Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері халықпен кездесу үшін Казталов ауданына ат басын бұрды. Кездесуге аудандық мәслихат депутаттары, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, қоғамдық бірлестіктерінің мүшелері, ардагерлер мен қоғам белсенділері қатысты.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов негізгі кездесу мақсатына тоқталып, азаматтарға елдегі сайлау жүйесіндегі реформалардың барысын түсіндіру, заңнамалық өзгерістердің нәтижелерін зерделеу, сайлау процестерінің жетілдіретін тұстарын анықтау болатынын жеткізді.
Жиында аудан ақсақалдары Мұқанғали Бектілеуов, Марат Тоясов, Уәлиолла Әбішев, Тауфих Мұқанов, қоғам жанашыры Руслан Сұлтанов, аудан жастардың атынан Нұрлыбек Хайруллин, «Жария» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Мэлс Залиев өз ойларымен бөлісті. Қоғамдық пікір білдірушілер ауылдық округ әкімі немесе мәслихат депутаттығына үміткерлердің үгіт жұмыстарының сапасы, ауыл әкімдері лауазымына сайланатын үміткерлерге қойылатын талаптарды жеңілдету, қоғамдағы: «Менсіз де сайлау өтеді»- деген керітартпа пікірлер, жастардың белсенділігі, сайлауға қатысуға мәжбүрлеу, сайлауды дұрыс ұйымдастыру, сайлау учаскелеріне бейнекамералар қою жөнінде ұсыныстар айтты. Сонымен қатар учаскелік сайлау комиссия жұмыстарының жетімсіз тұстары да талқыланды.
Кездесу барысында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Темірғалиев өткен сайлаулардың қорытындыларымен таныстырып, биылға тағайындалатын сайлаулар туралы ақпарат берді. Ол 2025 жылдың 2 наурызға тағайындалған Қайыңды ауылдық округі әкімінің сайлауын дайындау мен өткізудің іс-жоспарын толық айтып берді. Ағымдағы жылы Казталов, Жаңажол, Көктерек ауылдық округі әкімінің өкілетті мерзімі аяқталады. Яғни осы округтерде әкім сайлаулары өтпек.
— Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған әкімдер сайлаулары терең институционалдық өзгерістердің бірі. Бұл күрделі үдеріс, алайда ауадай қажет үдеріс. Алдағы саяси науқандарға азаматтық қоғам өкілдерінің байқаушы немесе кандидаттардың сенім білдірген адамдары болып атсалысуы аса маңызды. Біздің негізгі қағидамыз — сайлауды әділ және ашық өткізу. Сайлаудың дұрыс өтуіне қоғам мүдделі болуы керек. Жалпы халықтың сайлауға қатысуы төмен болғанымен, соңғы сайлаулардан халық сенімінің артып келе жатқаны байқалады. Сондықтан сайлаушылардың белсенділігін арттыруымыз керек,- деді жиында Әділ Тауфихұлы.
Жиында сөз алған облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі, жерлесіміз Асланбек Ғұбашев сайлау кезінде сайлауға қатысатын сайлау комиссиялары, сайлаушылар, бақылаушылар, байқаушылардың құқықтық қарым-қатынастары және сайлау мәдениетін жетілдіру туралы түсіндірді.
Жиын соңында Дүниежүзілік сайлау күніне орай аудандық мәслихат депутаты Дархан Аябалиев Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының алғыс хатымен марапатталды.
Жалпы маңызды жиыннан ұққанымыз, өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланбай, сайлауға қатысудан бас тартқан замандастарымыздың бұл әрекеттерін құптамаймыз. Француз саясаткері Шарль де Монталамбердің «Егер сіз саясатпен айналыспасаңыз, онда саясат сізбен айналысады» дегеніндей, біз саяси қызметпен айналыспасақ та, бәрібір, саясат аясында қаламыз. Себебі саяси билік қабылдайтын барлық шешімдер баршамызға керек. Ал бейсаясат адам өзінің немқұрайдылығы арқылы билікке ұмтылғандарға жол ашып беріп, саяси үрдеріске тікелей қатыспағанымен, жанама түрде қатысқан болып шығады. Сондықтан да өмір сүріп отырған қоғамымызды өзгерткіміз келсе, Ата Заңда көрсетілгеніндей, биліктің қайнар көзі – халық, яғни өзіміз екенін есімізден шығармай, ел басқарудың сайлау сияқты саяси іс-шараларына белсене қатысуымыз қажет.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы