23.12.2023, 15:30
Оқылды: 103

«Ауыл аманаты» жобасы: Казталовтық делегация өзге аудандардағы кәсіпкерлердің жұмысымен танысты 

20-22 желтоқсан күндері Казталов ауданы әкімдігі мен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру мақсатында Қаратөбе, Теректі, Бәйтерек аудандарына Казталов ауданының делегациясы барып қайтты. 

IMG-20231223-WA0001

Тәжірибе алмасу мақсатындағы бұл сапарға Казталов ауданы әкімінің орынбасары Рашид Иманғалиев жетекшілік жасап, құрамында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев, округ әкімдері мен кәсіпкерлер барған болатын. Жақсыны көрмекке аттанғандар біраз жерді басып өтіп, біраз шақырымды артқа тастады.

IMG20231221111221

«Үлгіліден үйренген ұтады» демекші, Қаратөбе ауданына қарасты Қоскөл ауылдық округіне ат басын тіріген жерлестеріміз осы ауылдағы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, ісін бастап жатқан шаруашылық жұмысымен танысты. Қоскөлдік Серік Исатаев «Жеңіс-Ерхан» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативін құрып, бағдарлама арқылы сүтті ірі қара малдарын сатып алған.

Сапардың келесі күні атқа мінген біздің жерлестеріміз Бәйтерек ауданына сапар шекті. Аудан аумағындағы ірі өндірістердің қатарында «МакТамак» сауда белгісімен белгілі - «Каверин» жеке кәсіпкерлігі. 2010 жылы негізі қаланған бұл кәсіпкерлік нысан Бөрлі, Теректі, Бәйтерек аудандарынан сүт қабылдап, өндірген сары май мен чичел ірімшігін Қазақстанның барлық аумақтарына және Ресейге сатып отыр. Нысанды аралап көрген жерлестеріміз, біраз мағлұматқа қанықты.

IMG20231221101454

Рубежин ауылдық округінде 2016 жылы құрылған «Рубежинский» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің басты кәсібі – бақша дақылдарын егу. Коперативті Аркадий Рубцов басқарады. Казталовтық делегация ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің иелігіндегі дақылдар сақтайтын қоймаға барып, кәсіпкермен кездесті.

Бәйтерек ауданы Новенький ауылында орналасқан жылыжай кешенінің аумағы – 17 гектар. Жоба құны – 14,5 млрд теңге. Жылына 8 мың тоннаға жуық қияр мен қызанақ өсіріледі. Аталмыш нысанға барудың сәті түсіп, жерлестеріміз «World Green Company» ЖШС иелігіндегі алып жылыжайды аралап көріп, таңданыстарын жасыра алмады.

IMG20231221115521

Трекино ауылының тұрғыны Съезд Зұлқашев «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, 2,5 пайызбен несие алған. Алынған қаражатқа асыл тұқымды Қара шұбар сиырдың 29 басын сатып алған. Жаңа кәсіптің бастауын көрген жерлестеріміз кәсіпкермен әңгімелесіп, іс-тәжірибесімен бөлісті.

Делегация сапары Теректі ауданында жалғасын тауып, «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көріп жатқан кәсіпкерлердің жұмысымен танысты.

Нұр Рахман, 

Казталов ауданы 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале