Тасқала ауданының әкімі Талғат Шакиров пен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самиғолла Шүкіров Мереке ауылына қарасты «Айлин», «Марс», «Аққұс», «Талдықұдық» шаруа қожалықтары мен Шежін ауылындағы «Ағайын» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде болып, шаруалардың жағдайымен танысты.
Қысқы мал азығы қорының жеткіліктілігіне назар аударған Талғат Асқарұлы қожалық басшыларымен кездесе отырып, олардың ұсыныспікіріне құлақ түрді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мемлекеттен бөлінген қаражатты тиімді пайдалану мақсатымен атқарылып жатқан жұмыстарға да назар аударды.
Кездесу барысында шаруа қожалықтарына өзен бойында орналасқандықтан, мүмкіндігінше балық шаруашылығын қолға алу керектігін құлаққағыс етті. Өз кезегінде шаруалар да аудан басшысына көкейінде жүрген сауалдарын қойып, ойын ортаға салды. Мал азығының жеткілікті екенін, ауа райының да қарайласып тұрғанын тілге тиек ете келіп, қыстан қысылмай шығуға мүмкіндіктің молдығын алға тартты. Талғат Шакировтың шаруалармен кездесуі сейсенбі күні Қосшы және Қазақстан ауылдық округтерінде жалғасты. Алдымен Атамекен ауылына қарасты «Үштелек» қыстағында орналасқан «Нұрхан» шаруа қожалығына ат басын арнайы бұрған Талғат Асқарұлы қожалық басшысы Нұрхан Аубаковқа жолығып, жағдайымен танысты. Әңгіме барысында қожалық иесі 2023 жылы ашылған АӨК жұмысын одан әрі жандандырып, ауыл шетінен сүт өнімдерін дайындайтын кешен ашуды жоспарлап отырғанын тілге тиек ете келіп, ауыл маңындағы бос жатқан жер телімі мен несие алуға көмектесуін сұрады. Өз кезегінде аудан басшысы қажет құжаттар мен кепілге қойылатын мүліктерін дайындай беруді тапсырды.
Сонымен қатар басқа да сұрақтар туындаған жағдайда жеке қабылдайтынын жеткізді. Одан әрі Новостройка қыстағындағы «Райымбек» шаруа қожалығында болып, қыстақтың қалай өтіп жатқанын өз көзімен көрді. Содан соң Қосшы ауылына бет бұрып, «Мұрат» және «Болашақ» шаруа қожалығының жай күйімен танысты. Мал азығының жеткіліктілігіне назар аударып, ұсыныстарына құлақ түрді. Екі шаруашылық иелері де болашақта мал бордақылау алаңын салу үшін жер телімі мен электр желісін тартатын бағандар қажеттілігін алға тартты. Талғат Асқарұлы шаруашылық иелеріне ұсыныстарының ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
Гүл Нұр,
Тасқала ауданы