БҚО мәслихатының тұрақты комиссиясы Бәйтерек ауданында көшпелі отырыс өткізіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын зерделеді.

Шараға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев бастаған құзырлы құрылым жетекшілері мен депутаттар қатысты. Делегация мүшелері Байқоныс және Дариян ауылдық округтеріндегі бірнеше кәсіпкерлік нысанды аралады. Жайық ауылында «Ауыл аманаты» аясында 4 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, кілем жуу цехын ашқан Талшын Қаракөзованың, 25 миллион теңге несиеге 30 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алып, сүт өндірісін жолға қойған «Володар-Агро» кооперативінің және заманауи технологиямен құлпынай өсіруді қолға алған Максим Буштердің жұмысымен танысты.

Дариян ауылында өткен жиында аудан әкімі Марат Тоқжанов Бәйтерек аумағында қаржыны жай ғана игере салу емес, нақты нәтиже беретін жобаларды қолдау басты орында тұрғанын атап өтті. Ауданның географиялық ерекшелігі мен жайылым тапшылығы ескеріліп, халық мал өсіруден гөрі табысы жоғары бау-бақша және құс шаруашылығына бағытталған. Әкімнің сөзінше, жобаның табысты болуы несие алушыларды аяғынан тік тұрғанша жергілікті әкімдіктер мен бөлімдердің «жетектеп», үнемі қолдау көрсетуінде жатыр.

«AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Ержан Досмақов Бәйтерек, Теректі және Бөрлі аудандары бағдарлама бойынша көш бастап тұрғанын мәлімдеді. Өңірде 2023-2025 жылдары бөлінген 14,4 миллиард теңгенің бүгінде 13,1 миллиард теңгесі игеріліп, 1598 жоба іске қосылған. Батыс Қазақстан облысы кооперацияны дамыту бойынша республикадағы пилоттық өңір саналып, қаржының 3,9 миллиард теңгесі 159 кооперативке бағытталды. Тіпті осы озық тәжірибенің арқасында кооперативтерге лизинг беру мүмкіндігі бағдарламаның республикалық ережесіне ресми енгізілген.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов бұл бағдарламаның бұрынғы мемлекеттік қолдаулардан айырмашылығы ірі қожалықтарға емес, нақты ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталғанын айтты. Басты міндет — елді мекендерді күнделікті тұтынатын азық-түліктің 65 түрімен өз-өзін толық қамту деңгейіне көтеру. Кеңесші оңтүстік аудандарда белсенділікті арттыру үшін әр үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін тапсырды.

Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы