30.11.2023, 17:15
Оқылды: 8

«Ауыл аманаты» бағдарламасы: 73 жоба мақұлданды

Ауылда отырып, кәсібін дөңгелетіп жатқан шаруалар аз емес. Тіпті қаланың тірлігін ауылдың саф ауасына алмастырғандар қатары да кейінгі кезде көбейіп-ақ келеді. Оған бірден-бір себеп Президентіміздің Жолдауында атап өтілгендей, орта және шағын бизнесті қолдау бағдарламасының іске асуы. Жуырда Тасқала аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінен «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру барысы туралы мән-жайды білген болатынбыз.

сырым логомен дала (4)

 Сенім білдірген өкіл «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ ұсынған мәліметке сәйкес, жалпы 471,5 млн теңгеге 74 өтінім қабылданып, солардың біреуі (6,6 млн теңге) қарастырылып жатыр. Ал 73-і (464,9 млн теңге) мақұлданып, соның алпыс тоғызына 451,6 млн теңге төленіп үлгерген.

 Мақұлданған төрт (13,3 млн теңге) несие алушы тұлғаның құжатын тексергеннен кейінгі ескерту мен түзету берілген өтінімдер түзетіліп, кері тапсыру рәсімдері жүргізіліп жатыр.

 Қазіргі таңда жоба аясында 2,5 %-бен 69 өтінім қаржыландырылды. Соның 390,9 млн теңгесі (53 өтінім) игерілді. Несие бөлінген 69 өтінімнің 53-і (76,8 %) жоба мақсаты бойынша жүзеге асырылуда.

 Атап айтсақ, ІІ Шежін ауылдық округінде жаңадан құрылған «Ер Сәті» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі үй іргесінде жылыжай құрылысын бастап кетті.

Қазіргі таңда қаңқасы (каркас) құрылып, жабынын күтуде. Екі ауыл тұрғынына 12,3 млн теңге беріліп, екі сән салонына қажет құрылғылар алынған.

 51 несие алушы 380,6 млн теңгеге 2342 мал сатып алды. 388 бас сүтті бағыттағы ірі қара, соның ішінде красно-степная тұқымдас 76 бас ірі қараны: «Бастау» АШӨК – 35, «Тоғайлы Агро» АШӨК – 12, «Атамекен» ЖК – 14 Ақтөбе облысының «Березовка» ШҚ-нан және «Диас» ЖК 15 басты «Рад агро» ШҚ-нан, «Ерали» ЖК – 10, «Аман» ЖК – 10, «Аличок» ЖК үш бас әкелді. Сонымен қатар Павлодар облысының «Луганск» сүт тауарлы фермасынан, «Жас-Қайрат агро» ауыл шаруашылығы кооперативінен 15 бас, Қарағанды облысынан және Ақмола облысынан тоғыз бас симментал тұқымды ірі қара алынды. Голштин тұқымды үш басты «Адылхан» жеке кәсіпкерлігі мен «Кубеев» шаруа қожалығынан және тауарлы ірі қара – 228, тауарлы ірі қара – 262 бас. Қой – 1953 бас, соның ішінде еділбай тұқымды ұсақ мал – 231 бас («Асылай» ЖК – 76 бас, «Ағайын А.А.» АШӨК – 155 бас), тауарлы ұсақ мал – 1722 бас. Ендігі жоспарда «Алихан» ЖК (Халелов Е.) алты бас ірі қара іздестіруді көздеп отыр.

Осы бағдарламаны жүзеге асыру бағытындағы жұмысын одан әрі жалғастыру үшін 2024 жылға қажет қаражат көлемін нақтылау мақсатымен барлық ауылдық округте анкета (скрининг) жүргізілді. Скрининг қорытындысында аудан бойынша 2024 жылы өз кәсібін бастағалы жатқан 64 әлеуетті несие алушы анықталды. Солардың 54-і мал, біреуі құс, біреуі өсімдік шаруашылығы, біреуі техникалық базаны жаңарту, жетеуі шағын кәсіпкерлікті дамыту бағыттарында. Жобалардың жалпы сомасы 530,5 млн теңгені құрайды.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі бұл пилоттық жобаның арқасында халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі артып, тұрғындардың орташа табысы өседі.

Мал басының көбеюіне, ауыл шаруашылығы өнімдері, соның ішінде сүт өнімдерін өндіру арқылы өңіріміздің азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны қысқарып, орташа айлық табыс мөлшерінің ұлғаюына және жұмыссыздар саны азаюына септігі тиеді деген сенім бар.

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале