4.08.2022, 10:30
Оқылды: 186

Ауру топырақ арқылы да таралады

Теректі ауданы әкімдігінде аудан әкімі Тілек Габдушевтің төрағалығымен ветеринария қызметінің І жартыжылдықта атқарған жұмыстарын талдаған кеңес өтті.

IMG-20220804-WA0001

Кеңесте аудандық аумақтық ветеринариялық инспекция басшысы Тілек Мұқатов, аудандық ветеринариялық станциясы директорының міндетін атқарушы Алмас Юмабаев осы салада жоспарланған және жыл басынан бері атқарылған жұмыс жайын баяндады.

Теректі аудандық аумақтық инспекциясы басшысының осы кеңесте жасаған баяндамасына сүйенсек, жыл басынан беріде ҚР «Ветеринария туралы» Заңы мен ветеринария саласындағы заңнамалық актілердің талаптарының орындалуына бақылау жүргізу шеңберінде  542 нұсқама берілген.  12 әкімшілік іс қозғалып, жеке тұлғаларға 597 285 теңге айыппұл салынған.

Инспекция бойынша 35 мемлекеттік қызмет көрсетілген.  7 қызмет «Тиісті аумақтағы эпизоотиялық жағдайды бағалауды ескере отырып, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің экспортына, импортына және транзитіне рұқсат беру» атқарылған.  Қалғаны №3 және №1 түрдегі Кеден Одағы Мемлекеттеріне берілетін  1-ветеринариялық сертификат.

Биыл ауданда ірі қараның арасында қауіпті жұқпалы ауру – инфекциялық ринотрахеит ошағы тіркелді. Уақтылы қабылданған шаралар арқылы аурудың таралуы болған жоқ.

- Маусым айында  ауылдық округтердегі  ветеринариялық нысандарды аралап,  жәй-күйлерін, ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкестігін бағамдадық. Сол шара нәтижесінде анықталғаны -  мал қорымдары, сібір жарасы көмінділері мен ветеринариялық пункттердің жағдайы көңіл көншітпейді.  Кей жерде олар  мүлдем жоқ деп есептеуге болады,- деген Тілек Мақсотұлы осы орайда үлкен мәселені көтерді.

«Аса қауіпті жұқпалы аурулар таралуының ең бірінші жолы – ауырып өлген малдың жойылған орыны екені бәрімізге мәлім. Ал бізде ондай  орын жоқ деп айтуға болады. Яғни,  ауырып өлген малдар далаға тасталады. Содан  ауру топырақ арқылы өршіп таралады. Көмілмеген өлкесені жеген  жабайы аңдар,  ит-мысықтар да таратушы болады» дей келе, «округтердегі ветеринар мамандар ауылда мал қамап, бөлетін  орын болмауына байланысты ветеринариялық шараларды жеке аулаларды аралап өткізеді. Бұл да ауруларды таратудың бір факторы. Олардың  препарат сақтайтын, жұмыстарын атқаратын ветеринариялық участкелері де жоқ» деп көрсеткен ол осы саладағы кемшін тұстарды түзеу үшін қажетті шараларды айтып, ұсыныс жасады.

Сонымен «аудандағы  эпизоотиялық ахуалды қалыпты жағдайда ұстау үшін аудан аумағындағы ауылдық округтерге мал қорымдарын салу немесе қайта жандандыру қажет. Сібір жарасы көмінділерін жаңарту, мал сою алаңдарын  салуға кәсіпкерлерді тартуды ұйымдастыру да уақыт күттірмейді. Малды бөлу орынымен  бірге ветеринариялық учаскілер салынса,  жергілікті ветеринар мамандардың жұмысы жеңілдер еді» дейді  аудандық аумақтық инспекциясы басшысы.

«Медицина адамды қорғайды, ал ветеринария адамзатты қорғайды» деген физиолог Иван Павловтың сөзін келтіре отырып, нақты ұсыныстар жасаған Тілек Мұқатовтың баяндамасынан соң сөз алған Алмас Юмабаев та өз жұмысы жайлы айтып өтті.

Ақжайық  ауылдық округі әкімі Болат Қадырәлиев пен Ақсуат ауылдық округінің әкімі Жаннұр Ахметов  ветеринарлық іс-шаралар, алдағы жоспарлары жайында мәлімет берді.

Кеңес отырысын қорытындылаған аудан әкімі атқарылар шараларды белгілеп, ветеринария саласына аса көңіл бөлу жайлы айтты.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале