Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір ер жігіттің азаматтық абыройлы міндеті, қасиетті парызы. Өз елінің қарулы шүштері қатарында өз еркімен мемлекеттің жүктеген міндеттерін атқару немесе мерзімнен тыс қызмет ету – әскери борышын өтеу болып табылады. Кәмелеттік жасқа толған әр азамат нәсілі мен ұлтына, діни сеніміне, біліміне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына қарамастан қарулы күштер қатарында міндетті әскери қызметті атқаруға шақырылады. Себебі ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери қызметкерлерді даярлау – ел дамуындағы басты бағыттардың бірі.
Әскери қызметкер болғысы келетін кез келген азамат әскери борышын өтеп, сол жерден қызмет жолын бастауына болады. Ал жастайынан әскери боламын деп мақсат қойған жастар мектеп бітіргеннен кейін бірден әскери оқу орындарына түсе алады. Әскери қызметкерлерді даярлайтын оқу орындары еліміздің бірнеше өңірінде бар. Осы оқуға түсемін деушілерге бірқатар талаптар қойылады. Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша 50 баллдан жоғары жинап, қажетті құжаттарын тапсырып, іріктеу кезеңінен өту керек. Таңдау пәндері – физика және математика. Қойылатын ең басты талап ол - физикалық дайындық. Медициналық, психологиялық тексеріс, дене шынықтыру дайындығы бойынша түрлі сынақтар өткізіледі. Осының бәрінен сүрінбей өткен талапкер оқуға қабылданады. Ал негізгі оқу барысында студенттерге барлық жағдай жасалған. Әскердегі тәртіп сақталғанымен, негізінен көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Оқу тегін, шәкіртақысы бар және жататын орын, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырады. Жылына екі рет берілетін демалыс кезеңінде жол жүру ақысына дейін оқу орны көтереді. Әскери оқудың қиындықтары болады, әрине. Бірақ оның артында үлкен мақсат жатыр. Ол - елжанды, ерік-жігері мықты, батыл әрі батыр ел қорғандарын тәрбиелеу.
Шыңғырлау ауданынан әскери оқуға түскен жастар аз болса да, талаптанушылар қатары жыл санап артып келеді. Былтырғы жылы шыңғырлаулық Аңсар Исағалиев Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына оқуға түскен болатын. Бұл 1974 жылы ашылған оқу орны, инженер-ұшқыш, инженер-психолог, жалпы инженер, тағы да басқа мамандықтар бойынша авиация кадрларын даярлайтын институт.
18 жасар Аңсардың талабы таудай. Мектепті 9-шы сыныптан аяқтап, Шыңғырлау колледжінде «Бағдарламашы» мамандығына оқып шыққан. Құжаттарын тапсырған 600 баланың ішінен 100-і іріктеу кезеңінен өтіп, институтқа қабылданған болатын. Жас сарбаз 4 жыл оқып, инженер мамандығын, лейтенант шенін алып шығады да, әскери бөлімдерде жұмысқа орналаса алады. Мақсат қойған адамға ештеңе де кедергі емес. Әскери қызметкер боламын деген жанның алдынан үлкен мүмкіндіктер шығады.
Аңсар жанұясында үлкені, екі інісі мен қарындасы бар. Қазір міне, әскери оқуда оқып, бауырларына үлгі, ата-анасына мақтаныш болып отыр. Оның бұл жолды таңдауына әкесі шабыт берген. Аңсардың әкесі Бауыржан Исағалиев та әскери адам, шекарашы болып қызмет етеді. Әке жолын қуған жас жігіт болашағынан көп үміт күттіреді. Өзінің шыдамдылығымен, алғырлығымен оқу кезінде ерекше көзге түсіп үлгерген. Жуырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Астана қаласында өтетін шеруге таңдалып алынған санаулы сарбаздың ішінде біздің Аңсар да бар. Ауданымыздан шыққан жастар қандай да бір жетістікке жетіп жатса – ауылдастары үшін үлкен мәртебе.
-Мен әкем секілді еліне адал, халқына қорған әскери адам болғым келеді. Отан алдындағы қасиетті парызын өтеп, азаматтық міндетін абыроймен алып жүрсе, ер азамат үшін үлкен жетістік қой. Сол үшін болашақта ел игілігі үшін еңбек етіп, антына берік әскери қызметкер болуды өзіме мақсат еттім,- дейді Аңсар.
Дәл осындай жалындап тұрған жастарды елі қолдайды, халқы тілеуін тілейді. Отаным, жерім деген Аңсардай ұлдар көп болса, өскелең ұрпақ оларға қарап бой түзесе, елімізді жарқын болашақ күтеді.
Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы