13.12.2017, 11:35
Оқылды: 73

Аралтөбеге «Ақбұлақпен» ауыз су жетті

ҚР Тәуелсіздігі күніне орай Сырым ауданындағы Аралтөбе ауылдық округінің орталығы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жаңғыртылған ауыз су жүйесіне салтанатты түрде қосылды. Құны 270 млн. теңгенің жобасы аясында ұзындығы 17 шақырымнан тұратын жаңа су құбыры арқылы ауылдағы 200 үйге таза ауыз су жетіп отыр.

Жаңа жүйені сумен қамтамасыз ету үшін ауыл сыртынан 6 бірдей су ұңғымасы қазылған. Барлау нәтижелері көрсеткендей бұл ұңғымалардағы судың литрге шаққандағы өнімділігі қалыптағы көрсеткіштен 5 есеге артық. Судың мынадай өнімділігі жағдайында, Аралтөбе ауылын ауыз сумен қамту үшін бір ұңғыманың өзі жеткілікті. Жүйенің екінші нүктесінің басында сыйымдылығы 25 текше метрді құрайтын су мұнарасы мен су тазарту станциясы орналасқан. Осы жерде су жиналатын 200 текше метр бір резервуар мен көлемі 75 текше метрлік қосымша үш резервуар және бар.
Салтанатты шараға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, мердігер, «ГазСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Юсуп Қазиев қатысты.
-Мемлекеттің дамуы тұрғындарының тұрмыс деңгейімен өлшенеді. Кейінгі жылдары Аралтөбе ауылдық округінде үлкен жұмыстар жасалды. Округ орталығы мен елді мекендер көгілдір отынға қосылды. Ұялы байланыс жүйесі жаңа сапамен жұмыс істеп тұр. Елдің егемендігі мерекесінің қарсаңында ауылдастардың тағы бір қуанышына ортақтасудың мүмкіндігі туды. Таза ауыз су енді әрбір аралтөбеліктің үйіне жетті. Жақсылық құтты болсын! – деді аудан әкімі өзінің құттықтау сөзінде.
Жаңа ауыз су жүйесін салтанатты түрде іске қосу рәсімін аудан әкімі Төлеген Төреғалиев пен округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Аманғалиев жүргізді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале