12.02.2019, 16:10
Оқылды: 338

Атбегілік – қазақтың ең көне ұлттық өнері

Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даламыздан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің ата-бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз киім үлгісін, ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапқан. Осының бәрі туралы оқып-біліп жүрсек, білім деген, рухани серпіліс деген сол. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты әйгілі мақаласы да осыған үндейді.

aqjaiyq (1)

         Ақжайық ауданы орталығындағы Абай атындағы мектеп-гимназияда оқушыларға жылқының қасиетін, атқа міну өнерін насихаттау және ауданның танымал атбегілерінің қызметімен таныстыру мақсатында «Арғымақ мінген арымас» атты танымдық дәрісте осындай салмақты, нәрлі әңгіме айтылды. Оған арнайы шақырылған еңбек ардагері Науқан Есеналиев пен аудандық мәслихат депутаты, «Мұқадес» шаруа қожалығының жетекшісі Ақылбек Сағитов халқымыздың өткенінен ұлағатты сөз саптады. Иә, алаштың арғы тегін жылқысыз елестету мүмкін емес. Жұртымыз тарих сахнасына жылқымен шыққаны белгілі.

         Шара барысында оқушылар еңбек пәнінің мұғалімі Нығмет Әділғалидың көмегімен қағаздан жасаған жылқының макеті, қамшы, үзеңгі, ер-тоқымдар қойылған көрме жанындағы ұл-қыздардың «Менің сүйікті сәйгүлігім» тақырыбына салынған суреттерін тамашалады.

         Науқан Құсанұлы сонау жылдары аудандағы «Тайпақ» кеңшарында жұмыс жасап жүргенде Жәңгір Нұрмағамбетов, Сәрсен Смағұлов секілді атбегілерді көріп, еліктеп, жылқы ұстай бастаған.

         -Олардан көргенімді жасап, атымды бәйгеге де қосып, орын алатынмын. 1991 жылы Мұхит Мерәліұлының 150 жылдық мерейтойына арналған республикалық бәйгеде тұлпарым бірінші болып оралғаннан кейін қызығушылығым арта түсті. Балаларымның бәрін атқа үйреттім. Десек те, немерелерімнің көбінде жылқыға қызығушылығы жоқ. Алайда оларға тұлпардың қасиеті, батырлар мінген қылқұйрықтар жайында әңгімелеуден тыйылған емеспін, -деді қария.

         Ақылбек Сағитов: «Атам Ілбішін кеңшарының №4 бөлімшесінде зоотехник болды. Атамыздан көрген тәрбиеміз осы күнге дейін азық болып келе жатыр. Жылқы өсірудің қыр-сырын білетін жандармен жақсы байланыстамын. Бүгінде көптеген баланың, жастарымыздың желқанат түлікке қызығушылығы арта түскеніне, көптеген ауылда, мысалы Тайпақ ауылдық округінде азаматтар ат баптау хақында дәрістер өткізіп жүргеніне қуанамын. Атакәсіппен айналысу қанымызда бар емес пе. Жастарды мал шаруашылығына көптеп келуге үндер едім. Ауданымызда, облысымызда ауыл шаруашылығын өркендетуге үлес қоссақ, бұдан арттық қандай мерей керек. Тұтас елдің өркендеуі осындай үлестен құралады ғой» дейді.

         Білім ошағындағы «Сахна сыры» үйірмесінің оқушылары Қабдеш Жұмаділовтың «Сәйгүліктер» шығармасы бойынша шағын қойылым көрсетіп, Думан Сарқұлов Табылды Досымовтың «Сәйгүліктер» әнін орындауы, Сондай-ақ Дильназ Балажанова Айтқали Нәріковтің «Жылқы туралы жыр» өлеңін мәнерлеп оқуы, Армат Сағындық ат әбзелдері мен қамшының түрлерін таныстыруы шараның бәсін арттырды. Ақбөбек Өрес пен Әсем Ибрашева «Менің тұлпарым» атты эсселерін оқыса, Ли Оспан жылқы бейнеленген туындысын меймандарға сыйға тартты.

aqjaiyq (2)

Әли Асқар,

Ақжайық ауданы

© zhaikpress.kz 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парашамыздан және Telegram каналымыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале