7.03.2025, 10:00
Оқылды: 416

Аспанға ғашық Эльмира

Телеэкраннан сүйріктей сұлу қыздардың “Қазгидрометтің болжауынша…” - деп басталатын ауа - райы топтамасын әркім - ақ көрген болар. “Ертең сынап бағанасы … ” - деп сайраудың арғы жағында метеостанциялардағы мамандардың зор еңбегі жатқанын түйсіну қажет. Ал, сондай метеостанцияның бірі Жымпитыда тұрғанын сіз білесіз бе?! 

IMG_9269

Метеорологиялық cтанса– атомосфералық өзгерістерді бақылап отыратын мекеме. Негізгі міндеті метеоролиялық құбылыстардың белгілі бір мерзім ішінде өзгеруін анықтау. Ғылыми анықтамасы осылай.

Жымпитының шетінде шағын сары үй барын, жанындағы алаңқайда ауа - райын бақылайтын сорайған құрылғылардың тұрғанын көзіміз көріп жүр . Міне, ауа - райын бақылайтын мамандар осы мекемеде еңбек етеді.

Жымпитыдағы станцияның тарихы біз ойлағаннан тереңде болып шықты.

IMG_9305

“Қазгидомет” РМК ресми сайтында:

-Қазақстанда ауа райын бақылау екі ғасырға жуық уақыттан бері жүргізіліп келеді және бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысында ғасырлық бақылау тарихы бар бірнеше станция жұмыс істейді.

Батыс Қазақстан облысындағы Жымпиты метеорологиялық станциясы 1897 жылғы 1 шілдеде Переселендер Басқармасы негізінде ашылған. Станцияның 128 тарихында бақылаулар тек екі рет үзілді. Бірінші үзіліс екі жылға созылды. 1902 жылдан 1904 жылға дейін деректер тіркелген жоқ. Екінші үзіліс 1912 жылы болды.

Қолданыстағы классификацияға сәйкес станция II санат бағдарламасы бойынша жұмыс істейді.

Жымпиты кенті Каспий маңы ойпатының шөлді-далалық аймағында, жалпы сырттың оңтүстігінде орналасқан. Мұндағы жер бедері жазық, іргеде Өлеңті өзені ағып жатыр. Жер асты суларының деңгейі 3-4 метр. Жер асты суларының тереңдігі метеостанция аймағында да анықталды. 1932 жылы метеостанция Жымпиты кентінің орталығына, ашық тегіс жерге көшірілді. Ал 1972 жылы әуежай ауданына ауыстырылды.- деп жазылған.

Әуежай ауданы дегені – Абай көшесінің арғы жағы, У. Шоқанов атындағы көше тұрған тұс. Жарты ғасыр ішінде Жымпиты ірі ауылдан іргелі кентке айналды. Қазіргі уақытта метеоалаңның ауыл ортасында қалу қаупі бар.

IMG_9307

Жымпиты метеостанциясымен өмірін бірге өрген жанның бірі – Эльмира Бахметова. 1988 жылы Жымпиты орта мектебін бітірген бойжеткен келесі жылы станцияға жұмысқа тұрды. Уақытшаға ғана. Бірақ, табиғаттың тылсымына құштар көңілі оны сәл үзілістен кейін қайтадан флюгердің астына алып келді. Айта кетейік, флюгер – желдің бағыты мен жылдамдығын анықтайтын аспап.

Мойындау керек, Эльмира метеорология мамандығы бойынша арнайы білім алған жоқ. Бірақ, станцияны біраз жыл басқарған Саку Валитов оған адал ұстаз бола білді. Валитов жас маманды баулыды, оған университет бере алмайтын  табиғатпен тілдесу ғылымын үйретті. Қазір Саку қарт та, кемпірі де қырдың басынан мәңгілік орынын сайлаған. Көзі тірі уағында әжейдің дастарханынан дәм татып, Алашорданың соңғы қайраткері Әлмұхамбет Оспановтың ат арбасының делбесін ұстаған баламен жиі әңгіме айтушы едік. Үйінің маңдайында флюгер айналып тұратын. Саку қарт қолымен бетін күннен көлегейлеп желқалақшасына жиі қарайтын. Эльмира ханыммен әңгімелесіп отырып осы жайлар еске түскені...

Бахметова үшін күн райын бақылау – жалықтырмайтын, сүйікті жұмыс.

- Метеостанцияның бақылаушылары кезекшілікпен қызмет етеді. Кезекші бір тәулікте метеоалаңқайға 8 мәрте барып, деректерді тіркейді. Жинаған ақпаратын әр 3 сағат сайын Орал қаласындағы станцияға жолдайды.

Міне, 30 жылдан асты, станцияда еңбек етудемін. Маған сеніңіз, табиғат сондай бірегей туынды. Күндер бір – біріне ұқсамайды. Әр күннің, тіпті әр сәттің өз ылғалдылығы, өз температурасы бар. Аспанға салынған «ұлы сурет» бұлттар қандай сұлу? Бір – біріне ұқсайтын екі бұлтты таба аласыз ба? Міне, жаратылыс осындай мінсіздігімен жанды баурайды. Адам жаны сүйген қызметтен шаршамайды. – дейді кейіпкеріміз.

Эльмира ханым бүгінде «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы, Жымпиты метеостанциясының басшысы. Мұрат Ергарин, Фаат Халитов, Геннадий Белкин секілді мамандардан кейін «сары үйге» ие болу Эльмираға бұйырыпты.

Атмосфераның және жер үстінің жағдайын бақылайтын кешенде  Серік Купешов, сонымен Бақыт Сисенова, Самал Дүйсенова, Венера Әлжановалар бақылаушы болың еңбек етеді. Бақыт Сисенованың станция қабырғасында жүргеніне 21 жыл болған.

Үйдің іші – сырты толған жабдық. Ал, метеоалаңқай небір өлшегіш құралдан самсап тұр. Мысалы, желдің қуаты, бағыты қазір флюгермен емес, аннеморумбометрмен өлшенеді. Біз барғанда аппарат тілі 196 деген санды көрсетіп тұрды. Оңтүстік – батыстан соққан жел секунды 9 метрмен ұйытқуда екен.

Метеоалаңда термометрлі және гидрометрлі психрометрлік үйшіктер, желді, жауын – шашынның деңгейін, көлемін өлшейтін аппарат, топырақ термометрі және гигрометр, тіпті біз атауын білмейтін жабдықтар өз жұмыстарын жасап тұр. Олармен «сөйлесетін» - Эльмира мен оның әріптестері.

- Метеоролог болу үшін – физика мен математикаға, географияға жүйрік болу керек. Ақпараттың бәрі санмен, формуламен бедерленеді. – дейді олар.

Бір ғана ер адамы бар, дені нәзікжандылардан құралған ұжымның аса бір қажыр жұмсайтын жұмысы - қар өлшеу. Цилиндр мен таразыны, шағын қалақты арқалап, 2 шақырым аумақты жаяу жүріп, 10 нүктеден қар сынамасын алу – бақылаушының міндеті. Қар өлшеу қыс айларында 10 күнде бір, ал көктемде 5 күн сайын жүргізіледі. Биіктігі, салмағы, тығыздығы – бәрі есепке тіркеледі.

Күннің бәрі шуақты бола бермейді. Аязда, ызғырықта белуардан қар кешіп жүретін күндері болады жымпитылық метеорологтардың. Кейде төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің қызметкерлерімен бірге шығады.

Ақыры барғасын, биылғы қыстың көрсеткіштерін сұрадық. Эльмира Бахметова тіркеу дәптерін ашты:

- Биыл қардың қалыңдығы – 19 см. Тығыздығы – 0,32 кг/м3. – деді маман.

Жердің тоңы айтарлықтай терең емес екен, 79 см. Ал, 2023 жылы тоң 119 см – дейін тіркелген. Жер бетіндегі мұздың қалыңдығы 1,5 см құрап отыр.

IMG_9279

- Көктем қашан шығады? – деген сауалымызға:

- Қыстың созылып жатқаны көзге көрініп тұр. Біздер болжам жасамаймыз, тек күн деректерін тіркейміз. 2024 жылы тоң 7 сәуірге дейін тұрды. Тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, сырымдықтар көктеммен сәл кешірек қауышуы мүмкін. – дейді Эльмира Бахметова.

IMG_9272

Метеоалаңмен танысып келе жатқанымызда көкке қарай қараған ол:

- Мынау стратус тобына жататын бұлт. Жылы және суық ауа ағындарының беттесуінен пайда болады. Бұл бұлт - көктемнің хабаршысы! – деді аспанға ғашық Эльмира

P.S. 23 – наурыз күні метеорологтар кәсіби мерекесін атап өтеді. Табиғат тамыршыларының мейрамының күн мен түн теңелетін, тіршілік балансқа бөлейтін Наурыз мерекесімен тұспа – тұс келуі тегін емес те шығар.

Айтқымыз келгені, біз бұл саланың өкілдері жайлы білмейді екенбіз. Сөйтсек, үзіліссіз, гринвичтік уақытпен еңбек ететін Жымпиты метеостанциясының қызметкерлері не үшін салтанатты шараларға шақырылмайды, неге марапаттарға ілікпейді деген сұрақ көлбейді көңілде.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале