28.08.2023, 10:15
Оқылды: 30

Ауданаралық байланыс нығая түсуде

Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Бәйменов, өңірімізге танымал кәсіпкер, меценат әрі Первомай ауданының тумасы Бейбіт Асанов бастаған бір топ делегация өкілі көршілес Ресей елінің Орынбор облысына қарасты Первомай ауданының 95 жылдық тойына қатысып, өзара ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайтып, первомайлықтарды атаулы күнмен құттықтады.

IMG-20230828-WA0016

Атаулы күн аясында аудан орталығындағы стадионда кітап, қолөнер және түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдарынан көрме ұйымдастырылды. Қонақтар алдымен ауданның тарихымен, танымал тұлғаларының еңбегімен танысып, әр ұлттың ас мәзірінен дәм татты. Ұлттық салт-дәстүрлерін тамашалап, бірге әндерін шырқады. Ресейдегі қандастарымыз сыйлы меймандарды шашумен қарсы алып, киіз үйдің ішіне жайылған ақ дастарханнан ұлттық дәм ұсынды. Мерекелік шаралар легі түс мезгілінде салтанатты рәсім мен концерттік бағдарламаға ұласты. Первомай ауданының басшысы Александр Васильев аудан халқын мерекемен құттықтап, Қазақстан мен Ресейдің көршілес қалалары мен аудандарынан арнайы келген делегация өкілдеріне алғысын білдірді.

IMG-20230828-WA0015

Салтанатты рәсімде әр салада ерен еңбегімен көзге түскен қызметкерлер, еңбек адамдары РФ ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен, Орынбор облысы губернаторының, вице-губернаторларының, Орынбор облысы Үкіметінің Мәдениет министрлігі, Орынбор облыстық  заң шығарушы жиналысы төрағасының және Орынбор облысы Первомай ауданы басшысының алғысхаттарымен марапатталды.

Сахна төрінде халық әндері шырқалып, хореографиялық композициялар орындалды.

- Біз бүгін сіздердің қуаныштарыңызға ортақтасып, торқалы тойдан табылғанымызға, қонақжайлықпен қарсы алып, құрмет көрсетіп жатқаныңызға алғыс білдіреміз! Мерекелеріңіз құтты болсын! Біз көрші мемлекет болғандықтан аудандарымыздың арасында тығыз мәдени әрі экономикалық қарым-қатынас үзілген емес. Соңғы екі-үш жылда әлемді жайлаған пандемияның салдарынан еркін байланысқа аз-кем кедергі келтіргені рас. Алайда соның арқасында біз осындай достық жүздесулердің, бір-бірімізбен етене араласудың қаншалықты маңызды екенін ұғындық. Бүгін біз алдарыңызда тұрған делегациялық құраммен өздеріңізді мерейтоймен құттықтап келдік! Экономикалық белсенді аудан халқына тілеріміз еңбекте табыстарың артып, Первомай ауданы жылдан жылға өркендей берсін! Ендеше, Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжановтың құттықтаухатын табыстауға рұқсат етіңіздер, - деген аудан әкімінің орынбасары Мұрат Бәйменов Первомай ауданы басшысы Александр Васильевке естелік сыйлық ұсынып, оюлы шапан кигізді.

Сондай-ақ концерттік бағдарлама аясында Бәйтерек ауданы көркем өнерпаздары  құрамында халықтық «Достық-Дружба» ансамблі бар шығармашылық топ «Саржайлау», «Қыздар-ай», «Ақбұлақ» және «Бұлбұл» әндерін әуелетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Г.Баделова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале