10.10.2022, 18:09
Оқылды: 55

Аңызға айналған арулар

Биыл есімі аңызға айналған әнші Роза Бағланованың туғанына - 100 жыл. Қазақтың ән өнері мен руханиятына сіңір­­ген еңбегі ерен. Әсіресе майдан да­л­асында оқ пен оттың ортасында жү­ріп салған әні талай сарбаз­ға жігер сыйлап, жеңіске деген қадамға жақындатуға септігін тигізгені анық.

WhatsApp Image 2022-09-28 at 12.42.40

Роза Бағланованың орындауындағы «Ақмаңдайлым», «Іңкәрім», «Әдемі-ау», «Ақ тамақ», «Ақсұңқарым». «Ах, Самара – городок» әндері әншінің әсем даусымен бірге халықтың жанына берік орнығып, ел жүрегінде мәңгілік жатталған. Ғасыр тойына орай Тасқала ауданында өнер иесінің есімін ұлықтау шаралары өткізілуде.

Ерлермен бірге иық тірестіріп майдан даласына аттанған сол кезде небәрі 20 жастағы өрімдей бойжеткен Мәншүк Мәметованың ерлігі де жұрт жадынан мәңгілік өшпейді. Зеңбірекшілер баталь­­онына қабылданған қайсар қыз бөлім командиріне дейін көтеріліп, сержант атағын алады. Пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты.

Аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен қазақтың батыр қызының ерлігі мен сахна саңлағының шығармашылығын насихаттау, өнерпаздардың шығармашылыққа деген талпынысын арттыру, ән өнеріне қызығушылығы бар таланттарды анықтау мақсатында оздырылған байқауға ауылдық округтерден үміткерлер қатысты. Байқау барысында Р.Таймановтың «Қазақ қызы», Е.Нұрымбетов «Қаhарман Мәншүк», Б.Бейсенованың  «Шығыстың қос жұлдызы», Е.Бекболатовтың  «Мәншүк», С.Кәрімбаевтің «Ақтамақ»,  Б.Тәжібаевтің сөзіне жазылған Т.Мұхамбетжановтың «Іңкәрім-ай», Е.Хасанғалиевтің «Әдемі-ау», «Айналайын», А.Зацепиннің «Көктем» вальсі, А.Костиннің «Ах, Самара городок», Ш.Қалдаяқовтың «Бәрінен де сен сұлу» әндері шырқалды.

Нәтижесінде Мерей ауылынан қатысқан Лунара Гайсина жеңімпаз атанды. ІІ, ІІІ орынды Әсел Болатбаева /Мереке ауылдық округі/ мен Гүлсезім Дәулетова /Қосшы ауылдық округі/ өзара бөлісті.  Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар, белсенді қатысқандарға алғысхаттар табыс етілді.

Бинұр Хабидашева,

Тасқала ауданы 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале