20.03.2022, 18:00
Оқылды: 50

Асанда өтті үлкен той

Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық округіне қарасты Асан ауылының аспаны таң сәріден әсем әнге бөленіп, ел тойға жиылды. Ауыл мешітінің алдына қазан асылып, киіз үй тігілді. Қой сойылып, жеңгейлер бауырсақ пісіру қамына кіріссе, жастар жағы ән айтып, би билеп, арнайы құрылған алтыбақан қасына топтасты.

IMG-20220320-WA0062

Тойға жиналған ағайын бір-бірін Ұлыстың Ұлы мерекесімен құттықтап, құшақ жая амандасып жатты. Елдің екі жылдан бері тойланбаған Наурыз мерекесін сағынғаны байқалды.

IMG-20220320-WA0052

Той қызып, ел көңілі көтерілген шақта ортаға Асан мешітінің имамы Мұратбек қажы Жахатов көтеріліп, ел амандығына құран бағыштап, той тойға ұлассын, мемлекетіміз өркендей берсін деген ақ батасын берді.

IMG-20220320-WA0065

Кейін сахнаға өнерпаздар көтеріліп, онсыз да мерекелік көңіл-күйде жүрген ағайынның көңілін одан сайын серпілтті.

- Қазақ қазақ болғалы Ұлыстың Ұлы күнін тойлап келеді. Өкінішке орай әлемді аты жаман ауру шарлап, тойымыздан қарамыз көбейді. Ел болып атқарған сақтық шаралары мен азаматтарымыздың жауапкершілігі арқасында өңіріміз жасыл аймаққа еніп, біртіндеп қалыпты өмірімізге оралдық. Соның арқасында наурыз тойын тойлап, ел іші үлкен қуанышқа бөленді. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Еліміз көркейіп, дами берсін,-деді мичуриндік ағайынның қуанышна ортақтаса келіп, ақ тілегін білдірген аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

IMG-20220320-WA0053

Одан соң ауыл ақсақалы Насиболла Түменов ақжарма тілегін арнап, жиылған ағайынға ақ батасын берді.

IMG-20220320-WA0054

Ауылдық округ әкімдігі мен жергілікті кәсіпкер ұйымдастырған Наурыз тойында жергілікті тұрғындарға тегін бауырсақ пен палау таратылды.

IMG-20220320-WA0059

IMG-20220320-WA0057

Сондай-ақ арқан тартыс, қол күресі, гір тасын көтеру және қой көтеру сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайыстар оздырылып, үздік шыққан жігіттерге бағалы сыйлықтар тарту етілді.

IMG-20220320-WA0043

IMG-20220320-WA0050

Округ әкімі Максим Мусалимовтың айтуынша, әкімдік ел үшін Наурыз тойын тойлауды жоспарлағанын айтқан бойда жергілікті кәсіпкерлер ол ұсынысты бірден қабыл алып, қолынан келген көмектерін ұсыныпты. Әсіресе Марат Асанов жетекшілік ететін «МарЭл» ЖШС және аудандық мәслихат депутаты Бекболат Шканов жақсы көмек көрсеткен.

IMG-20220320-WA0056

IMG-20220320-WA0070

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале