2025 жылдан бастап аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа тәсілі енгізілді. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге мұқтаждығын анықтайтын учаскелік комиссиялардың қызметтері цифрландырылды.
Осы және өзге де өзгерістер туралы бүгінгі өткен жиында Мансап орталығының мамандары түсіндіріп берді.
Мансап орталығының құрылымдық бөлімше басшысы Салтанат Молдашеваның айтуынша аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда есеп орташа табыстың 35% деңгейінде, бірақ қолданыстағы деңгейден төмен емес, яғни өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% деңгейінде айқындалатын болады.
Сондай-ақ АӘК тағайындау кезінде азаматтардың шығыстарының мынадай түрлерін ескеру ұсынылады: тұрғын үйді және жеңіл автокөлікті меншікке сатып алу;
айына отбасының әрбір мүшесіне бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары мөлшердегі ипотекалық қарызды қоспағанда, банктік қарыздарды және микрокредиттерді ресімдеу;
жеке тұлғаның банктік шоттары бойынша шығыс операцияларының болуы;
айына отбасының әрбір мүшесіне кедейлік шегінен асатын жиынтықтың болуы;
ипотекалық депозитті қоспағанда, бір отбасына 200АЕК-тен астам мөлшердегі жинақ салымының, депозиттің болуы ескеріледі.
Ал учаскелік комиссиялардың қызметі FSM Social деп аталатын мобильдик косымшаның көмегімен жүзеге асырылмақ. Бұл қосымша тұрғындардың материалдық жағдайын зерттеп-зерделеп, жедел шешім қабылдап, қорытынды шығару рәсімін оңайлатуға септігін тигізбек.
– 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелик комиссия мүшелерінің жұмыстарына бірқатар өзгерістер енгізілді. Учаскелік комиссия қызметін цифрландыруға бағытталған арнайы қосымшаның көмегімен тексеру жүргізу кезінде бұрынғыдай формальды тәсілді болдырмауға, телефон құрылғысындағы геолокацияны қосу арқылы өтініш берушінің нақты географиялық орнын анықтауға, т.б шешімдерді сол мезетте көрсету арқылы оңтайлы жұмыс жүргізу мүмкіндігі артты, - дейді Мансап орталығының құрылымдық бөлімшесінің басшысы Салтанат Молдашева.
Жыл басталғалы аудан бойынша 44 отбасы АӘК алуға өтініш білдірсе, соның 22-сіне тағайындалыпты.
Арайлым Есмағұлова,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz