28.04.2021, 0:18
Оқылды: 95

Асқардың асуы

Асекеңді отызға жете қоймаған шағынан білеміз. Содан бері бір басылымда күні кешеге дейін бірге қызметтес болдық. Оған да 30 жылға жуық уақыт болды. Алты айдай ғана үлкендігі болмаса, бел құрдаспыз. Содан шығар, Асқар туралы біраз білемін деп ойлайтынмын. Бірақ көп білмейді екенмін. Асекең өзі жайында шешіліп ештеңе айтпайды, көсіліп сөйлеуге әуестігі жоқ. Қашан да парасатты, байсалды мінезінен ауытқыған емес. Газетке қызмет етуге әркім әр түрлі жолмен келеді. Біреулер бала кезінен жазуға икемді болады. Басқа қызметті қаламай, ризығын газеттен тапқан өзіміз сияқты филолог әріптестеріміз де жетіп артылады. Енді біреулер басылымға көлденең кіріп алады. Алайда олардың газеттегі өмірі тым ұзаққа бармайды. Күндердің күнінде арты ашылып, басылымның бақшасында батпақтап қалады. Тағы біреулер газетке бірден әдеби қызметкерге тілші болып емес, ондағы басқа да «асханалардан» өтіп, басылымдағы тілшілердің жазғандарын оқып, үйрене жүріп, өздігінен жазу кәсібін меңгеріп алады. Асқарды осы соңғылардың қатарына қосамыз.

CD1ED8E9-DED8-4615-AE83-3E95F67C6752

Көп білмеймін дегенім, ашылып сөйлемейтін. Оны ептеп әңгімеге тартқанымызда, біз біле бермейтін тұстары да бар екен. Құсайыновтар отбасынан тараған тоғыз ұл-қыздың ең үлкені осы Асекең болып шықты. Ол Орда ауылындағы М. Горький атындағы орта мектепті бітірген соң, кеңшарда жұмысшы болып істепті. Көп ұзамай азаматтық борышын өтеуге шақырылып, әскери теңіз флотында, дәлірек айтқанда, Мурманск облысының Североморск қаласында атом сүңгуір қайықтарының флотилиясында үш жыл қызмет етті. Әскерден келгесін екі жыл туған ауылында аутокөлік жүргізушісі болып жұмыс істеді. Ұмытып барады екенбіз, оның әскери қызмет атқара жүріп, Ленинград қаласындағы А. С. Попов атындағы радио училищені бітіргені тағы бар. Ордада аутокөлік айдап жүрген оны 1981 жылы аудандық «Орда жұлдызы» газетінің сол кездегі редакторы, марқұм Хамит Сүлейменов корректорлық қызметке шақырады. Екі жылдан кейін көршілес Жәнібек ауданындағы «Октябрь туы» (қазіргі «Шұғыла») газетіне ауысып, әуелі корректор, сосын әдеби қызметкер болып істейді.

– «Орда жұлдызы» газетінде қызмет істегенімде редакцияға облысымыздың аудандарында шығатын басылымдар апта сайын арнайы жіберіліп тұратын еді, – дейді Асекең. «Солардың ішінен маған «Октябрь туы» газетінің полиграфиялық безендірілуі, ішіндегі мақалалар мен очерктердің, суреттемелердің сапалы жазылуы ұнайтын. Сосын өзім сұранып, Жәнібек ауданындағы газет редакциясына қызметке келдім».

Оның Жәнібек ауданындағы газетке қызмет істегеніне биыл  тұп-тура 38 жыл толады. Газет редакциясына жұмсақ, биязы мінезімен ақырын езу тартып, күлімсіреп келіп орналасқан балаң жігіт бүгінде шашын ақ қырау шалып,  зейнет жасына толған шағына жетіп отыр. Жұбайы Меңсұлумен бірге бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде балаларының бәрі де өз қолы өз ауызына жетті.

А. Құсайынов – 1987 жылдан бұрынғы КСРО Журналистер одағының, қазіргі Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Аудандық газеттегі корректорлық қызметте басылымның әрбір сөзі мен сөйлем құрылысындағы, әрпіндегі, үтір-нүктесіндегі қателерді түзете жүріп, қалам ұштап, мақалалар мен очерктер, суреттемелер жазуға төселді. Баспасөз саласында шығармашылықпен еңбектенді, журналистиканың жанрынан өзінің қолтаңбасын іздеді. Оны тапты да. Ауыл өмірін жазу, ондағы еңбекпен айналысатын малшы-шопандар, механизаторлардың жұмысын көрсетіп қана қоймай, олардың ішкі дүниесіне бойлауының нәтижесінде бірнеше циклді мақалалары мен очерктері дүниеге келді. Ондай жазбалары айта берсек көп. Оның еңбегі қай кезеңде де еленді. Екі ғасырдың тоғысында аутокөлік жүргізуші Жұмабай Ахетов, Қазақстан Республикасының спорт шебері, палуан Мәди Құрақов туралы жазған мақала-очерктерін сол мақалаға кейіпкер болған жандар, қалың оқырмандар кезінде сүйсініп оқыды, қазір де ұмытпайды. Айтпақшы, Асекеңнің 1994 жылы егін орағы науқанында белсенді еңбек еткен жас механизаторлар мен аутокөлік жүргізушілерін баспасөз бетінде көрсеткені үшін «Үздік мақала авторы» атанып, облыстық жастар ісі, «Парасат» қоғамы және облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Ұрпақтар үндестігі» атты байқауда лауреат болды.  

Сөз басында айтылғандай, өз шығармашылығы жайында тіс жармайтын әріптестеріміз болады. Мұны айтары жоқтығынан емес, қарапайымдылығынан деп түсіну керек. Асқар да солардың санатынан. Қай мақаласын қалай жазғанын, қай ауылға барғанда кімдермен сөйлескенін ежіктеп еске салып, кәсібін қызықтап, әріптестерін әңгімеге тартқанын да көрмеппіз. Асекең осынысымен де басқалардан биіктеңкіреп тұрады. Оны сөзге сараң, тілге жұтаң деп те айта алмайсың. Реті келгенде айналасын өзіне тарта қызықты әңгімелер айтады, әзілдегенде қылыштай кесіп түседі. Шатып-бұтып, көп жазып, көбік езбейді, апталап жазбай кететіні тағы бар. Бұл екі ортада ай қарап жүрмейді, газеттің күнделікті қара шаруасынан қолы босамайды. «Шұғыланың» қара шаңырағында жауапты хатшы болып қызмет атқаратын Асқар Құсайыновтың аудандық газетке сіңірген еңбегі мол.

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале