17.05.2022, 11:29
Оқылды: 225

Асылбекке арналған мүшәйра

Асылбек Ишанов десе құйрықты жұлдыздай ағып өткен, талантты айтыскер көз алдымызға келеді. Иә, бар болғаны 22 жасында ғұмыр сапары таусылғанымен көпшілікті талантымен таңдай қақтырып, өзін мойындатқан шын жүйріктен жерлестері үлкен үміт күтетін...

8CFC18BF-76CC-498D-BBCE-85A87E313CDA

Биыл өмірден өткеніне 15 жыл уақыт болған Асылбек ағамызды еске алуға небір іс-шаралар, айтыстар мен сан мәрте мүшәйралар өткен болатын. Соның жалғасы іспетті Жаңақала аудандық білім беру бөлімінің ұйытқы болуымен Жаңажол ауылдық мәдениет үйінде Асылбек Ишановты еске алуға арналған «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты аймақтық мүшәйраның куәсі болдық.

Сайысқа қатысушылар мен жетекшілер, қазылар алқасының құрамы ақынның өзі оқыған мектеп алдындағы мүсініне гүл шоғын қойып, мектептегі мұражаймен танысып, сыныптастарының әдемі естеліктерін тыңдады. Асылбек Ишановтың мәңгілік мекеніне айналған зиратына атбасын бұрып, қасиетті Құран аяттарынан дұға бағыштады.

858C0906-63E3-42D9-BB81-D47E7C67904A

- Қайырлы күн, жаңажолдық ағайын! Сіздермен жолыққанымызға өте қатты қуанып тұрмыз. Сіздердей жұрты, сіздердей жоқтаушысы бар да Асылбек ағамыздың есімі ұмытылмақ емес. «Біреулер бар болса да жоқ сияқты, біреулер жоқ болса да бар сияқты» дегендей Асылбек Ишановтың өмірден өткеніне 15 жыл өтсе де оның рухы, жалынды жырлары бізбен бірге жасап келе жатыр. Асылбектің ізінен ере шыққан жас ақындарды бүгінде облыс, республика мойындап үлгерді. Бұл мүшәйрадан да есімі елге танылатын таланттылар шығарына күмән келтірмеймін. Ендеше қатысушыларға сәттілік! – деді ақын, қазылар алқасының төрағасы Талғат Мықи.

Жыр мүшәйрасына қатысушылар екі кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде ақынның 10 өлеңін жатқа айтса, екінші кезеңде Асылбек ағаларына арналған өз өлеңдерін оқыды.

Нәтижесінде жаңажолдық Инабат Исман (Айдархан ЖОББМ) бас жүлдеге ие болды. Нұртілек Серікқали (Орал қаласы, №38 мектеп-лийей) І орын алса, Кәусар Берікқали (Жаңақала ЖОББМ) ІІ орынға лайық деп танылды. Луиза Азаматқызы (Ақжайық ауданы, Абай мектеп-гимназия) мен Диляра Бектемирова (Казталов ауданы, Сарықұдық ЖОББМ) үздік үштікті түйіндеді. Гүлсезім Бекболсынқызы (Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББМ) және Ерген Абайұлы (С.Меңдешев атындағы ЖОББМ) арнайы жүлдені қанжығалады. Жеңімпаз жүлдегерлерге және қатысушыларға арнайы диплом мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

- Құрметті жетекшілер және сайысқа қатысушылар бәріңізге алғаусыз алғысымды білдіремін. Асылбек бауырымызды еске алуға арналған жыр додасына қатысып, белсенділік таныттыңыздар. Өнер жолында толағай табыс, шығармашылық жетістіктер тілеймін, - деді ақынның туған ағасы Айбек Миразатұлы.

Жаңақалалықтар барда, айтыссүйер, жырсүйер оқырман барда Асылбек Миразатұлы Ишановтың есімі әрдайым дәріптеле бермек.

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале