17.11.2021, 11:39
Оқылды: 81

Ауыл шаруашылығы құрылымдары өкілдерімен кездесті

Кеше Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары өкілдерімен кездесіп, өзара пікір алмасты. Аталмыш жиынға аудан орталығындағы тиісті мекемелер мен бөлімдер басшылары, округ әкімдері, шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.

Касңпкер кездесу (4)

Күн тәртібіне сай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мербол Есендосов ауданның негізгі бағыты ауыл шаруашылығында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаса, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрбол Бозов жер беруге қатысты мәселелер туралы әңгіме өрбітті.

Жиында шаруа қожалықтары жетекшілері тарапынан айтылған негізгі мәселе жеке сектордағы малды бағымда ұстау болды. Бағымсыз жүрген жекелердің малы шаруа қожалықтарының жеріне кіріп жайылатындығы тілге тиек болды. Сонымен қатар шаруа қожалықтарын ашып, кәсіп бастамақшы қожалық жетекшілері жұмысты жүргізу бағытындағы ойларын айтып, сауалдар қойды. Жергілікті басылымда жиі қозғалып, көптен жауыр болып келе жатқан мәселе ауылдық жерлердегі иттердің көбеюі адамға, малға шабатыны әңгіме болды.

Аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиевтің айтуынша, аудан бойынша мал өріске шығатын 70 бағыт болса, соның 33 бағыты мал бағымымен қамтылған. Рашит Нәсіпқалиұлы Егіндікөл, Қоскөл, Жусандыой ауылдық округтерінде кооперативтер құрылып, соның арқасында мал бағымының өз деңгейінде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Касңпкер кездесу (3)

Шаруашылық жұмыстарына қолбайлау болып келе жатқан су тапшылығы туралы да жиында айтылды. Кейбір шаруа қожалықтарының жетекшілері жұмыс күші қажет етілетіндігін алға тартып, ауыл тұрғындарын қоғамдық жұмысқа тартуды тоқтатуды, сонымен бірге маусымдық жұмыстағыларды жеке сектор малын бағуға жұмылдыру мәселесін қойды.

Қожалықтар жетекшілері тарапынан айтылған мәселелерге байланысты аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы М.Есендосов, аудандық ветернариялық станциясы директорының орынбасары А.Есенаманов түсінік берді.

Жиналысты қорытындылаған аудан басшысы Қ.Сүйеуғалиев жиналысқа қатысушылар тарапынан қойылған мәселелер бойынша тиісті орындар басшылары мен ауылдық округтер әкімдеріне тапсырма берді.

 

Ерболат Райсов,

                                                               Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале