24.04.2023, 23:41
Оқылды: 29

Аралтөбеде тартысты турнир өтті

Сырым ауданының Аралтөбе ауылында “Жалын” ауыл жастары фестивалі аясында волейболдан аудандық, облыстық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Жанбота Нұрғалиевті еске алуға арналған волейболдан жастар арасында аудандық турнир өтті.

image-24-04-23-10-29-3

Турнирге Аралтөбеден екі команда, Жосалы, Жамбыл, Қособа командаларынан бөлек Ақсай, Ақсу волейболшылары арнайы келіп, жалпы саны 7 команда қатысты. Ашылу салтанатында Аралтөбе ауылының әкімі Әділхан Мұхитов, аудандық “Қайсар” спорт клубының директоры Ерболат Мұқанов, Ж. Нұрғалиевтің әкесі Ербол Нұрғалиев және сыныптастары қатысты.

- Баламның ұрпақтары да әкесі секілді, жас волейболшы ағалары секілді мықты тұлға болады деген үміттеміз. Ойындарыңызға сәттілік, шын мықты жеңіске жетсін, - деп қатысушыларға батасын берді Ербол Нұрғалиев.

image-24-04-23-10-29-2

Жанбота Ерболұлының сыныптастары ауыл жастарына спорттық киімге қаржылай қолдау көрсетсе, аудандық “Қайсар” спорт клубы атынан Е. Мұқанов Аһмад Жанботаұлына спорттық киім алуға ақшалай сыйлық табыс етті.

image-24-04-23-10-29-7

“Қайсар” спорт клубының ұйымдастыруымен волейболшыларға түскі ас берілді. Таңның атысынан күннің батысына дейін ұласқан тартысты ойынның финалдық кездесуінде Жосалы мен Аралтөбе жастарының командасы ерекше ойын өрнегін көрсетті.

image-24-04-23-10-29-5

Нәтижесінде, ІІІ орын Жамбыл, ІІ орын Аралтөбе командаларына бұйырса, І орынға қарсыластарынан басым түсіп Жосалы құрамасы лайықты жеңімпаз атанды.

“Жеңіске деген жігері үшін” аталымына Ақсу командасы лайықты деп танылды.

image-24-04-23-10-29-1

Кіл мықтының ішінен суырылып шығып Асылжан Серікқали “Үздік ойыншы”, Абзал Төлегенов “Үздік шабуылшы”, Алтай Мырзахмет “Үздік қорғаушы”, Шыңғысхан Бимаханов “Үздік байланыстырушы” номинациялары бойынша марапатталды.

image-24-04-23-10-29

Жүлдегерлер мен үздік ойыншыларға диплом мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Ойынға Жанбота Нұрғалиевтің отбасы, сыныптастары, аудандық “Қайсар” спорт клубы демеушілік жасады.

 

Айжан Амангелдина,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале