19.08.2021, 17:12
Оқылды: 37

Ауыл әкімдері қалай сайланбақ?

Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауында ел­дегі әлеуметтік және саяси мә­селелерге кеңінен тоқталғаны мәлім. Бұған дейін елді мекендердің басшы­лары тікелей дауыс беру арқылы сай­ланбағаны белгілі. Жаңа бас­тама қалай болмақ? Маңызды кезеңге әзірлік барысы Жәнібек ауданында қалай өтуде? Сайлау учаскесі дайын ба? Осы жөнінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жақсылық Абдоловтан сұрап білдік.

v_vko_prokhodit_obuchenie_nabl

- Биыл азаматтар алғаш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие. Мұндай сайлаудың артықшылығы қандай?

- Биыл еліміздің тарихында ауыл тұрғындарына жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлауға алғаш рет мүмкіндік беріліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау қажеттігін айтқан болатын. Осыған байланысты биыл «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңына, «ҚР  Мемлекеттік басқару туралы» Заңға, басқа да тиісті нормативтік-құқықтық актілерге ауыл әкімдерін сайлап, тағайындау бойынша өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістерге 24 мамырда қол қойылып, заң қабылданды. Осы өзгерістерге байланысты қазіргі кезде ауыл әкімдерінің сайлауы тікелей халықтың сайлауы арқылы жүргізілетін болады.

- Біздің ауданда жауапкершілігі үлкен саяси науқанға дайындық қалай?

- Ауданда сайлауға дайындық тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы Жәнібек ауданында Ақоба ауылдық округі бойынша әкімнің сайлауын өткізу жөнінде 30 шілде күні аудандық сайлау комиссиясының қаулысы шықты. Сайлау 29 тамызға тағайындалды. 31 шілдеден 13 тамызға дейін кандидаттарды ұсыну жүргізілді. Қазіргі кезде ауылдық округ әкімдігіне үш кандидат ұсынылды. Біреуі «Nur Otan» партиясынан ұсынылса, екеуі өзін-өзі ұсыну жолымен келді. Осылайша үш кандидат тіркеліп, 18 тамыздан бастап үгіт-насихат жұмыстары басталып кетті. Үгіт-насихат жұмыстары 27 тамыз, түнгі сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі. Сайлау 29 тамыз күні болады.  

- Сайлауда дауыс беру қай уақытта басталып, қай уақытта аяқталады?

- Ақоба ауылдық округінде №143 учаске жұмыс жасайды. Сайлаушылар таңертеңгі 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін дауыс бере алады. Сондықтан аталмыш учаскеде бекітілген барлығы 375 сайлаушыны сайлауға белсене қатысуға шақырамыз.

- Ауыл әкімі лауазымына кандидаттарға қандай талап қойылады? Сайлаушылар қалай дауыс береді?

- Кандидаттарға қойылатын талаптар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңында қарастырылған. Ауыл әкімі мемлекеттік әкімшілік лауазым. Әкім сайлауына мемлекеттік қызмет туралы заң талаптарына сәйкес келетін 25 жасқа толған ел азаматтары қатыса алады. Әкім ауылдың инфрақұрылымын жақсартуды, ауыл шаруашылық ісінің жандануын, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын тұрғындарды анықтап, оның жағдайын жақсарту бойынша жоғары жаққа ұсыныстар айтуы керек.
Ауыл әкімдерінің өкілеттілігі 4 жыл. Бір лауазымға бір әкім екі мерзімнен артық сайлана алмайды. Бұл да ауыл әкімінің өсуіне, олардың жаңа идеяларды жүзеге асыруына стимул болатын құрал деп санаймыз. Дауыс беру қорытындысы сайлаудан кейін үш күн ішінде шығарылады, ал келесі жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жүргізіледі. Оның өкілеттігі тиісті аумақтық сайлау комиссиясы оны тіркеген кезден басталады.

 

Әсемгүл Әбділда,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале