1.11.2023, 12:30
Оқылды: 19

Жол қауіпсіздігі басты назарда

Елімізде көліктің түр-түрі жылдан-жылға көбейіп келеді. Жаяу адам мен көліктегі жолаушы саны да арта түсті. Көшелер мен жолдардағы жағдай барған сайын күрделене түсуде. Жол-көлік оқиғасының қаупі де жоқ емес. Сондықтан жүргізушілер мен жаяу адам көше мен жолда жүрген кезде аса мұқият болуы қажет. Жол-көлік оқиғасының зардабын көбінесе балалар тартып жатады.  Осы орайда Тасқала ауданы полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің басшысы, полиция капитаны Жасдәурен Ниталиевке жолықтық.

жп

Көрнекі фото

– Биылдыққа жол қауіпсіздігіне арналған 60 нұсқама таратылды. Белгі қою жұмысы аудандық ТҮКШ, «Қазавтожол» АҚ мекемесіне және жол құрылысын жүргізетін «BRAT-M» компаниясына берілді. Қазіргі таңда белгілердің барлығы орнында тұр. Көлік жылдамдығын шектейтін белгілер Қ. Сәтпаев, Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектептері, «Сәулет» мектеп-лицейі және С. Жақсығұлов атындағы білім ошағының алдына қойылып, жаяу жүргіншілер белгісі сызылды. «Назар аударамыз, балалар!» деген белгілер де бар. Жақында тексеруден өткізілді. Тамыздың 20-сынан бастап 1 қыркүйекке дейін әкімдіктің, ТҮКШ, коммуналдық шаруашылық бөлімінің, арнайы комиссияның қатысуымен белгілерді қай жерге қою керектігі туралы акт жасалып, нұсқау берілді. Жаяу жүргіншілер өтетін өткел маңына кішкентай балақайлар бейнеленген макеттар қойылды. 2019 жылы 18 мамырда бұйрық шығып, жүру жылдамдығын өлшейтін құрылғыларды ауыл-аймақ ішінде қолдануға тыйым салынды. Негізі, ауылдың ішкі көшелеріне бейнекамера орнату жоспарда бар-тұғын. Биыл профилактикалық жұмысқа сәйкес ішімдік ішкен күйінде көлік жүргізген 17 жүргізуші ұсталып, жүргізуші куәлігінен айырылды және сот қаулысымен қамауға алынды. Екі жүргізуші ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша қылмыстық қаулымен сотталды. Жазасын өтеп жатқандардар өз қателігінен сабақ алады деп сенеміз. 346-бап дегеніміз –жүргізушінің ішімдік ішіп, көлік жүргізу кезінде жүргізуші куәлігінен айырылғаннан кейін екінші қайтара ішімдік ішіп, көлік жүргізіп, заңды бұзуы. Рейд күн сайын кешкісін жүргізіледі. Демалыс уақытында күшейтілген күйде жүргізіледі. Жол белгілері бойынша биылдыққа ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 631-бабымен үш хаттама толтырылды. Биыл ауыл ішінде адам қағу фактісі тіркелген жоқ. 29 қыркүйектен 8 қазанға дейін профилактикалық іс-шара өтті. Жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатымен аудан ішінде, тас жолға шығып, жүргізушілерге парақшалар таратылды. Көліктерді тоқтатып, жүргізушілерге жылдамдықты арттыру неге әкелетінін, шаршаған күйде рөлге отырып, ұйықтап кету қандай өкінішке соқтыратынын айтып, түсіндіру жұмысын жүргіздік. Бұдан басқа да атқарылған жұмыс баршылық. Сонымен қатар әлі де қолға алатын біраз дүние бар. Әкімшілік тарапынан жылдамдық өлшейтін құрылғы (скоростамер) орналастырылса, республикалық маңызы бар жолдарға жануарлар мен патрульдік полиция макеттерін қойса деген ұсынысымыз бар. Жол белгілерін қою жайлы жоғарыда аталған мекемелерге ұсыныс тастаған едік. Биылдыққа жол-көлік апаты өткен жылға қарағанда аз. Тіпті болмасын деп тілейміз. Жалпы, барлығы жүргізушінің сана-сезімі мен тәртібіне байланысты. Заңға бағынып, қағиданы сақтап жүрсе, бәрі дұрыс болады деп ойлаймын. Көбі жылдамдықты шектен тыс асырады. Жол ережесіне қарамайды. Аудан ішінде тек 40 деген жылдамдық көрсетілген. қазір такси жүргізушілері көбінесе жас адамдар. Олар жылдамдықты жақсы көреді де, шамадан тыс асырып жібереді. Соның салдарынан  қателікке бой алдырып жатады, – дейді полиция капитаны Жасдәурен Ниталиев.

Көтерген мәселеге тұздық болсын деп, аудандық аурухана мамандарымен де байланыстық. Тасқала аудандық ауруханасының медстатисі Ақтолқын Шаутенованың берген мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың тоғыз айында аудандық ауруханаға тоғыз жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан 23 адам зардап шеккен, оның ішінде он екісі ер адам, оны әйел адам болса, біреуі жасөспірім. Жол-көлік оқиғасын жіктейтін болсақ, көлікке соқтығысу – 4, жаяу жүргіншіге соққы – 1, кедергілерге соғылу – 1, жазатайым оқиғалардың басқа түрлері, яғни aвтокөліктің аударылуы – 1, тас жолдан шығу – 1, көліктің дұрыс басқарылмауы – 1, мотоциклдің аударылуы – 1.

Жол-көлік оқиғасы аудан орталығының маңымен өтетін Орал – Саратов тасжолында – 4, Тасқала тасжолында, яғни Тасқала ауылынан жеті шақырым жерде – 1, Мерей автожолында бір жол апаты болған.

Зардап шеккендердің ішінен алты адам ауруханаға жатқызылса, 17 адам амбулаториялық емделуге жіберілген. Адам өлімі болған жоқ. Алғашқы көмек ең алдымен аудандық ауруханада көрсетіледі. Жеңіл жарақатпен түскен адамдар ауруханада қаралады. Ал ауыр жарақатпен түскендерді облыстық ауруханаға жібереді. Жалпы осы материалды дайындау кезінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мекемесінен мақалаға қатысты ақпарат ала алмадық.

Аудан көшелерінде автокөліктердің жылдамдықты асырып жүруі жаяу жүргіншілерге көп кедергі келтіреді. Тіпті қауіпті десек те артық болмас. Осы қауіптің алдын алу үшін қандай шара қолдансақ болады, құрметті оқырман?

Назерке Шайхолла,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале