25.02.2022, 10:30
Оқылды: 435

Ардагерлер ұйымы – өнеге бастауы

Азаматтардың құрылтай жиналысының 2017 жылдың 19 наурыздағы шешімімен «Батыс Қазақстан облысының білім саласы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі құрылып, ауданымызда оның филиалы өз жұмысын бастады. Аталмыш ұйым «Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің 2011 жылғы VI съезінде қабылданған Жарғысы мен Ережесін басшылыққа алды.

Айғаным Мырзагереевамен кездесу

Ардагерлер ұйымы қоғамдық-әлеуметтік мәні зор, алдыңғы қатарда тұратын халықтық жиын. Бұл ұйым ел ішінде орын алған сан-сипат мәселелерді талқыдан өткізіп, кесім шығаратын немесе бір шешімге келіп, жоғары инстанцияға ұсыныс беретін халықтық басқарудың бейресми тұрпаты.

Білім саласы ардагерлері жас жеткіншектерге бағыт сілтеу мақсатында мектепішілік шаралардан қалыс қалып жатырған жоқ. Жылдағы дәстүр бойынша аудан мектептерінде 1 қыркүйек – Білім күніне, ұстаздар мерекесіне, соңғы қоңырау салтанатына ардагер ұстаздар арнайы шақырылады. Қариялар күні, ұстаздардың кәсіби мерекесінде ұдайы ардагер ұстаздармен мерекелік кездесулер өткізуде.

Мәселен, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектепте оқу жылының басында 11-сынып оқушылары ардагер  ұстаздар  Гүлпаран Қажиденова мен  Салтанат Сарбаеваны шақырып, «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып!» тақырыбында сыр-сұхбат бағдарламасы желісінде кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында сұрақ-жауаптармен қатар, әнге кезек беріліп, қызықты ойындар ойнатылды. Жалпы, ұстаздықты өнеге етерлік, тағылымы мол шара болды.  Ұстаздар мерекесіне орай «Ардагер ұстаздарды ұлықтайық!»  құттықтаулар операциясы негізінде, жоғары сынып оқушылары  ардагер ұстаздарды отбасына барып, ыстық лебіздерін жеткізді. Мектеп-бөбекжай директоры Мәншүк Мұхамжарова, ДТІЖО Шынар Сабирова, кешегі шәкірт, бүгінгі ұстаз Жақсылық Базарбаевпен бірге ардагер ұстаз Айғаным Мырзагерееваның шаңырағына барып, «Ұстаз бақытының сыры неде?» тақырыбында сұхбат жүргізілді. Онда шәкірт пен ұстаз арасындағы сабақтастық бағытында пікіралмасулар жүргізіліп, бұрынғы және қазіргі білім беру ісінің айырмашылығы талқыға салынып, ұстаздық өмірдегі  қызықты естеліктер айтылды. Мектеп көшбасшылары жүрекжарды лебізімен өлеңін жеткізді. Мектептерде ардагер ұстаздарға және жалпы мұғалімдер қауымына деген ыстық ықыласты мектеп дәлізіне ілінген қабырға газеттерінен көруге болады. Мектеп мұражайында ардагер ұстаздардың еңбегі айшықталып тұр.

ардагер спортшылар

Ал,А.Құсайынов атындағы ЖОББ мектебінде Каспи Жахатовтың мерейтойына және Мәстура Хабиеваның зейнетке шығуына байланысты мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Дара жол» бағдарламасы өтті. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шараларда да ардагер үстаздарымыз белсенді қатысты. Біріне ұстаз Шәпен Дүйсенғалиев қонақ ретінде  шақырылса, «Елімнің бақытын тербеткен - Тәуелсіздік» атты салтанатты жиында отау құрғандарына 30 жыл болған «Мұғалімдер отбасы - Тәуелсіздік құрдасы» номинациясымен Нұрлыбек Жахатов пен Светлана Хасенова, «Ұстаз жолы - 30 жыл» номинациясымен Нұрсұлу Әмірғалиева мен Қымбат Кенжеғарина, «Еңбек жолы - 30 жыл» номинациясымен Лида Каленбаева, «Тәуелсіздік құрдастары» номинациясымен Алматбек Жахатов  пен Ару Жапаева марапатталды. Аталмыш мектептің зейнет жасындағы мұғалімдері мен қызметкерлері мерекелік шараның құрметті қонағы болып, оларға да құттықтау ашық хаттары табысталды.

Б.Жәнекешев атындағы ЖББО мектебінде де ардагер әріптестердің еңбегін дәріптеу жолға қойылған. Мектеп қабырғасында өткен «Тәуелсіздік жетістіктері» тәрбие сағаттарына ардагер ұстаздар Р.Имашева, К.Қожақова, С.Сейтқалиевалар арнайы келіп, Тәуелсіздіктің жетістіктерін тілге тиек етіп, осы жылдар арасындағы өздерінің үлкенді-кішілі жетістіктерін айтып, сыр бөлісті. Болашақ ұрпаққа білімнің қажеттігін жете түсіндіріп, өз кеңестерін берді.

Мектепте  «Адамдарға қуаныш сыйла!» қайырымдылық акциясы аясында мектеп оқушылары барша зейнеткер ұстаздарға  құттықтау хаттар мен гүлдер таратты. Мектеп түлектері мен мектеп оқушылары «Ұстаз деген жарқын күні ғаламның» тақырыбымен құттықтау бейнероликтерін жеткізді.     Мерейлі жасқа толған зейнеткер ұстаздарға құттықтау хаттарын жолдап, еңбек жолдарын болашақ ұрпаққа үлгі боларлықтай сынып сағаттарымен жалғастырылды.

Мектеп оқушылары қыс мезгілінде Айман Набиғалиева мен Роза Шамелованың аулаларын  қардан тазаласа, жоғары сыныптың қыздары Құрманай Сарсалиеваның үйін әктеп берді.

Мектепте өткен «Ауылымның тарихы» атты зияткерлік сайыстың қонағы аға ұстаз Хайролла Сабиров оқушылардың ұшқыр қиялдарына қанат бітіріп, өлке тарихынан мәліметтерін толықтыра түсті. Ал бастауыш сынып оқушылары зейнеткер ұстаздарға арнап, «Ауылдан шыққан ардақтылар» тақырыбымен  стендтер жасақтады.

 

Айталық,2021 жылдың 15 желтоқсанында "Достық" үйі салтанатты түрде ашылып, аудандық ардагерлер кеңесі, "Нарын шуағы","Луч добра", "Қызыл ай", т.б қоғамдық бірлестіктер мен этномәдени ұйымдар бір шаңырақтың астына тоғыстырды.

index

 2020 жылдың  8 қазанында М.Мәметова мектебінің 2000 жылғы түлектері ұлағатты ұстазға арналған ескерткішті тарту етіп, осылайша ұстазға деген тағзым мен құрметтің ерекше үлгісін көрсетті. Аталмыш жиынтықта қолдарына қоңырау мен бір шоқ гүл ұстаған оқушылар мен оларды білім әлеміне жетелеген ұстазы бейнеленген. Ауылдың ажарын айшықтай түскен бұл ескерткіштің жалпы құны 1 млн 400 мың теңгені құрады.

Тағы бір ескеретін жайт, елімізде «Медиация туралы»  Заң қабылданып, іске асырылуда. Осы заңның шеңберінде  де өркениет көшіне бет түзеген батыл қадамдардың жасалуы біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының  айқын көрінісі екендігін айғақтайды. Ежелден қазақ басын дауға қалдырмауға тырысқан. Туыс-таныстарда белгілі бір даулар туындап жатса оны ресми соттың алдына бармай-ақ ел ағаларына, қоғамдағы беделді ақсақалдардың алдына барып шешіп алатын болды. Осы орайда медиаторлар құрамында да ардагер ұстаздар баршылық.

Ардагерлеріміз спорттық шаралардың да бел ортасынан табылып жүр. Былтыр  спорт күніне арналған «Спорт – жан серігі» атты мерекелік шара өтіп, шара барысында Дүйсен Тінәлиев, Жақсылық Байбеков, Мейрамбек Омарғалиев, Найлягүл Нарбуловалар «Спорт ардагері» медалімен марапатталды.

2021 жылдың 8 қазанында "Мейірбандық күндері" аясында ауылдың үлкендеріне арналып, "Даналықтың ақ туын биік еткен қарттарым" атты мәдени-спорттық шарасы өтті. Онда да дойбы, дартс, үстел теннисі ойналды. Ән шырқалып, мақал, жұмбақ жасырылып, бата берілді. 2021 жылдың  7 желтоқсанында Жәңгір хан мектебінің 180 жылдығына орай мерекелік басқосуда ардагер ұстаздар мен мектеп ұжымының бүгінгі үздік еңбек иелері марапатталды.

Өткен жылдың соңғы күні аудан әкімдігінде аға буын өкілдеріне құрмет көрсетілген мерекелік шара өтті. Аудан басшысы Нұрлыбек Даумов қарияларға аудан төңірегінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспармен таныстырды.  Өз кезегінде шара қонақтары да елдің жайын айтып, мәселелерді ортаға салды.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Бөкей ордасының 220 жылдығына орай Бисен ауылдық Мәдениет үйінің өткізген "Бөкейлік арулармен мақтанамын" атты онлайн деректі бағдарламасы "Озат мұғалім" ,"Өз ісінің үздігі" аталымдарының иесі, ардагер ұстаз Люба Қайсағалиқызы Лайықоваға арналды.

Балалардың бойына адамгершілік қасиеттерді ояту, мейірбандыққа тәрбиелеу, аға буын мен жас толқын арасында жылы қарым-қатынас орнату мақсатында мектеп оқушыларының өзін-өзі басқару ұйымын «Мейірбандық жүректен» атты көмек көрсету акциясы жүзеге асырып, акция аясында мектеп оқушылары ауылымыздағы ардагер ұстаз Сандеш Дүйсенғалиеваның үйіне мекенжайлық көмек көрсетті. Еріктілер ұстазға өз ыстық лебіздерін білдіріп, ер балалар аулада, қыз балалар үй ішінде көмек көрсетті.

«Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген дана халқымыз қашанда қарияларды қадір тұтып, олардың өнегеге толы өмірінен тәлім алған, ақыл-кеңестерін сұрап отырған. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауданымыздағы ардагерлер қауымы жастарға қашанда жол сілтеп, бағыт-бағдар беруден еш жалыққан емес.

Сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында еңбегін құрметтеп, өнеге жолдарын дәріптеу, болашақ ұрпаққа үлгі ету білім саласы ардагерлер ұйымының негізгі мақсаты. Осы ретте келешекте де ардагерлеріміз және аталмыш ұйым өнеге бастауы бола бермек.

Нейлягүл Нарбулова,

білім саласы ардагерлері аудандық кеңесінің төрайымы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале