9.03.2024, 15:40
Оқылды: 30

Аналар форумы - дәстүр жалғасы

Халқымыз ер-азаматты шаңырақ иесі десе, әйел адамды отбасының ұйытқысы деп қадірлеген. Барлық жақсылық атаулы ана жүрегінің жылуынан, мейірімінен бастау алады. Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Отбасының ұйытқысы бола отырып, балаларына деген шексіз сүйіспеншілігін ұстап тұру тек біздің аналарымызға ғана тән нәрсе. Табиғатымыздың ең асыл перзенті болған «Ана» деген ардақты атты әрбір адам ерекше құрметтеп, қастерлейді. Қазіргі қоғамда әйел-аналарымыздың алатын орны ерекше. Себебі егемен еліміздің дамуы мен өсіп-өркендеуіне де, нәзік жанды аруларымыздың еселі еңбегі зор.

image-07-03-24-12-50

6 наурыз күні Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде «Ана.Қоғам.Болашақ» мектепішілік аналар форумы өтті. Форумның басты мақсаты – ананы құрметтеу, өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру, ізгі құндылықтарды насихаттау.

Форумда сөз алған Алма Оразбаева мектебінің директоры Марал Әнуарбекқызы 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, ана мен бала арасындағы қарым-қатынас туралы айтып өтті.

image-07-03-24-12-50-2

Форумға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішова, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күнсұлу Шәкенаева, “алтын алқа” иегері, көп балалы батыр ана Майра Байболова, қос егіз тәрбиелеуші ана Аспет Ануарова қатысты.

Әйел-отбасының ұйытқысы деп жатамыз, осы ұғым қазіргі кезде маңыздылығын жойған жоқпа деген сауалға көп балалы батыр ана Майра әжеміз жауап берді.

image-07-03-24-12-50-4

- Мен 3 ұл, 7 қыз тәрбиелеп өсірдім. Қазір бәрі еліне қызмет жасап, еңбек етіп жүр. Шындығында, әйел тыныштық пен бейбітшіліктің шырақшысы болып саналады. Қазіргі заманда әйелдер қауымы ер азаматтардан кем түспей қызмет жасап жүр. Мәселен, нәзік жанды қыздарымыз отбасы қасында қалып қоймай, мемлекеттік қызметте, бизнес саласында, денсаулық сақтау мен білім саласында да жемісті жұмыстар атқарып келеді. Бұрын қиын-қыстау заман кезінде еліміздің еңсесін тіктеуге ат салысып, бүгінгі күні әлемге танылып, бәсекеге қабілетті ел болуымызға үлесін қосып отырған әйелдердің үлесі орасан зор, - деді сөзінде.

Қыз баласының тәрбиесі, ана жылуын сезбеген балалар, жаһандану дәуірінде ұрпағымыздың шетелге еліктеуі туралы мәселелер ортаға салынып, керемет әңгіме өрбіді.

«Қатыгез ана» туралы видеоролик көрсетіліп, аналар өз ойларын ортаға салды.

- «Ана» - ең сұлу және ең керемет атау. Оның қадір-қасиетін түсініп білу мүмкін емес. Өйткені алғаш көзіңді ашқан кезде бауырына басып, мейірімін төгетін – анаң. Оның аялы алақаны тікеннің өзін жұмсартып, асаудың өзін жуасытар құдіретке ие. Жүрегіңнің кеңдігі сондай өз баласын ғана емес, барлық әлемнің баласын сыйғыза алады. Мен 4 бала тәрбиелеп өсіріп отырған анамын. Әрқашан қыздарыммен ашық сөйлесіп, ақыл кеңесімді айтып отырамын. Қатыгез ана туралы айтатын болсам, қоғамда болып жатқан өкінішті жәйт. Өсіп келе жатқан балаға ұрып-соқпай, ашық әңгімелесу арқылы дұрыс жолды көрсету керек деп ойлаймын, - деп Гүлзар ана өз ойын білдірді.

image-07-03-24-12-50-3

“Алтын алқа” иегері, көп балалы, қос егіз тәрбиелеуші ана Аспет Ануарова сөз сөйлеп, әйел-аналарға бас иіп алғысын айтты.

Дана Сәбит «Жетім» монологын оқыған кезде аналар көздеріне жас алды.

Форумда аналар қоғамда болып жатқан жағдайлар төңірегінде өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.

Рухани әрі тәрбиелік мәні бар бас-қосу жоғары деңгейде өтіп,  мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Аналар – өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі тек аналардың жылы жүзімен ажарланады. Аналардың құрметіне 5 сынып оқушылары «Ана» әнін шырқады. “Қарылғаш” би ансамблі «Тойбастар» биін мың бұралып билеп, Ранида Талғатова, Жанайым Серғалиева, Темірлан Самархан, Бекназар Асылбек «Балбырауын» күйін нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ 6 сынып оқушылары аналарға арнап поэзия оқыса, 10-11 сынып оқушылары «Бақыт деген» әнін хормен орындап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Гүлнұр Сәуірғалиқызы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале