14.02.2024, 17:50
Оқылды: 8

Ауған десе біздің көңіл жаралы...

Ауған соғысының тарихтың бір бөлшегі екендігіне ешкімнің де дауы жоқ.

73a801a7-099c-498f-99ef-247cc0046bd2

Мемлекеттік құрылымдар, режимдер өзгергенімен, замандар ауысқанымен шындық дүние шындық болып қала береді. Ауғанның тауларында қан төгілгені рас. Шатқалдарда автомат асынып біздің де жүргеніміз рас. Болған дүниені болмады дей алмаймыз.

Бүгінгі күні Ауған соғысы тақырыбы ерліктің мерекесіне көбірек ұқсайды. Әндер шырқалады, қойылымдар қойылады, кездесу кештері өтеді. Әрине, тыныштықтың қадірін білу үшін соғысты да еске алған дұрыс.

Мұрат Айдарханов (1)

Бірақ, Ауған десе біздің көңіл жаралы. Ауған десе оқ пен оттың астында дірілдеген бозбалалық арманымыз, Отанға, күнге күйген шинельдің жағасында атамекен ұяға деген сарытап сағынышымыз, сол жақта бақиға аттанған қарулас достарымыз – бәрі бәрі еске оралады. Күлімсіреп отырып, күрсінеміз! Қуанып отырып, қайғырамыз! Жымиып отырып, жылаймыз.

Ауған соғысының ардагері, елдің ағасы, ақын Бақытбек Смағұл бұл тақырыпта біраз қалам тербеді. Бақытбек Смағұл мырза Қазақстан Республикасы аумағында қазіргі уақытта 16 000 ауғандық бар деген дерек айтады. Оның 3000-ы мүгедек.

Ресми деректерді сөйлетсек, Қазақстан бойынша Ауған тауларындағы әскери қимылдарға 22 мың адам қатысып, оның 761-і қаза тапты. Батыс Қазақстан облысы бойынша соғысқа 843 адам аттанған екен. Жымпитыдан да «әскер қатарына шақырылды!» деген желеумен 70-ке жуық жігіттің Ауған асырылғаны анықталып отыр. Құдай сақтап, әскери борышын өтеп, атамекенге оралу біздің маңдайға жазылыпты. Темір табыт құшақтап, зарлап қалған аналар қанша ма?!

Иә, біз Ауғанда болдық. Біреуді қырып – жоймақ, оққа ұшырмақ ниетпен емес, бейбіт халық соғыс қимылдарынан зардап шекпесін деген ниетпен бардық. Біз өзімізді қанкешкен батырлармыз деп есептемейміз, біз – бейбітшіліктің жауынгерлеріміз! Бізге медаль да, марапат та, атақ та абырой да қымбат емес, бізге тыныштық қымбат!

Ауған соғысының ардагерлері – аталардың ерлік мектебінің түлектері. Ауғандықтар – бүгінгі күні патриоттық тәрбиенің мұғалімдері. Бізге жас буынның білімді болғаны, аман болғаны керек. Қару ал, майданға кір демейміз! Адам болсаңдар, ата-аналарыңды жылатпасаңдар болғаны, айналайындар!

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 35 жыл. Біз үшін террорды тыныштықтың жеңгеніне 35 жыл! Ел іргесі аман болсын!

Мұрат Айдарханов,

Жауынгер-интернационалист,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале