19.04.2022, 10:16
Оқылды: 111

Ат спорты алға басса...

Жәнібек ауданында ұлттық ойындарды дамыту мақсатында бірқатар іс-шара атқарылуда. Соның ішінде ат спорты жақсы дамып келеді. Спортшылар түрлі байқауларда жүлдеге ілігіп жүр. Ат спортының төл мәдениетімізді дамытуға, дәріптеуге қосатын үлесі зор екені айдан анық. 

IMG-20220414-WA0113

– Ат спортының болашағы бар екенін дәлелдеу мақсатында 2015 жылдан бастап ауданда жиі жарыстар ұйымдастырып келеміз. Көкпардан, аударыспақтан жігіттеріміз біраз жетістікке жетіп үлгерді. 2012 жылы ауданның 90 жылдығына және М.Ықсановтың 85 жылдығына орай бәйге, көкпар, аударыспақ сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткіздік. Облыстық «Ақ бидай» ойындарында жақсы нәтиже көрсеткеніміз де бар. Сөйтіп, аудан әкімдігінің қолдауымен арнайы ат қора және бес жылқы сатып алдық. Осылайша ауданымызда ұлттық спорт түрінің негізі қаланып, өз жұмысын бастады, – дейді аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Орынбасар Ғилымов.

Аудан спортшылары 2017 жылы көкпардан облыстық «Ақ бидай» ойындарынан жүлделі 1-орын алды. Сонымен қатар «ЭКСПО-дағы» Батыс Қазақстан күндері аясында ұйымдастырылған көкпардан жүлделі 1-орынға ие болып, ауданымыздың абыройын асқақтатты. 2018 жылы аудандағы ат спорты кешенінің жаттықтырушысы Бейбіт Аронов Нұр-Сұлтан қаласында өткен  Қазақстан чемпионатынан ересектер арасында аударыспақ бойынша 2-орынды иеленіп, спорт шебері атанды. Биыл сәуір айында Тараз қаласында ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатында да жүлделі 2-орынға ие болып, екі дүркін финалист атанды. Сонымен қатар ол Қазақстан құрама командасының қатарына енді. Жасөспірімдер арасында Мирас Берікбаев 2019 жылы өз салмағы бойынша Қазақстан чемпионы болды. Сондай-ақ Бекзат Сәлімов, Асыланбек Төлегенов, Ерболсын Мақашев, Нұрберген Аманғалиұлы, Әлижан Мамаев сықылды басқа да білекті жастар теңге ілу, көкпар, аударыспақ ойындарынан облыстың негізгі құрамасының қатарында өнер көрсетіп, республика көлемінде топ жарып жүр.

IMG-20220414-WA0114

– Жәнібек ауданы – шекараға жақын орналасқан аймақ. Бес жылдан бері Ресейдің Волжск қаласында «Волжск қаласының қазақтары» атты бірлестік аталмыш спорт түрлерінен байқаулар ұйымдастырып келеді. Қандастарымыз ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді дәстүрге айналдырған. Волгоград қаласына да барып, шеберлік шыңдау мақсатында «Садақ» садақшылар клубымен тәжірибе алмасып тұрамыз.  Осы тұста бізді ұлттық спорт арқылы өзге елдер қазақтың қандай батыр, ержүрек халық екенін түсінсе екен дейміз. Осындай жетістіктердің арқасында Алматы қаласында Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың қолынан Қазақстан бойынша үздік аудандық федерация атағын да алдық. Ат спорты бөлімінің өз алдына қойған мақсаты – ұлттық ойындарды кеңінен дамытып, алаш ұлының ат үстіндегі сайыста жұмыр жердегі жан баласын шақ келтірмейтінін әйгілеу, – дейді Орынбасар Ғилымұлы.

2020 жыл ат спорты бөлімі үшін жемісті жыл болды. Серік Дәулетовтың бастамасымен Тайыр Жароков атындағы орта мектепті 1980 жылы бітірген түлектердің атынан «Жайлау» ат спорттық кешені салынды. Қазіргі таңда «Жайлау» спорт кешенінде 9 ат бапталуда.

– 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап ат спорттық кешенінде жаттықтырушы болып қызмет атқарамын. Ат баптап, жастарға осы спорттың қыр-сырын үйретуге тырысып жүрмін. Жалпы, ат баптау, ат үстінде сайысқа түсу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Мен де ұзақ жыл осы салада жүріп, алдыңғы аға буыннан үлгі алдым. «Тай кезінде таптап мін, құнан кезінде баптап мін» демекші, ат баптаудың да қыр-сыры бар. Жалпы атты 3 жасынан бастап көкпарға, аударыспаққа салған дұрыс. Себебі тай кезінде белі қатпаған әлсіз болады. Бір атты әбден машықтандыруға бір-екі жыл уақыт, тұрақты жаттығу керек. Көкпар аты мен аударыспақтың аты бөлек дайындалады. Әрқайсысын баптауда өзіне тән ерекшеліктер бар. Мысалы, «қысқы шілде», «жазғы шілде» дейтін шақтар болады. Ол уақытта аттарды 40 күндей жемдеп, семіртуге тырысамыз. Себебі жілігіне май жинауы керек. Әйтпесе, аттар әлсіз, арығыш болады. Әрдайым көңіл бөліп, қора-жайының тазалығын да тұрақты бақылаған жөн. Сонда ғана аттың бабы келіп, үстіне мінген шабандоздың ырқына көніп, көкпарда болсын, аударыспақта болсын, иесін жолда қалдырмасы сөзсіз. Сонымен қатар тек ат қана емес, шабандоздың да дайындығы өте маңызды. Сол себепті біз де балаларды 8-9 жасынан бастап үйірмеге қабылдап, жаттықтыра береміз. Алғашында бәйгеге, аударыспаққа қатыстырып, әбден шыныққасын көкпар алаңына шығарамыз. Бүгінде қырыққа жуық шабандоз дайындық үстінде. Атқа міну – салауатты өмір салтының бірден-бір кепілі. Атқа мінген адамның бел омыртқасы, жалпы буындары ауырмайды, жүрек жұмысы жақсарады. Денсаулыққа пайдасы зор. Сондықтан жастарымызды ат спортымен айналысуға, атқа мініп үйренуге, ұлттық спортты дамытуға шақырамын, – деді аударыспақтан спорт шебері Бейбіт Аронов.

Бақытжан Маратұлы,

БҚУ-дың студенті

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале