16.07.2026, 16:00
Оқылды: 10

«Ауыл аманаты» - несие емес, мүмкіндік!

Сырым ауданына жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов келді.

IMG_2513

Шолақаңқаты ауылдық округіндегі далалық жұмыстар мен кәсіптік нысандарды аралаған Алдияр Сансызбайұлы ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің жетекшілері және ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесудің басты тақырыбы - «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы мен оның мүмкіндіктері. Жиынға Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов төрағалық етті.

IMG_2517

Бүгінде «Ауыл аманаты» аясында Сырым ауданында ондаған жоба жүзеге асып, жаңа жұмыс орындары құрылып, кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсетілуде.

Жұмагелді Батырниязовтың айтуынша, 2023-2025 жылдар аралығында аудан бойынша 130 тұрғынға 971,47 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. Ал 2025 жылға бағдарлама аясында ауданға 320,8 миллион теңге қаржы бөлу жоспарланып, 57 жобаны қаржыландыру және 94 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Оның ішінде мал шаруашылығы бағытындағы 24 жобаға – 96,2 млн теңге, өсімдік шаруашылығына 6 жобаға – 40 млн теңге, қайта өңдеу саласындағы 9 жобаға – 63,5 млн теңге, шағын бизнеске арналған 9 жобаға – 54,3 млн теңге, сондай-ақ лизинг арқылы техника алуға 9 жобаға 67 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар, “Ауыл аманаты” аясында 2023 жылдан бері ауданда 11 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, олардың жұмысы кезең-кезеңімен кеңейіп келеді.

IMG_2514

Облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты ауыл тұрғындарының табысын арттыру екенін атап өтті.

– «Ауыл аманаты» – тек жеңілдетілген несие беру жобасы ғана емес. Бұл – ауылдағы азаматтардың өз кәсібін ашуына, шаруашылығын кеңейтуіне, тұрақты табыс тауып, жаңа жұмыс орындарын құруына мүмкіндік беретін бағдарлама. Мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілуде. Ең бастысы – тұрғындардың белсенділігі мен нақты жобасы болуы қажет. Әрбір ауыл тұрғыны осы мүмкіндікті тиімді пайдаланса, ауыл экономикасының дамуына серпін береді», – деді Алдияр Халелов.

IMG_2515

Кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасты. Тұрғындар «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алу тәртібі, құжаттарды қарау мерзімін қысқарту, кепілге қойылатын мүлікті бағалау құжаттарының жарамдылық мерзімі алты аймен шектелетіндіктен туындайтын мәселелерді көтерді. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі тұрғын үйлердің бағалау құны төмен болуына байланысты бағаланған сома көлемінде несиені толық алу мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

IMG_2516

Батыс Қазақстан облысы бойынша кооперативтік жобаларды үйлестіруші Алмагүл Исмагулова бағдарламаға қатысу талаптары мен жеңілдетілген несие алудың тәртібіне тоқталып, тұрғындарды мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, кооперативтер арқылы кәсіп бастауға шақырды.

Қоңдыкер Елеуов,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале