24.06.2021, 14:31
Оқылды: 99

Ауданда ауру өршіп тұр, ал ағайын бейқам жүр

Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлан Рахымжановтың төрағалығымен өткен штаб отырысында ауданның бас санитары Света Рамазанова дәл осылай деп ашына сөйледі.

3CA8E857-A51E-4FDC-8DBB-B7DE8CB9D7E8

– Халқымызда адам көрге де үш күнде үйренеді деген сөз бар ғой. Індетке бойымыз үйреніп кеткені соншалық санитариялық талаптарды ескермейтін болдық. Мойынсұнғымыз келмейді. Тек маусым айында ковид дертіне шалдыққан 51 науқас тіркелді. Еліміздің санэпидемиологиялық ахуалына назар аударсақ, індет құрбаны бір тәулікте оннан кем емес деп көрсетіледі. Балаларымыз мектеп бітірді. Ағайын үшін ол да қуаныш, ауылдарда үй аралап, «құтты болсын!» айттық. Нәтижесінде коронавирустың бір емес бірнеше ошағы пайда болды. жаз шықты, енді той маусымы басталады. Осы штаб отырысын пайдалана отырып, мониторингтік топтар жұмысын жандандыруды, санитарлық-карантин талаптарын сақтамаған тұлғаларды қатаң жазаға тартуды сұраймын. «Шағын отырыс, үйімізде болады» деп рұқсат сұрап, рұқсат берілмесе де үй жанынан шатыр тігіп, кем дегенде жүз туысының басын қосып той жасап жатқан ауылдастарымыз бар. Бүгін қатаң шара қолданып, тоқтау салмасақ, ковидке шалдыққандар саны бүгінгіден де көп боларына сенімдімін, – дейді аудандық санитариялық -эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.

Ауданымыздың ахуалына талдау жасап қарасақ, 2021 жылдың қаңтарынан бастап, бүгінгі таңға дейін 125 коронавирус инфекциясы, 6 пневмония фактісі тіркелген. Бір жағдай науқастың өлімімен аяқталды. Аурудың тіркелу орнына қарай таратып айтсақ, Сайқында – 56, Хан ордасында – 48, Бисенде – 10, Саралжында – 9, Ұялыда – 3, Бөрліде – 4, Мұратсайда 1 факт тіркеліп отыр. Жасына қарай жіктеп көрсетсек, дертке шалдыққандардың 47-сі зейнеткер, 44-і жұмыс жасайтындар, 32-і жұмыссыздар болса, 8-і кәмелетке толмағандар. Науқастардың 110-ы симптомды болса, 21-і симптомсыз деп танылды. Науқастармен тығыз қарым-қатынаста болған 293 адам оқшауланып, дәрігер бақылауына алынды.

– Ауданымызда эпидахуал қаншалықты күрделі болса, екпе алу қарқыны да соншалықты төмен. Басқа аудандармен салыстырғанда көштің соңындамыз. Екпе алу ерікті десек те, әрқайсысымыздың осы екпенің маңызын түсініп, әлемді құрсауында ұстаған коронавирус індетін жеңудің бірден бір жолы арнайы вакцинаны қабылдауымыз екенін саналы түрде түсінгеніміз керек. Ол үшін қоғамның 70%-ы вакцина қабылдауы керек, сонда ғана қоғамдық иммунитетіміз қалыптасады екен. Вакцина алғысы келмеген адам жұмыс жасағысы келсе, екі апта сайын ПЦР тест тапсыруы керек. Бұл, өкінішке қарай ақылы. Азамат өз қалтасынан төлеуі керек. Арнайы тест тапсырып, өзінің індеттен аман екенін дәлелдегенде ғана жұмысқа жіберіледі. Вакцина алу өз еркің дегенмен, бүгінгі талап екпе алуды қажет ететінін түсінгеніміз дұрыс. «Той жасап жатыр» деп отырсыз. Той жасайтын ата-ана отбасылық салтанатты жасауға тыйым салынғанын жақсы біледі. Біле тұрып жасайды. Полициямен барған мониторингтік топ тойды таратып, той жасаған үй иелерін де, тойға келген қонақтарға айыппұл актісін толтырып жатса, психологиялық соққының көкесі сонда болады. Жұбайлық өмірінің осындай жайсыз жайттан басталғаны  екі жас үшін де қиын. Ауылдастарымыз өздігінен түсініп, шектелмесе, амал жоқ қатаң жазаға тағайындаудан басқа жол жоқ, – дейді аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов.

Естеріңізге сала кетсек, карантиндік шектеу шараларына байланысты жүргізілген рейд барысында бес тәртіпбұзушылық анықталып, бір лауазымды тұлғаға, төрт жеке тұлғаға айыппұл салынып, 510 475 теңге өндіріліп алынды.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале