27.04.2023, 17:01
Оқылды: 103

Әскерге бару Отан алдындағы борыш

Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз. Өзін ер-азаматпын деп санайтын кеудесінде намысы, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы. Халқымыз еліміздің Қарулы Күштеріне сенеді және мақтан етеді. Сондықтан әр қазақ азаматының Отан алдындағы борышын абыройлы өтеуі оның азаматтық міндеті. Осы орайда, Бәйтерек және Тасқала аудандарының Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы подполковник Қуат Мателиевке жолыққан едік.

әскер фото....

Қуат Досымбекұлының айтуынша, 2022 жылдың көктем-күз айларында шақырылған Тасқала ауданының 25 азаматы Отан алдындағы борышын өтеуде. Оған қоса қазіргі таңда екі азамат Санжар Дауылбаев пен Нұрланұлы Дарын ҚР әуе қорғаныс күштерінің әскери институтында оқып жатыр. «Қай заманда да, Отан қорғау әр Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып саналады. Еліміздің қауіпсіздігін қорғау мақсатында кез келген ер азамат Отанын қорғауға дайын тұруға міндетті. Сондықтан ер азамат елінің тыныш ұйқысы мен шынайы күлкісін сақтауды Отан алдындағы борышы санауы қажет. Жылда әр аудан әкімінің қаулысына сай бізде әскерге шақыру жұмыстары уақытылы жүргізіліп тұрады. Әскерге 18-27 жас аралығындағы азаматтар шақырылады. Қазір көктемгі әскерге шақыру кезеңіне жеттік. Ағымдағы жылдың көктемінде Тасқала ауданынан 20-ға жуық азаматты әскерге жіберу көзделіп отыр. Қазіргі таңда сегіз азамат әскерге аттанып үлгерді. Жалпы жастардың әскери өмірге қызығушылығы жаман емес. Әскерге қызығушылығы әр түрлі, кейбірі десанттық шабуылдаушы, кейбірі шекара қызметіне қызығушылық танытып жатады. Алайда арамызда шақыртуға келмей, қашып жүретіндері де болады. Ондай азаматтарға айтарым Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 387 бабына сәйкес бір жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар 200 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін»,-дейді подполковник Қуат Мателиев. Айтып кетсек, жастарды әскери өмірге қызықтыру, әскери патриоттық тәрбие жұмыстарын жақсарту мақсатында жыл сайын ауданда қыркүйек айынан келесі жылдың мамыр айына дейін аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен "АЙБЫН", жыл сайын мамыр айында әскери-далалық жиындары және төменгі сынып оқушыларымен жас жол жүру инспекторларын іріктеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.

«Бүгінгі таңда әскерге шақырылған азаматтың денсаулығы, дене бітімі, психологиялық жағдайы толықтай сапалы тексеріледі. Қазіргі уақытта әскерге жарамай қалатындар да болады. Олардың себебі шақырылушылар дер кезінде емдеу мекемелеріне қаралмайды. Ұялы телефонда немесе ғаламтор желісінде көп отырады. Одан қалса фастфуд тағамдарын көп қолдануына байланысты жарамсыз болады деп ойлаймын. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің әскери командаларына өтетін азаматтар полиграфиялық зерттеуінен өтеді. Әскери ЖОО түсемін деген жастарға ҚР Құрлық әскерлерінің әскери институтын, ҚР Құрлық әскерлерінің радиоэлекторника және байланыс әскери инженерлік институты, ҚР Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты және ҚР әскери колледжін ұсынар едім. Бұл оқу орындарын бітіргеннен кейін офицер шені беріліп, міндетті түрде жұмысқа орналасады. Егер аталған оқу орындарына оқуға түсуге, әскери адам атануға ниетті азаматтар болса бізге хабарласып кеңес алуға болады. Қастерлі отанымызға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы емес пе? Сайдың тасындай сайыпқыран сарбаздарымыз барда қазақ елінің көк байрағы мәңгілік желбіреуі тиіс»,-дейді Қуат Досымбекұлы. Ендеше, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қарулы күштеріміздің қуаты нығайып, айбыны асқақтап, даңқы арта берсін деген тілек білдірер едік.

Әскер фото

«Мен 2022 жылы әскерге аттандым. Сапарға 20 бала аттандық. Шақырудан кейін мен Жамбыл облысындағы (ОТАР) гвардия ПГТ 30212 ә/б мотоатқыш әскери бөлімшесіне алындым. Онда оқу-жаттығу жиыны өтіп мен БМП-2 механик-жүргізуші мамандығы бойынша оқыдым. Алғаш рет қолыма нағыз қару алып, АК-74-тен атуды, БМП-2 оқу бронедромында жүргізуді үйрендім. Жаттығулар Отар оқу полигонында өтті. Отардағы 30212 ш/б-да 6 ай оқудан өткеннен кейін, қызметтің тамаша өткендігі туралы Алғыс хат алдым. Осыдан кейін мені Өскемен қаласына 27943 ә/б Ново-Ахмирово әскери гарнизонына жіберді. Онда мен демобилизацияға дейінгі қалған алты ай қызметімді өткіздім. Бір жылдық әскери өмір бізді әбден шыңдады», – дейді жақында ғана әскерден келген Әділет Беркалиев.

Болат Бек, 

Тасқалау ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале