16.08.2021, 17:51
Оқылды: 181

Ата кәсіпті мансұқтаған Амангелді

Шыңғырлауда тері өңдеу және оны үй жағдайында илеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Десек те ата-бабадан бізге дейін мұра болып қалған қолөнерге жататын осы бір әдісті шыңғырлаулық азамат Амангелді Самаев тым-тәуір меңгеріп-ақ алғалы қашан?! Бала кезінде ауылдың көнекөз қарттарынан және әкесінен көріп өскендігі болар, жасы ұлғая келе тері илеуге деген ынтасы арта түсті. Ауласында кішігірім жеке шаруасын дөңгелетіп, үйден табыс тауып отырған отбасына бұл да бір кіріс көзі іспеттес.

IMG_8197

Ауласында алма, жүзім, өріктен бастап көкөністің түр-түрі бар. Қорасында тауығы қыт-қыттап, ұсақ жандығымен қоса бес ірі қарасы қазіргі заманда таптырмас бизнестің көзі болды. Жұбайы Нәзипа таң атсымен күн батқанша тыным көрмейді. Сиыр сауып, құрт қайнатып, кәдімгі ауыл әйелінің тірлігін жасауда.

Бұл жанұяда қазақтың әр отбасында болсын деген қажеттіліктің бәрі бар. Төрінен қонақ, дастарқанынан ас үзілмейтін қонақжай үйге соңғы кезде саумал ішуге де тұрғындар арнайы келіп, алыстан ат басын бұратындар көбейген. Желіге бие байлап, төрт мезгіл сауып отырған Нәзипаның қолынан саумал ішуге кезекке тұрғандар көп.

Ал қолөнердің сан түрін игерген Амангелді отағасы болса, таза теріден қайыс илеп, қамшы жасап, оны да сатылымға шығарып отыр. Таныс-тамыры көптігінен болар, еш жарнамалауды қажет етпей-ақ тауарлары қолдан қолға тимей, жақсы өтуде.

IMG_7923

Үй иесінің айтуынша, бұл кәсіпті бұрында бастамақ ойы болған. Бірақ, жұмысбастылық тіптен де қолын тигіздірмепті. Енді міне, уақыты келіп, үйден, жұмыстан босай қалған уақытында тері илеумен айналысып келеді. Себебі жанына жақын, жүрегінің қалауы осы.

«Тері илеушінің түрлі әдісі бар. Әкпен де, тұзбен де иін келтіруге болады. Ал мен тері илеу үшін айран қолданамын. Алдымен «малма» дейтін сұйықтықты әзірлеп аламыз. Нақтылап айта кетейін, айранды ұйытып, оны матадан жасалған дорбаға құямыз. Дорбаның аузын байлап, ілеміз. Оның астына ыдыс қоямыз. Айранымыз сүзіліп, сары суға айналады, яғни астына қойған ыдысымызға жинала береді. Содан кейін ұн мен кебекті суға қосып, араластырамыз, ашытамыз. Осы «малма» деп аталады. Малмаға теріні батырып, ыдыстың бетін жауып тастаймын. Қақпақтың үстін ауырлау затпен бастырамыз. Күн сайын төрт-бес рет теріні аударып отыру қажет. Әйтпесе, малма теріге сіңбейді. Сіңбесе, тері қатты болады. Сол себепті, тағы да ұн, кебек, сары су қосуға тура келеді. Терінің иі қану үшін ыдыстағы өнімімізді жылы жерге қоямыз. Аракідік бақылап тұрамыз. Қалыңдығына байланысты тері шамамен он-он бес күн малмада жатады. Ал иі қанғанын қалай біледі? Ол үшін терінің түгін тарту керек, түбі ағарып жарылса, иі қанды деген сөз.   Болмаса теріге тебенді шаншу керек. Егер оңай сұғылса, иінің қанғанын білдіреді», - дейді шебер.

Тері малмадан шығарылғаннан кейін ағашқа жайылып, суы сорғытылады. Дегдігенде тері жұмыр ағашқа асып қойылады. Иі, түгі, шелі қырғымен қырып тасталынады. Теріні илеу әдісі мұнымен бітпейді екен.

«Тері тазартылса да шикі екені білінеді. Сондықтан, теріні керіп, аязға сорғызамыз, яғни «аязға пісіреміз». Он күндей аязда тұрса, тері ағарып, ширайды. Содан соң үйге әкеліп, кептіріп, талқы құралына саламыз. Осылай тері иленеді», - дейді Амангелді.

Өзіміз көзбен көргендей Амангелді иленген теріден түрлі бұйым жасайды. Қамытқа құлақбау, үзеңгі бау, қамшы, жүген, шылбыр сияқты дүниелер әзірлейді. Көбіне көп қамшы жасайды. Себебі оған деген сұраныс көп.

Шебер азамат өзінің ауылда тұрған кездері қасындағы көрші көлемге осы бір кәсіптің қыр-сырын үйретпек болған. Десек те оған соншалықты қызығушылқты көре алмағандықтан, тоқтап қалғандығын айтады. Әйтсе де мектеп оқушылары мен жасөспірімдер үшін өзінің шеберлік сабақтарын өткізуге құлықты екендігін айтады.

Елжанды азамат, әсіресе, ауыл балаларының осы бір ата кәсіпті ұмытпауын тлейді. Тағы бір себеп, мал терісін илейтін бізде кәсіпорындардың,әрі бұрынғыдай тері жиып, оны тапсырумен айналысатын бірде-бір кәсіпкердің жоқтығы жанға батады дейді. Ал жыл сайын қанша мал сойылып, терілері  күлде қалады.

Ата кәсіп ұмытылмасын десек, осындай шеберлердің қадірін түсінуге, одан үйренуге, балаларымызға көрсетуге тырысқан жөн-ау, ағайын!

                                                                 А.Муса,

  Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале