2.11.2023, 17:35
Оқылды: 43

«Атамекендіктер» Казталов ауданына келді

Казталов ауданындағы С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында «Атамекен» өнер ордасының қызметкерлері «Қайда жүрсем, Атамекенім….» жобасы аясында концерттік бағдарламасын ұсынды. Концерт шымылдығы «Арнау» этно-фольклорлық ансамблінің «Әке толғауы» күйімен ашылды.

image-02-11-23-05-26-1

Концерттік жобада сөз алған «Атамекен» өнер ордасының директоры Бауыржан Ергенұлы:

- Төрінде ақбөкен ойнап, көлінде аққу таранған, қырында Қыдыр аунап, қызғалдақ жайқалған Қосөзен елі, армысыздар!

Құрылғанына 95 жыл толған Казталов ауданы - қара өлеңнің Қарагері Қатимолланы, дарынды ақын Дариғаны, сахнаның сәні, Сердешті дүниеге әкелген құнарлы топырақ, құтты мекен. Тамыры терең, тарихы бай Казталов ауданының талғампаз тыңдармандарына «Атамекен» өнер ордасының шығармашылық құрамы концерттік бағдарламамен келіп қалды, - деді.

image-02-11-23-05-26

Концертте «Ерең еңбегі үшін» медалінің иегері Ернар Өмірәлі мен «Арнау» этно-фольклорлық ансамблі «Домбыра», «Молдабай» әндерін тарту етсе, Республикалық конкурстың лауреаты Айжан Мұхамеджанова халық әні «Желкілдік», «Жас қайың» әнін көрермен назарына ұсынды.

image-02-11-23-05-26-2

Концерт барысында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова «Ақ Жайық елім», «Өмір қандай тамаша» әндерін, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Әмірханов «Ағаларды еске алу», «Влюбенный солдат» әндерін қалың көпшілікке ұсынды.

Мерекелік концертте «Ерең еңбегі үшін» медалінің иегерлері Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі халық әндері «Беу айдай», «Бозторғай», халықаралық, республикалық конкурстардың  лауреаттары Альберт Ғазизжанов пен «Інжу» тобы «Тамаша» әнін, «Інжу» тобы «Оралым-әнім сенсің шалқыған» әні, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаттары Дәренбек Мерғалиев «Туған жер», «Қазақ осы», республикалық конкурстардың лауреаты Азат Қабиев «Жайық қызы», «Қазақстан ұлы елім» әндерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Концерт одан әрі өнерпаздардың Ермек Қали  «Нурикамал», халықаралық, республикалық коекурстардың лауреаттары «Батыс стар» тобы «Ана, сен бақыттысың…» сынды әндерімен жалғасты.

«Атамекен» әнімен аяқталған кеш соңында көрермен өнерпаздарға орындарынан тұрып қошемет көрсетті.

Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов:

- Қайырлы күн, құрметті жиналған қауым!

Белгілі қоғам қайраткері, жазушы Шерхан Мұртаза ағамыз: «Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар еді. Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбең тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді» деген екен.

Күнделікті өмірден, күйбең тірліктен қаладағы еңселі ордада өтетін мәдени шараларға уақыттары табыла бермейтін, облыс орталығынан шалғайда, шекарада қоныс тепкен аудан халқына деген ықылас-назарлары үшін өнер орталығының ұжымына зор алғыс білдіремін, - деп сөзін аяқтады.

Шара соңында аудан әкімі А.Сарқұлов «Атамекен» өнер ұжымына ықылас гүлі мен естелік сыйлық табыстады.

Гүлнұр Сәуірғалиқызы, 

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале