27.01.2023, 9:30
Оқылды: 43

Аудан әкімінің есептік кездесулері басталды

ҚР Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжановтың ауыл тұрғындарымен кездесуі басталды.

IMG-20230127-WA0013

Бейсенбі күні алғашқы кездесу Егіндібұлақ, Зеленов, Атамекен, Шалғай ауылдық округтерінде болды.
Егіндібұлақтағы жиында ауылдық округ әкімі Ринат Ескендіров баяндағандай, өткен жылдың қорытындысы бойынша ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаман емес. Былтыр округ бюджеті 32 млн. 475 мың теңгені құрап, ол жыл соңында 100 пайыз игерілген. Ал жыл ішінде тартылған инвестиция көлемі – 41,8 млн теңге. Мұндағы агроқұрылымдар негізінен дәнді дақылдар егуге және асыл тұқымды мал өсіруге ден қойған. Яғни 9 қожалық 2 324 гектар жерге 1198 га арпа, 602 га мақсары, 424 га күздік бидай және 100 га жерге тары еккен. Ал биыл 1 қаңтарындағы есеп бойынша ауылдағы ірі қара 1192, ұсақ мал 2827 басқа өскен. Сондай-ақ тұрғындар құс өсіруге де қызығушылық танытуда. Қазіргі таңда үй құстарының саны 2 525-ке таяған. Өткен жылы бау-бақша егіп, бел жазбаған ағайын да күзде көл-көсір пайдасын көрген. Мысалы егіндібұлақтықтар 82 тонна картоп, 110 тонна көкөністер және 26 тонна жеміс-жидек өнімдерін жинаған. 11 шаруа қожалығы мен ауыл тұрғындары шөп шабу жұмыстарын уақытылы жүргізіп, 30 тоннадан астам мал азығын қамдаған.

Бүгінгі таңда тұрғындарды алаңдатып отырған басты түйткілдердің қатарында жер телімдерін алып, оны заңдастыру жұмыстары, қатқыл табанды жол салу мен интернет желісі жылдамдығының төмендігі бар. Аудан, ауыл басшылары бұл мәселелерді шешу бағытында қолға алынған іс-шаралар турасында айтып өтті.
Зеленовтықтар үшін де өткен жыл табысты болды. Ауылдық округ әкімі Ізғали Дәулетовтің сөзінше, тұрғындар «Ауыл аманаты» жобасынан үлкен үміт күтіп отыр. Аталмыш бағдарлама бойынша жалпы 230 млн теңгеге болжамды несиелеу шарттарына сәйкес 32 адамның құжаты іріктеліп, ұсынылуға дайын. Олардың қатарында асыл тұқымды мал басын өсіріп, сүт өндіру ісін жолға қоюға, жиһаз жөндеу цехын ашып, маусымдық қызмет түрлерімен айналысуға қызығушылық танытып отырғандар бар. Егер бәрі ойдағыдай болса, ауылда жұмыссыздар саны 25 пайызға төмендеп, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылады деп күтілуде. Жиында тұрғындар иесіз иттер және өзге де мәселелерді көтерді.

IMG-20230127-WA0011
Атамекен ауылдық округінде өткен жиыны былтыр көтерілген мәселелердің шешілу барысымен бастады. Соның бірі әрі өзектісі – Қайнар ауылындағы ұялы байланыс. 2022 жылдың қараша айында ауылға «Beeline» ұялы байланыс антеннасы орнатылды. Ауыл әкімі Фархат Үмбетқалиев биыл «Aktiv» байланысын іске қосу жоспарда бар екенін жетізді. Қайнар ауылына медициналық пункт құрылысын салу бойынша жер телімі бөлініп, облыстық бюджеттен қаражат қарастырылсымен, құрылысы басталмақ. Атамекендегі өзекті мәселенің бірі – су құбырын, су мұнарасын және тереңдік насосын ауыстыру. Қазір бұл бағыта тиісті жобалық-сметалық құжаттар жасақтауда. Тұрғындар сұраныс-талабына сай қазір Атамекен және Қайнар ауылдарындағы бөгеттерді жөндеу, Атамекен ауылына типтік мал моласын салу және балабақша ашу жұмыстары да күн тәртібінде тұр.
Шалғай ауылдық округінің әкімі Гүлзада Бөлекованың айтуынша, мұнда жұмыссыздық деңгейі 1%.

IMG-20230127-WA0012

Округте тұратын 245 отбасының тұрмыс деңгейі кедейлік шегінен төмен емес. Жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту мақсатында 2 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 4 жас маман «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен және бір түлек «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен іске кірісті. Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі - «Переметный-Шалғай» жолын жөндеу. Бұл мәселеге қатысты өткен жылы мердігер құрылыс компаниясымен келісім шарт жасаған. Көктемде қатқыл табанды жол төсеу жұмыстары басталады деп күтілуде. Сондай-ақ Тыңдала ауылының көшелерін жарықтандыру, шағын спорт зал ашу, орталық саябаққа жарық шамдар орнату жұмыстары да биыл іске асады деп күтілуде.

IMG-20230127-WA0010
Ауыл тұрғындарымен кездесуде аудан әкімі өткен жылы Бәйтеректе жүзеге асқан жобалар, биылғы жоспарлар туралы айтты.

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале