20.07.2020, 9:45
Оқылды: 123

Әрі әнші, әрі бағбан 

Өнерді жанына серік қылған, ән айтып, киелі сахнада талай мәрте актерлік қабілетімен аудан, облыс халқына танылған Нәрік Дүйсеновті танымайтындар жоқтың қасы. Бала күнімізден Нәрік ағамыздың табиғи талантына тамсанып, еліктеп өскенімізді қалайша жасырамыз.

EA478878-DA5E-445B-99E1-F0EBADB237B7

90-жылдардың ортасында қазақтың рухын көтеріп, намысын асқақтатқан «Ғасырнама» әнінің де алғаш орындаушыларының бірі – Нәрік Дүйсенов болғанын аудан жұртшылығы жақсы біледі. Тек сол кезде талантты өнерпазды қолдайтын қалталы азаматтар табылмай, республикалық «Жас қанат» байқауына бара алмай қалған болатын. Бірақ өмірде сағы сынбаған азамат кіндік қаны тамған ауылынан кетпей, қазіргі күнде аудандық С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында жемісті еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп жүр. Республика жұртшылығына әнімен, өзіндік стилімен танылған өнер жұлдызы Дәурен Сейітжанов: - Нәрік ағам, өнерге алғаш қанат қақтырған ұстазым,- деп айтқанын да талай мәрте естідік. Бүгінде әкесінің жолын қуған үлкен ұлы Самғат та сахнада өнер көрсетіп жүр. Міне, Нәрік Дүйсеновтің өнер жолындағы өнегелі өміріне қысқаша шолу жасадық.

F8CDE03F-C490-4788-BDD3-7CBCA095AC5C

Бәрімізге белгілі әнде: «Тамаша тамаша емес бірақ та ол, Бір мезгіл кетпен-күрек ұстамаса» деп жырлағандай, Нәріктей өнерпаз азаматтың тағы бір кәсібі – бағбандық болып тұр. Қолындағы микрофонымен қатар кетпен-күрек ұстап, қойнауы құтқа толған Сарыөзен бойынан жер алып, екі жылдан бері бақша егіп жүрген Нәрік ағамыздың бағбандық кәсібі туралы жазуды жөн көрдік.

D221D81C-3446-436D-A214-8C7E251788C6

Апта бойы алаулаған, шілденің шіліңгір ыстығы қайтқасын, кешкісін Нәрік Алмасұлының Сарыөзеннің бойындағы бақшасына барып қайттық. Бұрын қалайша байқамағанымызға таңданып, өзеннің ортасында түбек сияқты айналасын су қоршаған шағын ғана алаңқайда қияр, асқабақ, қауын-қарбыз жайқала өсіп жатыр. Ерінбей еңбек еткен жанның бұл жерді болашақта жандандырып жіберері анық. Бақша басында жүрген Нәрік ағамызбен тіл қатыстық.

-Өзен жағасындағы мына бір жерді бала күнімнен бері көріп жүрдім. Тайлай рет өзен жағасына келіп, балық аулайтынмын. Сол кезде: - Осы жерге бақша ексе қалай болар екен?- деп ойлайтынмын. Қазір жасым 50-ге келсе де бүгінге дейін бос жатқан жерді игерген адамды көрмедім. Құдайдың өзі осы жерді маған сақтаған шығар, былтыр жерді рәсімдеп, бақша егуді бастадым. Бірінші жылы еңбегіміз зая кетпей, біраз өнім жинап ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен саттық. Енді биыл 1 гектар жерге қияр, асқабақ, қауын, қарбыз егіп отырмыз. Өзеннен су соратын сорғы да сатып алдық. Бақшағадағы дақылдарды шығару – бесіктегі баланы бағып-қағумен бірдей. Ерінбей еңбек ету қажет. Біздер жанұямызбен таңғы сағат 5-6-дан бастап бақшаның басынан табыламыз. Содан күн байығанша тыным таппаймыз. Атыздарды тазалаймыз, арам шөбін жұламыз, су жібереміз дегендей, тірлік көп,-дейді бағбан. Бағбандық кәсіпті меңгерген Нәрік Дүйсенов барлық жұмыстарды өз қаражатына атқарып жүргенін де жеткізді. Бақша дақылдарын өсіруде ең қымбаты дақылдардың тұқымдары екенін де тілге тек етті.

- Иә, адамға ата-анасы тарапынан берілетін ең жақсы тәрбие – баланы жастайынан еңбекке баулу, оған ащы тердің де тәтті дәмі болатынын сезіндіру. Үйдегі балаларымды бақша басына әкеліп, еңбекке араластырып жүрмін. Әсіресе үлкен ұлым Самғаттың қызығушылығы жоғары. «Балапанды күзде санайды» демекші, ерінбеген адамға осы құнарлы жерден күзде 1 млн. теңге қаражат табыс табуға болады. Қазірде көп адамдар істеп жүрген қызметін, не болмаса таңнан кешке дейінгі отбасын асырау үшін жасап жүрген жұмысын сылтау етіп, үйіне келгенде шөптің басын сындырмайтын жалқау болып алды. Айтатын уәждері дайын: «қол тимейді», «жұмыстан шаршап келдім». Ал мен керісінше, жұмыстан шаршап келгенде осы аядай бақшаға келіп жарты сағат қимылдасам шаршағаным басылып, әжептәуір демалып қаламын.

Бақша өсірудегі тағы бір мәселе – кәдімгі дала қояндары тыным бермейді. Дақылдар керемет жайқалып, түйнек салып жатыр. Қояндар түйнектерді жеп қояды. Қоянды аулауға, атуға да болмайды. Шамамыз келгенше қоянды бақшаға жақындатпауға тырысамыз. Сонымен бірге ауылдың малы да бақшаның жауы. Бағылмайтын малды айтпағанда бағымдағы малдың өзі бақшаға түсіп, маңдай тер еңбегімізді таптайды. Күн ұзаққа мал айдаудан қолымыз босамайды. Мал ұстаған ағайынға айтарым, төрт түлік малдарын бағып ұстаса екен,- деген назын да жеткізді Нәрік ағамыз.

Еңбектің қадірін біліп, жерден напақасын тауып отырған азамат болашақ жоспарларымен де бөлісті. Алдағы уақытта бақшаның айналасына жеміс теректерін егіп, жеміс бағына айналдыру. Тағы бір ойдағы шаруасы – құс өсіру. Бақшаның айналасын су қоршағандықтан бұл шаруаның оқсайтын түрі бар. Былтыр бағбан қаз бен үйрек сатып алып, күзге дейін өсірген болатын. Нәтижесі жаман болмапты.

 Еңбек – түбі береке. Еңбек адамның табиғи жетістігі болып табылады. Бүгінде талмай еңбек етіп, жемісін көріп отырған Нәрік Дүйсеновтің ісі көпке үлгі. Еңбек етіп, талпынған жан еңбектің жемісін көреді.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале