мен өнерсүйер қауым қатысты. Аудан әкімі мен басқарма басшысының орынбасары жұртшылықты өнер қайраткерінің туғанына 100 жыл толуымен құттықтап, ақындарға сәттілік тіледі. Сонымен қатар Сағит Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының ұжымына басқарма басшысының алғыс хаты табысталды.
Дуэльге Батыс Қазақстан облысының әр ауданынан іріктеліп келген сегіз ақын қатысты. Атап айтқанда, Ақжайық ауданынан Бекболат Қаленов пен Абылайхан Мақсұтов, Сырым ауданынан Бауыржан Ширмердинұлы, Жәнібек ауданынан Төрехан Нәсиев, Тасқала ауданының намысын қорғаған Меңдібек Лұқпан, Жаңақала ауданынан Азамат Бақиев, Казталов ауданынан Ернәсіл Рысқалиев және Теректі ауданынан Әділет Орынбасаров өзара бақ сынады.

Поэтикалық дуэль бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар Сағит Садықовқа арналған және Казталов ауданының табиғаты мен тарихын арқау еткен туындыларын ұсынды. Ал екінші кезеңде ақындар жұптасып, тақырыптық үндестігі бар шығармаларын оқып, көрерменге жыр кешін сыйлады.
Жыр сайысының әділ бағасын белгілі ақын-жазушылар мен әдебиет өкілдерінен құралған қазылар алқасы берді. Қазылар алқасына Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын әрі аудармашы Талап Таймасұлы төрағалық етсе, ақын, журналист, өлкетанушы, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы мен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Талғат Мықи төрелік жасады.

Сайыс барысында қатысушылар Сағит Садықовтың шығармашылық әлемін, туған жердің тарихы мен табиғатын, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді терең толғаған жырларын оқып, көркем сөздің құдіретін паш етті. Әр ақын өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Облыстық поэтикалық дуэльдің қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Дуэльдің бас жүлдесін Төрехан Нәси иеленсе, І орынға Бауыржан Ширмединұлы, ІІ орынға Меңдібек Лұқпан, ІІІ орынға Ернәсіл Рысқалиев ие болды. Ал дуэльге қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Жеңімпаздар мерейтойлық іс-шаралардың қорытынды гала-концертінде марапатталды. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары қазылар алқасына арнайы мерейтойлық сыйлықтарды табыс етіп, ризашылығын білдірді.

Гала-концертте аудан көркемөнерпаздары өнер көрсетті. Сонымен қатар Сағит Бөкеұлының ұрпақтары да өнер қайраткерінің «Туған жер» әнін шырқап, С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының ұжымына сый-сияпаттарын табыс етті.

Өнер мен өнегені өмірінің өзегіне айналдырған майдангер сазгердің есімі ел жадында мәңгі сақталып, шығармашылық мұрасы келер ұрпаққа рухани азық болып қала бермек.

Өнердің өріне қанат қаққан, әнімен елдің жүрегінен орын алған Сағит Садықовтың жарқын бейнесі мен өнегелі ғұмырына арналған ақындардың жүрекжарды жырларын назарларыңызға ұсынамыз.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Казталов ауданы