15.04.2021, 15:00
Оқылды: 137

Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға мемлекеттік бақылау күшейді    

Таяуда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өткені белгілі. Осыған орай мемлекеттік органдардың пайдаланылмайтын және ұтымсыз пайдаланылатын жерлерді анықтау, иеліктен шығару және ауыл шаруашылығы айналымына қайтару саласындағы жұмыстардың барысын білмек болып Жәнібек аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

75F660C1-5116-4EFF-8FBA-D621ABDC80C2

-Жер комиссиясы жұмысының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жұбайларына беруге толық тыйым салынды, - деп бастады ол әңгімесін.  - Жақында тиісті заң қабылданады. Осылайша 2016 жылы мораторий жарияланған ең маңызды мәселе күн тәртібінен алынды. Өйткені жер – еліміздің негізгі байлығы. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға мемлекеттік бақылауды күшейту үшін енді ғарыштық мониторинг нәтижелері де пайдаланылатын болады.

-Осы тұрғыда ауданымыздың жер қатынастары саласында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңірек тоқталсаңыз?

-Аудан бойынша барлық жер көлемі - 821323 гектар. Ауданда 366 шаруа қожалығы тіркелген. Биылғы пайдаланудағы жайылымдық жер көлемі 398553, шабындық жер телімі 3926, тыңайған немесе егістік жерлер 2337 гектарды құрайды. Сонымен қатар күні бүгінге 4 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс істейді, олардың пайдалануында 4500 гектар жайылымдық жер бар. Аудан бойынша егістікпен айналысатын Талов ауылдық округіндегі «Құбаш» шаруа қожалығы өзінің пайдалануындағы 469 гектар егістік жер көлемінің 200 гектарына сорго дақылын екті. Ал ағымдағы жылы «Елнұр» және «Құбаш» шаруа қожалықтарының әрқайсысы тиісінше 100 гектарға арпа және 250 гектарға сорго дақылын егуді жоспарлауда.

-Соңғы жылдары сіздің бөлім ауылдық округтердегі шаруа қожалықтарына ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімдеріне конкурстарды жүйелі түрде ұйымдастыруда. Жуырда осындай конкурс газеттің екі санында жарық көрді...

-Дұрыс айтасыз. Аудандық жер қатынастары бөлімі Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына (шетелдіктердің қатысуынсыз) шаруа немесе фермер қожалығын, тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдеріне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын ұсыну бойынша конкурстар ұйымдастырып келеді.

Нәтижесінде аудан бойынша 2020 жылы конкурсқа 35 жер телімі ұсынылып, қорытындысында 33324 гектар жер телімі айналымға енгізілді. Атап айтқанда, жаңадан 10 шаруа қожалығы ашылып, олардың жұмысын жүргізу үшін 4328 гектар жайылымдық және 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2808 гектар егістік, сонымен қатар 24 шаруа қожалығының жұмысын жандандыру бағытында оларға қосымша 26188 гектар жайылымдық жер телімі берілді.

Ал үстіміздегі жылы конкурс арқылы беру үшін 54 жер теліміне қатысты құжаттар дайындалу үстінде, осыған орай 22505 гектар жер айналымға енгізіледі деп күтілуде. Аталған жер телімдерін төрт кезеңге бөліп өткізетін боламыз. Атап айтар болсақ, Ақоба, Борсы ауылдық округтерінен 15, Талов, Тау, Ұзынкөл; Жақсыбай, Күйгенкөл және Қамысты, Талов ауылдық округтерінен 13 жер телімі конкурсқа шығарылатын болады.

-Былтыр ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі игерілмей жатқан жерді қайтару мерзімін қысқарту, бос жер телімдеріне қатысты салықты екі есе көбейту жөнінде мәселе көтеріп еді, сол не болды өзі?

-Өткен жылдың желтоқсан айында Салық кодексіне пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінің салық ставкасын 10-нан 20 есеге дейін еселеп арттыруды көздейтін түзетулер енгізіліп, қабылданды. Сонымен қатар жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша заң жобасы әзірленіп, онда пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру кезеңдері мен алып қою мерзімдерін үш жылдан бір жылға дейін қысқарту көзделген.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауданымызда жергілікті атқарушы және өкілетті органдармен пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді анықтау және ауыл шаруашылығы айналымына қайта тарту бағытында жұмыстар атқарылып келеді. Осы ретте былтыр аудан бойынша 23 агроқұрылымның жалпы көлемі 14335,7 гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін нысаналы мақсатына сай тиімді пайдаланбай отырғаны анықталды. Соның ішінде күні бүгін 1152 гектарды құрайтын 3 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Алдағы уақытта бұл жер телімдері конкурс арқылы шығарылып, айналымға енгізілетін болады. Ал 12183 гектарды құрайтын жер телімінің иелерімен мал басының санын тіркету бағытындағы түсінік жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде шаруа қожалықтары малдарын тіркетіп, жер телімдерін қайта пайдалануға кірісті.

Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша малдары тиісті деңгейде бірдейлендіру дерек қорына енгізілмегендіктен, күні бүгінге аудан бойынша 5 шаруа қожалығының 6297 гектарды құрайтын жер телімін мақсатына сай пайдаланбай отырғаны белгілі болды.

Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығының базалық мөлшерлемесін он есеге жоғарылату туралы жоба жасақталып, аудан әкімдігіне ұсыныс түсірілген болатын. Алдағы уақытта пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығының базалық мөлшерлемесін он есеге жоғарылату туралы шешім қабылданды.

-Нұрболат Зұлыпқарұлы, жергілікті тұрғындардың малы жайылатын елді мекендердің маңындағы ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты қандай да бір өзгерістер бар ма?

-Елді мекендердің маңындағы ауыл шаруашылығы жерлері мемлекеттік қажеттілік санатына жатқызылған. Бұл жергілікті халықтың жеке қосалқы шаруашылығының пайдасы үшін алып қоюға заңнамалық тұрғыда негіз болады. Сол секілді жергілікті тұрғындардың қажеттілігін қанағаттандыру және жайылымдық жер беру мәселесін шешу үшін «Жайылымдар туралы» ҚР Заңы қабылданды. Құжаттың мақсаты - халықтың мал жаю мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін ұйымдасқан шаруашылықтар пайдаланбаған жайылымдарды қайта бөлу. Сондықтан жайылымдарды беруге және пайдалануға байланысты іс-шараларды атқарғанда жариялылықты қамтамасыз ету үшін жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды әзірлеуге жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қатысуы заң жүзінде қарастырылып отыр. Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару органдары жергілікті атқарушы органдардың жайылымдарды пайдалану жөніндегі жыл сайынғы есептерін тыңдайды және талқылайды.

Жайылым демекші, аудан бойынша 2020-2021 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар бекітілді. Осыған орай аудандық мәслихаттың өткен жылдың 7 сәуірінде №42-3 шешімі қабылданып, жоспар нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №6137 болып енгізілді, ал 14 сәуірде ол облыстық әділет департаментінде тіркелді. Бірақ қазіргі уақытта жоспарды әр ауылдық округ кескінінде тіркеу қажеттілігі туындауына байланысты осы бағытта жұмыстар атқарылуда.

Сол сияқты 2017-2021 жылдарға арналған елді мекендердің әкімшілік шекараларын нақты белгілеу бойынша «Жол картасы» жасалып бекітілді. Осыған орай «Жер қатынастары саласын реттеуді жүзеге асыру жөніндегі» іс-шаралар жоспарының 2,1-тармағына сай аудан бойынша Жәнібек, Жақсыбай, Ұзынкөл ауылдық округтері мен Тегісшіл елді мекенінің шекараларын белгілеу бойынша жерге орналастыру жобалары жасақталып, әділет басқармасында тіркелді. Ағымдағы жылы аудан бойынша Күйгенкөл ауылдық округі, Өнеге елді мекені және Ақоба, Тау, Қамысты, Борсы, Талов ауылдық округтерінің жерге орналастыру жобалары жасақталып бітті. Қазір оларды әділет басқармасына тіркету үшін жұмыстар жүргізілуде.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында https://zko.smartgeohub.kz/. геопорталы іске қосылды.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы

 zhaikpress.kz

Суреттің дереккөзі: inform.kz

 

       

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале