4.08.2021, 18:17
Оқылды: 77

Ауру көбейді, шара қатайды

Бөкей ордасы ауданы бойынша 274 науқаста коронавирус инфекциясы анықталып, алты азаматтың пневмонияға шалдыққаны белгілі болды. Індеттің қармағына іліккен бес жерлесіміз осы аурудан ажалын тапқан. Ең өкінішітісі, коронавирус балаларымыздан да анықталып отыр. Дәл қазіргі таңда отыз үш баладан осы ауру белгілері анықталған.  Еңсе түсірер бұл мәлімет аудан әкімдігінде өткен отырыста мәлім болды.

ковид

Ауданда коронавирус жұқпасының туындауына және таралуына, онымен байланысты жағымсыз әлеуметтік зардаптарға жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдау жөніндегі аудандық жедел штабтың отырысына барлық дерлік мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Ауданымыздағы вакцина алу мәселесі, әр ауылдық округ, әр мекеме  бойынша екпе алу қарқыны бойынша аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев есеп берді. Оның айтуынша, Бисен, Орда және Мұратсай ауылдық округтерінде екпе алу қарқыны төмен, Жәңгір хан мектебі мен М.Бегалиева атындағы мектеп мұғалімдері де екпе алуда енжарлық танытып отыр екен.

Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Света Рамазанова дертке шалдыққандардың басым көпшілігі екпе алмағандар екенін айтады. Індеттің атарлуы ошағын сараптап көрсетсек, кқшті Сайқын (126 факт) бастап, Хан ордасы (93 факт) қоштайды. Одан кейінгі үштікті Бисен, Саралжын мен Бөрлі құрап отыр.

– Ауру жас талғамайтыныны, асқынып тұрғанын, қайтыс болғандар санының артып келе жатқанын біліп отырсақ та, екпе алуға асықпайтынымызды түсіне алмаймын. Қоғамдық иммунитет қалыптаспайынша, ауруды жеңу мүмкін емес, – деді ол.  

Аудан әкімі  Нұрлыбек Даумов:

– Аурудың асқынғаны соншалық, еліміз түгел дерлік қызыл аймақтамыз. Өткен жылғы маусымдағы көрсеткішке қарағанда дертке шалдыққандар саны үш есеге артқан. Қынжылтатыны, індет кішкентай балаларымызға да жұғып жатыр. Өлім саны да көбейген. Десе де той-домалақ жасаудан еш айыл жияр емеспіз. Күні кешегі демалыста бір ағамыз үй жанынан шатыр құрып, алпыс жас мерейтойын атап өткен. Ауыл болған соң бәрі де таныс адамдар, тума-туыс, сыйлас құда-жекжаттығымыз бар дегендей. Қатаң шара қабылдауға барған жоқпыз. Енді мониторнигтік топ жұмыстарын күшейтіп, той-домалақ, қонақтық жасау фактісі анықталса, айыппұл салумен шектелмей, суретке түсіріп, әлеуметтік желі, газетке аты-жөні, суретімен беруіміз керек. Мүмкін сонда аяғымызды жинармыз, – деді өз сөзінде.

Тиісті сала басшыларына екпе алу маңызы бойынша түсінік жұмыстарын жандандыру тапсырылды.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале