20.09.2023, 18:52
Оқылды: 58

«Ауыл аманаты»: 74 өтініш мақұлданған

Казталов ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша облысымызда алдыңғы қатарда екені мәлім. Соңғы уақыттары саланың тынысы кеңейіп, мал шаруашылығы, бау-бақша өнімдерін өндірумен айналысып жүрген тұрғындар қатары артып келеді. Оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасына өтінім бергендер де бар.

FB_IMG_1695193910651

Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Ержалғас Ишановтың 20 қыркүйек күні берген мәліметіне сүйенсек бүгінде ауданымыз бойынша 74 тұрғынның өтініші мақұлданып, 45 адам өзінің жұмысын бастаған. Ал 32 кәсіпкер құжаттарын реттестіріп жатыр.

«Ауыл аманаты» бағдарламасына өтінім беріп, кәсібін бастағандардың бірі жаңажолдық Ануар Жұмагелдин. Ол «бағдаралама кәсібін дөңгелетемін деген жанға мол мүмкіндік», - деп есептейді.

- Мен өзімнің жеке кәсіпкерлігімді 2021 жылы ашқан болатынмын. Алғашында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бағдарламасы арқылы 7 млн несие алып, мал алып, кәсібімді бастадым. Кейін алған несиені мерзімінен бұрын төлеген болатынмын. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін ескере отырып, кәсібімді кеңейту және мал басын арттыру мақсатында нар тәуекелге барып қаладағы үйімді кепілге қойдым. Сөйтіп 8 млн 600 мың теңге қаражатқа 15 ірі қара, 55 тонна шөп сатып алдым. Бұл бағдарлама еңбек етемін деген жанға тиімді деп ойлаймын, - деді ол.

Бағдарламаның шарты көпбалалы аналарды да толғандырып, ауданымыздағы нәзік жандылар да жобаға өтінім берген. Олардың қатарында Талдықұдық ауылының тұрғыны Айымгүл Қалиманова да бар.

- Өзім ауылдағы «Балбөбек» бөбекжайында тәрбиеші болып жұмыс істеймін. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша түсіндіру тобы ауылымызға келіп, ақпарат берген соң жолдасыммен ақылдасып, мал шаруашылығымен айналысуға өтінім беруге шешім қабылдадым. Талдықұдық ауылдық округі әкімі аппараты мен аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің мамандарының қолдауымен қажетті құжаттарды жинақтап, бүгінде бағдарлама арқылы 19 ірі қара мал және 51 тонна мал азығын сатып алдық. Бұл менің жұмысыма қосымша табыс, әрі балаларымның болашағы үшін маңызды шешім қабылдадым деп білемін. Мал бағу ата кәсіп емес пе, ұлым әкеге қарап мал бағып, қызым шешеге қарап сиыр сауса ұтылмасымыз анық. Біз тек мал басын арттырып қана қоймай, сүт өнімдерін де сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз, - деді жас ана.

Ал Бірік ауылдық округінің тұрғыны Шәрипа Шакуова қой шаруашылығын дамытуды қолға алып, 8 млн 600 мың теңге қаражатқа 152 ұсақ мал, 50 тонна шөп алған.

FB_IMG_1695193913412

- Халқымызда «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір» деген тәмсіл бар. Жалпы қой малы тез көбейетін, өнімді мал деп білеміз. Еті мен сүтін сату арқылы шаруашылығымызды дамыту жоспарымызда бар, - деді ол.

Ауданымызда қой шаруашылығы кенжелеп бара жатыр. Шәрипа Шакуованың бұл бастамасы қой шаруашылығының дамып, қой жүнін бизнес көзіне айналдырған жандардың кәсібінің өркендеуіне сеп болмақ.

«Ауыл аманаты» жобасына өтінім берушілер қатары Казталов ауылдық округінде артып отыр. Округ әкімі Ернар Ғалымовтың сөзіне сүйенсек, халықтың кәсіпкерлік саласына қызығушылығы артып отыр.

- Казталов ауылдық округі бойынша «Ауыл аманаты» жобасына 22 адам өтінім беріп, 16 адамның құжаты мақұлданған. Оның ішінде 11 адам өз жұмысын бастады. 6 адамның өтініші қарастырылып жатыр. Жалпы округімізде кәсіпкерлікке, соның ішінде ауыл шаруашылығын дамытуға ниет білдірушілер көп. Бұл халықтың табысының әл-ауқатының артуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. «Ауыл аманаты» жобасы жалғасын табар болса ауданымыздағы, округіміздегі әлеуметтік мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табады деген сенімдеміз, - дейді округ әкімі.

Еліміз бойынша осы жылдың 13 қыркүйегіндегі дерек бойынша 1388 ауылдық округті қамтитын 42 млрд теңге сомасына 7429 шағын несие берілді. Оның пайызы мал шаруашылығы, 7 пайызы өсімдік шаруашылығы, 5 пайызы кооперативтер үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға және 2,6 пайызы басқа бағыттарға берілген.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале