27.04.2022, 11:15
Оқылды: 60

Апта сайын жалғасын табады

Ауыл тазалығы мен ауылды абаттандыру мәселесі бүгінде басты назарда тұрғаны белгілі. Осыған орай Тасқала ауданы орталығында кезекті сенбілік жұмыстары жүргізілді. Аудан орталығы саналатын Абай көшесі бойын тұрмыстық қалдықтардан тазалау, теректердің түбін қазу, арналарды тазалау жұмыстары жасалды. Тасқала ауылдық округі әкімінің орынбасары Қуаныш Қабдолданың айтуынша, сенбілік нәтижесінде 28 куб қоқыс шығарылған.

24

«Сенбілік жұмыстарына барлығы 52 мекеме қатысты. Нәтижесінде 28 куб қоқыс шығарылды. Орталықтағы Абай көшесінен бөлек, адамдар көп жиналатын саябақтар мен балалар ойын алаңдары да тазартылды»,- дейді Қуаныш Серікұлы.

«Ақбөпе» балабақшасының қызметкері Аманағали Сариев сенбілік жұмысына атсалысып, ауыл тазалығына үлесін қосты.

«Өз үйіңді қалай таза ұстасаң, көшеңді де, ауылыңды да солай таза сақтау маңызды. Сенбілік жұмыстарына өз үлесіңді қосу - үлкен жауапкершілік. Осы сенбілік жұмысына ұжым болып шығып, үлесімізді қосудамыз. Ауылымыз тап-таза болып жайнап тұрса жақсы емес пе»,- дейді Аманғали Сариев. Ал аудандық статистика басқармасының қызметкері Оралбек Умралиев ауыл тұрғындары бір-бірінің еңбегін бағаласа нұр үстіне нұр болар еді дегенді алға тартты.

25

- Сенбілік жұмыстары ұйымдастырылғаны дұрыс. Оған ауыл тұрғындары түгелдей атсалысып, белсенділік танытса тіпті жақсы. Жалпы ауыл тұрғындары тазалыққа бой үйрету керек деп ойлаймын. Қазір енді көктем келіп, жер кепкен соң сенбілік жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіледі. Алайда алдағы уақытта біреу жинаған дүниені басқа біреу бүлдіретіні белгілі. Сондықтан бір-біріміздің еңбегімізді бағаласақ артық болмас еді.

«Бөбек» балабақшасының қызметкері Бибігүл Тимирова да сенбілік бойынша ойымен бөлісті.

- Тазалық, ең бастысы, өзіміз үшін қажет. Сондықтан сенбілік жұмыстарына атсалысқан артық болмайды. Ауылымыз жарқырап тұрғанын көргенде көз қуанады емес пе? Әр тұрғын осыны санасымен түсінуі керек деп ойлаймын. Бір-біріміздің еңбегімізді қадірлеу қажет. Ұжым болып сенбілікке атсалысып жатқанымыз да сондықтан.

Әсем Аман,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале