12.04.2022, 9:30
Оқылды: 75

Арманына жеткен жан

Әлемдегі ең маңызды да мерейлі мамандықтардың бірі – дәрігер. Ақ желеңді абзал жан деген теңеу де осының айғағы. Науқастанып, жаныңыз қиналғанда дертке шипа беретін де – осы мейірбан адамдар. Саналы ғұмырын медицинаға арнаған сондай азаматшалардың бірі – Роза Еркеғалиева. 

49

Роза Жұмахметқызын Орал өңірінде білмейтін адам кемде-кем. Жоғары санатты һәм білікті де тәжірибелі дәрігер 35 жылдан бері медицина саласында жемісті еңбек етіп келеді.

Әйел болса да, адам өміріне араша түсу кезіндегі кейбір қиын сәттерде ерлерден кем түскен жері жоқ. Өйткені ол үшін науқастың дертіне дауа, сырқатына шипа табылып, айығып кетуіне куә болудың өзі – бір  бақыт.

Роза Жұмахметқызы 1961 жылы Бөкей ордасы ауданына қарасты Мәншүк Мәметова кеңшарында көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Жұмахмет кеңшарда бөлімше меңгерушісі болып елеулі еңбек етсе, анасы Оңай үй шаруасында болды. Роза кіндіктен сегіз ағайынды.

Кейіпкеріміз кішкентай кезінде әжесінің тәрбиесінде өседі. Әжесі оны бауырына басып, қазақы тәлім-тәрбие беріп, еңбекке ерте баулиды. Бар тәттісін аузына тосып, бар мейіріміне бөлей білген әжесі Айғанымның да немересі Роза дегенде көңілі алабөтен еді. Роза да ақ әжесін ерекше құрметтеп, ол ауырса бірге қиналатын-ды. Күндер өте келе, әжесінің аурушаңдығы оқушы Розаға әсер етпей қоймайды. Әжесі мен бауырларының аурудан қиналғанын әрі ауылда дәрігер тапшылығын көрген Роза 6-сыныптан бастап алдына үлкен мақсат қойды. Ол сабақты жақсы оқып, болашақта антына адал ақ халатты абзал жан болуды армандайды. Сөйтіп, орта мектепті тәмамдағасын медицина саласын меңгеруге оқуға аттанады. Ол, ең алдымен, 1981 жылы Орал медициналық училищесін қызыл дипломмен бітіріп келіп, туған ауылында акушер-гинеколог болып алғашқы еңбек жолын бастаған. Кейін Ақтөбе медициналық институтына жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1987 жылы аяқтаған. Одан әрі еңбек жолын Орал қалалық №4 емханада учаскелік терапаевт дәрігер боп жалғастырған. Содан кейін аталмыш емхананың терапия бөлімшесінің меңгерушісі қызметін абыройлы атқарған. 1997-2005 жылдары аралығында облыстық көпбейінді аурухананың 4-терапия бөлімшесінде еңбек етсе, 2005-2016 жылдары аралығында аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары болған. 2016 жылдан бастап күні бүгінге дейін облыстық көпбейінді ауруханадағы 4-терапия бө-лімшесінің меңгеруші әрі емдеуші дәрігері болып қажырлы қызмет етуде.

Роза қарындасымызға ұқсағысы келетін жас мамандар да өте көп. Себебі ол – өз ісіне адал, жұмысына берілген жан. Талапшыл, бірақ мейірімді. Сонысымен еңбек жолын енді бастаған ізбасар әріптестеріне үлгі.

Роза Жұмахметқызы – аяулы жар, ардақты ана. Әйел бақытының не екенін   жақсы түсінеді. Бүгінде өңірдегі іскер де белсенді жандардың бірі. Талай жанның өміріне араша түсіп, ерлікке пара-пар қызмет атқарып жүр.

Шыны керек, Розаның емін алып, өлім аузынан қалған қарияның бірімін. Оның науқас адаммен тілдесуі де – бір  ғанибет. Осындай білікті де тәжірибелі дәрігердің еткен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Роза халқына сіңірген еңбегі үшін Қазақстанның «Үздік дәрігері» төсбелгісімен және ҚР Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Өз мамандығын жетік меңгерген Роза «Адам жанының арашашысы» деген ардақты атауға әбден лайық. Қызметін адал атқарып, халықтың алғысына бөленіп жүрген Розаның аялы алақаны мен мейірімі, кәсіби біліктілігі әр науқастың дертіне шипа сыйлайтыны сөзсіз. Розаға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, мол табыс тілеймін!

Қалимулда Зинуллин,

Жаңақала ауданының құрметті азаматы,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале