13.05.2021, 9:37
Оқылды: 148

Әрекетке берекет бар

«Асыл тұқымды малға акцент қоямыз»

Сан емес, сапаны бірінші орынға қою әр кезде өз нәтижесін беретінін сөзсіз. Бөрлілік жеке шаруа Исатай Сисенғалиев те осындай ойда.

- Жалпы мал шаруашылығымен айналысқанымызға 20 жылдан астам уақыт өтті. 2019 жылдан бастап асыл тұқымды ірі қара малымен айналысып бастадық. «Агро несие корпорациясы» АҚ арқылы несие алып Беларуссияданангус асыл тұқымының 409 аналық, Петропавл қаласынан екі қызыл элита және 14 бұқа алған едік. Қазіргі таңда сол аналық малдан 213 бұзау алып отырмыз.

Исатай Сисенғалиев

Биылдан бастап сол асыл тұқымды мал шаруашылығын кеңейтуді жөн көрдік. Бұл жоспарымызды да «Агро несие корпорациясы» АҚ-ы арқылы жүзеге асырудамыз. Биыл 250 аналық алу жоспарланып, қазіргі таңда сол жоспар бойынша жұмыстар қолға алынды. Қазір сол 250 бастың 130-ы жергілікті жерде карантин мерзімінен өтуде. Қалған 120 басты күтудеміз. Сонымен қатар биыл Ақмола облысынан аталмыш асыл тұқымының тоғыз бұқасын алу жоспарлануда. Осы тұста «Неге сол бұқаны үйреншікті Белорус елінен алмасқа?»  деген сұрақ туындары анық. Бұл жерде қан алмастыру мәселесі рөл ойнайды. Берген төлі мықты болу үшін осындай шешімге келіп отырмыз, - дейді ол өз сөзінде.

Мал шаруасынан мығым азаматымыздан «Неге шетелдік асыл тұқымға құмар боп кеттік? Өзіміздің ата кәсіптен мұра боп келе жатқан асыл тұқымды малымызға басымдық бермейміз?» деп сұрадым.

- Мал соңында жүргенімізге жиырма жылдай болды дедім ғой. Сол уақыт ішінде ауданымызда бар мал тұқымын өсіріп көрдік. Мысалыға бәрімізге таныс ақ бас сиырды алайық. Ангус тұқымын көбейтуге көшпес бұрын иелегімізде мыңнан астам ақ бас сиыр болды. Енді ақ басты жамандап айта алмаймын. Дегенмен ангус тұқымының басымдықтарын айта кетсем, жерсінуі оңай өтеді. Бастапқыда «қиыр шеттен алып келгенде жерсінбесе, қып-қызыл шығынға қаламыз ба?» деген күдік басым болды. Уақыт өте келе ангустың біздің топырақты еш жатырқамайтынын көрдік. Екіншіден, салмақты тез жинайды. Қырлық жерге сүтті сиыр өсіру аса бір қолайлы емес. Сондықтан салмақ жақсы қосатын мал асыраған дұрыс. Ал ангус тұқымының аналығы 500 келі болса, бұқа салмағы 800 келіден аз болмас. Бұл бордақыланбаған малдың салмағы.  Сонымен қатар аналықтың төлдеу барысы жеңіл өтеді. Төлдеген сиыр бұзау жатырқамай, емізе береді. Бұзау ембей қалды немесе сиыр суалып кетті деген әңгіме жоқ. Осыны ескересек, әрине, ангус тұқымының ұпайы жоғары, - деп жауап берді.

Ангус тұқымының ет сапасымен бағасын да атап кеткен жөн. Жалпы аталмыш тұқымының еті АҚШ- та өте қатты бағаланады. Көбінесе стэйкке қолданылатын ет біздің елде де сұранысқа енуде. Қарапайым мал етіне қарағанда бағасы әлдеқайда болатыны анық. Енді нақты бағасын айта алмаймын. Сондықтан болашақта қазіргі мал санымен шектелмей, асыл тұқымды мал басын көбейтсек деген ойымыз бар, - деді «Сисенғалиев» ШҚ уәкілі Исатай Сисенғалиев.

«Сапалы өнім – сапалы азықтан»

Мырзабай Боранбаевты аудан халқы малды азаматтардың ішіндегі сауатты әрекет ететін, өз ісінің білгірі деп таниды. Не айтса да ғылыми дәлел, өмірлік тәжірибеге сүйеніп сөйлейтін бұл ағамыздың әр ісінде береке бар.

- Өз басым мал шаруашылығына 2000жылдары келдім. Бастапқы кезде мал санын көбейтуді негізге алсам, қазіргі таңда сол малдың өнімін ел азаматтарына ұсынуды жөн көріп отырмын. Бұл жерде нақты сүт өнімдеріне басымдық беріп отырмын. Малың етті және сүтті болу үшін не керек? Әрине, мал азығы. Дегенмен өзіңіз білетіндей соңғы жылдары мал азығы ауданымыз бойынша күрделі мәселенің бірі. Бірінде жауын-шашынның жетіспеушілігінен  зардап шексек, бірінде киік мәселесі тығырыққа тіреп жатады. Осы жайттардың алдын алу мақсатында егін егіп, мал азығын ойластыруды жоспарладық. Тіпті шындығына келгенде жергілікті жерді 10 жылға жуық зерттедік те. Осы тұста пікірлес жолдасым, ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты Төлеген Бөлековке ерекше алғысымды білдіремін. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қазіргі таңда 500 га жерге егін егіп отырмыз. Нақтылап айтсақ, аталмыш көлемінің 250 гектарына  еркекшөпті (житняк) қара бидай араластырып, 235 гектарға судан шөбін отырғызсақ,10 га беде, қияқы және тағыда басқа шөп түрін эксперимент түрінде ектік.

Мырзабай Боранбаев

- Шөптің нақ осы түрлерін егуге тоқтам жасауыңызға қандай ма бір ерекшеліктері негіз болған шығар? - деп сұрадық.

- Әрине, дақылдарды таңдауда біздің климатқа қолайлысы, тиімділігі мен өнімділігіне назар аудардық. Мысалы, еркекшөп те, судан шөбі де  суғаруды қажет етпейді. Ал біздің климатқа бұл маңызды шарттардың бірі десек болады. Шөптің өнімділігі маңызды дедік, мысалыға судан шөбі егілген бір гектар жерден кем дегенде 30 центнерге жуық өнім аламыз. Егінің бітік болса, тіпті 60 центнердей мал азығын алуға болады. Енді кемшіліктері де бар. Сол судан шөбі бір жылдық болып есептеледі. Ал еркекшөп судан шөбіндей өнімді болмаса да көпжылдық. Сондықтан аталмыш шөптерді қатар егуді жөн көрдік, - деп жауап берді шаруа қожайыны.

- Сіздің бастамаңызды өзге шаруа қожалықтарына насихаттауға бола ма? Сіздің бастаманы қолдаса, олар да тығырықтан шығар жолды табар еді ғой, - деген де сауал тастадық.

- Өз басым насихаттауды жөн көрмеймін. Бұл жерде бірден бастап кету қолдан келе қоймас. Мәселе мынада. Біріншіден, зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Жердің ерекшелігін ескеру керек. Пәлен ауылдағы шаруа судан егіп, еркекшөптен көп өнім алыпты деп, ана қиырдағы шаруа егін еге салмайды. Нәтиже бірдей болмауы әбден мүмкін. Егін шаруашылығы шығыны мол кәсіп. Мысалыға судан шөбі шығу үшін бір гектар жерге 23келідей сол шөптің дәнін егу қажет. Ал еркекшөптің бір гектарына тоғыз келідей дән қажет. Бұл өз тәжірибемдегі есеп. Енді сол дәннің бағасына тоқталсақ, еркекшөп дәнінің бір тоннасы 1 млн теңге тұрады, ал судан шөбі 450 мың. Жалпы 500 гектарға егін егу үшін менде бес тонна судан шөбінің және үш тонна еркек шөбінің дәні кетті. Оған қоса, осы жерді жыртып, егін егіп және күтіп ұстау үшін 1 га жерге кем дегенде 40 литр жанармай кетеді. Көмекшілерің бар. Егін егуге көмекшілікке келген азаматқа 200 мың теңгеден төлеймін деп едім, ешкім келмеді. Сонымен қатар егін еккен жеріңді қоршау керексің. Бес жүз гектар жерді «электронды бақташымен» қоршау үшін 5 миллион теңгеге  жуық қаражат кетті. Бұл жерде арнайы техниканың бағасын айтпай отырмыз. Осыдан-ақ егін егу тәуекелі де, шығыны да мол кәсіп екенін түсіне беріңіз, - дейді Мырзабай Боранбаев.

«Ұрпағыма малмен қоса тал қалдырайын»

Бисендік Ермек Меңдешев бақ егуді қолға алды.

Ермек Мендешев

– Мал шаруашылығымен айналысқаныма жиырма жылдан астам уақыт болды. Жалпы мал шаруашылығы туралы бәрін білем деп айтпасам да, өзіме қажетті нәтижеге жеттім деген ойдамын. «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деген емес пе атам қазақ. Осы сөздерді ескере отыра бақша егуді жөн көрдім. Қазіргі таңда 100х70 метр жеріне 160 түп алма, 20 түп алмұрт талын және 100 түп мақтаншақ терек егіп отырмын. Бұл жерде «Петр І», «Золотой превосход», «Белый налив»және «Красный налив» алма сорттары бар. Әр теректің әр жағынан төрт метр қашықтық сақтап егіп, керекті тыңайтқыш пен терек бастарына қажетті жақпаларын жағып қойдық. Мақтаншақ теректі алма және алмұрт талдарын қорғау мақсатында еккен болатынбыз. Енді қырлық жер болғасын қысы-жазы жел болатыны бәрімізге мәлім. Ал бақшаға ауылдың немесе еркін жайылып жүрген мал кіріп кетпеу үшін арнай қоршауда қойылды. Өткен жылы құдық қазылған болатын. Суы тұщы. Енді үш тонналық екі цистерна қою жоспарда. Бұл енді тек бастапқы жұмыстар. Болашақта ауданымыздағы ең көлемді бақша осы Бисен ауылында болса деген жоспарым бар. Әрине, уақыты келе бақшаның өнімін сатып ақша табуға болады. Дегенмен, ең бастапқы мақсат туған жеріме құны бар бір нәрсе қалдырсам, осы бақша ауылымның көрнекі орындарының бірі болса екен, - дейді мал бағудан бақ егуге көшкен Ермек Меңдешев.

 

Еркебұлан Бисенғалиев,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале