14.09.2022, 15:16
Оқылды: 83

«Ауыл әкімі - ауылдың еңбек торысы»

Жуырда Бәйтерек ауданы Переметный ауылдық округі әкімінің сайлауы болған еді. Сайлаушылар тізіміне енгізілген 4457 адамның 1855-і дауыс берді. Нәтижесінде үш кандидаттың ішінен «АМАNАТ» партиясының аудандық филиалынан ұсынылған Алексей Герасимов 1021 адамның (57,80%) дауысын алып, көш бастады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 13 қыркүйектегі шешімімен ол Переметный ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Соған орай шыққан аудан әкімінің қаулысы негізінде ол аталмыш лауазымға тағайындады.

5

- Қазір тиісті талаптарға сай келетін кез-келген адамның сайлауға түсуге мүмкіндігі бар. Бұл бір жағынан жақсы. Алайда, таяқтың екі ұшы бар екенін де ұмытпауымыз керек. Бүгінгі таңда блогер не асаба сынды жандар ауыл әкімі болып сайланып жатыр. Алайда олар екі-үш айдан кейін сол жұмыстан кететін болып шығады. Себебі, аталмыш қызмет олар ойлағандай отырып алып билікті соғып, жалақыны алу ғана емес екен. Алдында ауқымды жұмыс, түрлі міндеттемелер тұр. Бұрын мұндай жұмысты істемеген, басқаны айтпағанда тиісті деңгейде хат та жазбаған адам ауылдық округ әкімі болып қалай жұмыс істейді? Қазір ел көлемінде осындай жайттардан мәселе туындап жатыр. Бейнелеп айтқанда, ауыл әкімін ауылдың еңбек торысы деуге болады. Соған орай тұрғындар елге жаны ашитын, еңбек ете білетін, жоқтан бар қылатын жанды әкім етіп сайлағандары жөн. Кешегі сайлау кезінде перметныйлықтар дұрыс таңдау жасады депойлаймын. Сол үшін аудан орталығы тұрғындарына ризашылғымды білдіремін. Алексей Викторвич, сізге ауыл тұрғындары үлкен сенім артты, оларлың үмітін ақтауыңыз керек. Осы жердің тумасы болғаннан кейін сізді ел-жұрт жақсы біледі. Егер жөнді жұмыс істемей, көпшіліктің сенімінен шықпасаңыз, ұрпағыңызға кесір тигізуіңіз мүмкін. Ал уақытпен санаспай жұмыс істеп, туындаған мәселелерді шешіп, көпшілікпен тіл табыссаңыз, жақсы жағынан елдің есінде қаласыз, ұрпағыңыз сізбен мақтанатын болады. Қызметіңізге табыс тілеймін. Сабыр әрқашан да серігіңіз болсын, - деген аудан әкімі Марат Тоқжанов ауылдың жаңа әкіміне Переметныйдың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін жақсарту, көшелерді жарықтандыру, тазарту, абаттандыру бағытында бірқатар міндеттер жүктеді.

3

Айта кетейік, 1986 жылы Переметный ауылында дүниеге келген Алексей Герасимов бұған дейін аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры қызметін атқарды.

2

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале