6.05.2022, 17:00
Оқылды: 72

Аталардың ерлігі - ұрпақтардың жадында

Бүгін осындай атаумен Жәнібек аудандық ардагерлер үйінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығына орай тыл ардагерлерімен кездесу кеші өтіп, оған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, еңбек ардагері әрі жеке кәсіпкер Ескендір Елемесов және зейнет жасындағы ардагерлер қатысты.

IMG-20220506-WA0120

- Құрметті шақырулы қонақтар, баршаңызды келе жатқан Ұлы Жеңістің 77 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде ауданымызда соғыс ардагерлері қалған жоқ. Сондықтан тылда жан аямай еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлес қосқан тыл ардагерлері ретінде өздеріңізге құрмет көрсетейік деп, бүгінгі шарамызға шақырып отырмыз. Шараның негізгі мақсаты - Сіздердің тылдағы ерен еңбектеріңізді, өмірлік іс-тәжірибеңізді жас ұрпақтың бойына дарыту арқылы оларды отаншылдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, - деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев.

IMG-20220506-WA0121

Өз кезегінде сөз алған тыл және еңбек ардагері Самиға Қайырова: «1942-1944 жылдары балалар үйінде тәрбиелендім. Ауылдың қолына қару ұстай алатын азаматтары майданға аттанып, елде әйелдер мен бала-шаға қалды. Әйелдермен бірге балалар да жұмысқа араласып, қой фермасында қой сауып, қой бақты. Ал жұмыстан кейін кеште әйелдер сығырайған шамның жарығымен майдандағы әскерлерге қоғап, шұлық тоқыды. Тоғыз жасымда қырманда бидай күзеткен кездерім де болды. Соғыс жылдарында жау ұшақтары теміржолмен өтіп жатқан қару-жарақ, әскери техника тиелген пойыздарды жиі бомбалады. Қазір оның қайсыбірін айта бересің, біздің тілегіміз, еліміздің азаматтары мен кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз, сіздер аман болыңыздар», - деді.

IMG-20220506-WA0122

Кеш барысында мәдениет қызметкері Шынтемір Рамазанов Құрманғазының «Терісқақпай» күйін күмбірлетсе, Бекжан Жұмашев «Мен қазақпын», Лунара Сәбитова «Журавли» әнін қалықтатты. Кейін тыл ардагерлері өздеріне арнап жайылған тәтті шәй дастарханында бас қосты.

А.Есіркепов,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале