29.11.2023, 15:45
Оқылды: 29

Ауыл мектебі 10 жылдан бері жылыжайды баптап келеді

Жаңақала ауданының Қызылоба ауылдық округіне қарасты Кеңес Одағының Батыры есімін иеленген Есен Орақбаев атындағы мектебінің жылыжай жұмысы бір жолға қойылған. Жылыжай 2013 жылы ақпанда іске қосылған еді.

Жылыжай салып, көкөніс -өсірген мектеп (2)

Биология, география пәндерінен сарамандық жұмыс жылыжайда жүргізіледі. Бөлме өсімдіктерін көбейту, өсіріп күту балалардың сүйіп жасайтын ісіне айналды. 6-8-сынып оқушылары қызығушылықпен кесте бойынша тазалау, суару, арам шөптен тазалау, зиянкестерді уақтылы улау секілді жұмысты өз мойындарына алған. Сонымен қатар жылыжайда қыркүйек айынан бастап тазалық жүргізіліп, топырағы жаңарып жаңадан қияр, аскөк, салат жапырақтары, көпжылдық, біржылдық өсімдіктер егіледі.

Жылыжай салып, көкөніс -өсірген мектеп (3)

Тамшылап суару да жүйелі жүргізіледі. Қияр екі топта егіледі. Қазанда бірінші тобы, желтоқсанда екінші тобы егіледі. Себебі күнделік бойынша алғашқылары түйнек салғанда екінші тобын егу дәстүрге айналдырылды. Жылда алынған өнімнен қияр, аскөк, салат жапырағы мектеп, жатақхана асханасын толық  қамтамасыз етеді. Өз топырағымызда өскен көкөністер ауыл тұрғындарына сатылып отырады.Түскен қаржыға жылыжайға қажетті құралдар, тұқымдар алынып, атсалысқан оқушыларға сыйлықтар үлестіріліп тұрады. Көпжылдық үнді канналары да күзде жылыжайға орналасып, мамырда мектеп ауласына отырғызылады. Жылда сәуірде ашық есік апталығы жүргізіліп, мектеп жылыжайын тамашалауға мектеп оқушылары, балабақша, ауыл тұрғындары ағыла бастайды.

Жылыжай салып, көкөніс -өсірген мектеп (1)

Аудандық химия, биология, география пән мұғалімдерінің де тәжірибе алмасу семинарлары өткізіліп, жылыжай жұмысына тәнті боп жүр. Жылыжайда «Aqjaiyq» телеарнасы түсірілімі жасалды. Облыстық биологиялық орталықпен тығыз байланыста жұмыс жасап жатыр. Аталған орталықпен бірлесе түрлі шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Жылда жыл қорытындысы бойынша сырттай байқауларға қатысып жүлделі орындарға ие болған. Биыл облыстық биологиялық орталықтың ұйымдастыруымен «Жер иесі» облыстық байқауына қатысып «Үздік мектеп жылыжайы» аталымы бойынша жүлделі ІІІ орынды иеленді. Жылыжайдың үздіксіз жұмыс жасауына мектеп зертханашылары мен кіші қызметкерлерінің де еңбектері орасан зор. Мектеп мұғалімдері оқушыларды біліммен қатар еңбекке де баулып, жүйелі істер атқарып келеді.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале