10.04.2022, 11:20
Оқылды: 53

Әр шаңыраққа бақ-береке ұяласын!

Шалғайдағы Тайпақ ауылдық округінің тұрғындары Наурыз мерекесін сән-салтанатымен атап өтті. AC27CF3C-6F47-4233-A3AB-4675D070FCD5

Тайпақ ауылының орталық алаңына ақшаңқан киіз үй тігілді. Ұлттық нақышта безендірілген киіз үйде ауылдың үлкендеріне ақ дастарқан жайылды. Алтыбақанда тербетілген бойжеткендер мен бозбалалар  кәрі-жастың жанын жадыратар әсем әндерді әуелетті. Наурыз көже таратылып,  тілектер айтылып,  ақ бата жауған күн болды. Қыз-келіншектердің бір тобы оты лаулаған ошақтағы қазанға бауырсақ пісірді. Округ әкімдігі бастаған мекеме-кәсіпорындардың қызметкерлері ұлттық тағамдар дайындап әкеліп, сарапқа салды. Індеттің  кесірінен екі жыл бойы көпшілік шараға жиналмаған тұрғындар бір-бірімен көрісіп, мәре-сәре болып, аман-есен қауышқандарына қуанды.  Ауыл өнерпаздары сахнаға көтеріліп, ән-күйден шашу шашты.  Осындай із-гі жиынның басы-қасында жүрген ауылдық округтің әкімі Болат Шәленов ауылдастары мен қонақтарды жыл басы Наурызбен құттықтап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай деген тілегін білдірді.

Округ орталығындағы Қ. Байсықов атындағы мектепте де Наурыз мейрамы қарсаңында мерекелік  іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі  – 9-сынып оқушылары мен ата-аналарының қатысуымен өткен тұсаукесер рәсімін насихаттау кеші. Сынып жетекшілері – Динара Нұрланқызы, Тарғын Мейірболатқызы ұл-қыздарға қазақтың қонақжайлығы, тұсаукесер рәсімінің маңызы жайында түсіндірді. Ұлттық киім киген шәкірттер ән шырқап, ұлттық салт-дәстүрлер жайында өз білген-түйгендерімен бөлісті.  Тұсаукесер дәстүрі «Баламыз тез жүріп кетсін, біреудің ала жібін аттамасын, адал, жолы ашық болсын» деген ниетпен өткізіледі. Ал тұсауы кесілмеген балақай сүріншек болады деп ырымдайды халқымыз. Осы тойда Жайықбай қарттың немересі Аяланың тұсауын кесіп, ізгі тілегімді білдірдім. Асылы, балапанның тұсауын айналасына сыйлы, шаруаға икемді, ширақ, пысық адамдарға ұқсасын деп ырымдап кестіреді емес пе?! Сондықтан осындай құрметке ие болған әже екенімді айтсам, артық болмас.  

Халқымыз қашанда жаңа жылдан жақсылық күтеді, келер күннен үмітін үзбейді. Сондықтан ұлық мереке күнгі ізгі тілектер қабыл болсын, әр шаңыраққа бақ-береке ұяласын, жаңа Қазақстанды құруға атсалысайық дегім келеді.

 Сағида Смадиярова,

Тайпақ ауылы,

Ақжайық  ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале