9.12.2022, 23:03
Оқылды: 47

Ауыл шаруашылық қызметкерлеріне құрмет

Сырым аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мерекесіне орай ауылшаруашылығы саласының жылды қорытындылаған салтанатты шарасы өтті.

WhatsApp Image 2022-12-09 at 17.45.05

Шараға қатысқан аудан әкімі Төлеген Төреғалиев ауыл шаруашылығы қызметкерлерін мерекемен құттықтап, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерді атады.

– Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында отандық аграрлық сектордың көрсеткіштері жылдан жылға артып келеді. Бүгінгі таңда ауданымызда агроөнеркәсіп саласында 400-ге жуық ауылшаруашылық құрылымдарында 1900-ге жуық еңбеккерлер жұмыс жасауда. Ауданда мал шаруашылығы жақсы жолға қойылып, шаруашылықтар төрт түлік малдың берекесін көруде. 27360 бас сиырдан 20385 бас бұзау, 63838 ұсақ малдан 48200 бас төл, 13554 биеден 8 459 құлын алынды. Асыл тұқымды мал шаруашылықтарының қатары көбеюде. Ауданда 49 шаруашылық 6509 бас асылтұқымды ірі қара өсіруде. Асылтұқымды жылқы өсірумен «Иманғали» шаруа қожалығы, «Жәдік» шаруа қожалықтары айналысса, «Жақыбалды», «Аслан», «Ернауан» ШҚ асыл тұқымды қой өсіруде, - деді.

Аудан басшысының айтуынша, ағымдағы жылы жалпы дәнді дақылдардан 7,2 мың тонна мол өнім алынды. Биыл дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 13,6 центнерді құрады. Майлы дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 10,7 центнерді құрап, 9,6 мың тонна өнім алынды.

Өнімділіктің артуында алдыңғы қатарлы өңір диқандарының үлесі зор. Өнімділікті арттыру бағытында барлық қажетті агротехникалық шараларды қабылдап, дәнді дақылдардан жоғары өнім алған «Жібек жолы» ШҚ, «Тінәлі» ЖШС сияқты ірі агроқұрылымдарды атап өтуге болады.

2022 жылы «Жібек жолы» ШҚ 1030 га егістік жерлеріне электронды бақташы құрылғысын орнатып, цифрлық технологиялар арқылы басқаруда. 2021 жылы егістіктің өнімділігін жоғарылату мақсатында 72,0 млн. теңгеге агротехникалық кешен сатып алып, жаздық егілген егіс алқаптарынан жоғары өнім алды.

2022 жылдың 11 айында ауданның 209 шаруашылық құрылымдарына 549,3 млн. теңге субсидия төленді. Биылғы жылы ауданның техника паркі 32 трактормен және 30 агрегаттармен толықты.
Мал қыстақтарына шаруашылықтар да, жеке тұрғындар да дайын. Мал азығын дайындау жұмыстары Шолақаңқаты, Жетікөл, Жымпиты, Жосалы, Сарой, Аралтөбе, Талдыбұлақ, Алғабас ауылдық округтерінде белсенді болды. Жалпы аудан бойынша 189,57 мың тонна мал азығы дайындалып, жоспарымыз 111,5 пайызға орындалды.

Ауылшаруашылығы өнімдерінің қолжетімді болуы мақсатында ағымдағы жылы 29 рет жәрмеңке өткізіліп, 22 млн. теңгенің өнімі сатылды.

1

«Сырым ауданының Құрметті азаматы» атағы Мавлютбай Абдрахманов, Сержан Бисембиев, Төлеген Әбілқайыров, Ерболат Аткаевтарға берілді. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің «Құрмет» грамотасымен аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің статисі Ахат Аралбаев, БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының алғыс хатымен «Жайсаң» ШҚ жетекшісі Қайрат Ерғалиев, БҚО ветеринария басқармасының алғыс хатымен аудандық ветеринарлық станциясы директорының міндетін атқарушы Армат Журалиев марапатталды.

Кәсіпкерлер Нұралы Үдреев, Гүлмаржан Тажаяқова, Гүлфия Нигметова БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының алғыс хатын иеленді.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен Бұлан ауылдық ветеринарлық пунктінің меңгерушісі Бөлекбай Ермеков, «Жамбыл» ШҚ жетекшісі Бекболат Кузайров, «Елеулі еңегі үшін» белгісімен Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Әділхан Мұхитов, А.Жұмағалиев атындағы орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Қобыланды Ғабдешов, фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының Сырым аудандық филиалының директоры Марат Тоқтаров марапатталды. Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиев, «Қостөбе» ШҚ жетекшісі Жазира Төлегенова ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының алғыс хатына ие болды.

Аудан әкімінің алғыс хатымен Ғалиақпар Мурзиев, Ербол Бекжанов, Бекнұр Исмағұлов, бірқатар азаматтар марапатталды. Бұландық Бақтыбай Бектілеуов «Үздік бақташы», жетікөлдік Қанат Панағожин «Үздік шопан», бұландық Жұбандық Бекқалиев «Үздік жылқышы», талдыбұлақтық Қуантай Оразғалиев «Үздік агроном», жосалылық Жасұлан Жашимов «Үздік механизатор», талдыбұлақтық Аққали Жексембаев «Үздік комбайншы», жосалылық Қанат Қатжанов «Үздік кооператив», жосалылық Арман Бекениязов «Үздік ветеринар», жымпитылық Мейрамбек Мамбетияров «Үздік жас фермер», шолақаңқатылық Надежда Хабсалыхова «Үздік сауыншы» аталымдарына ие болды.

Салтанатты жиналыс аудан көркемөнерпаздарының сазды бағдарламасына ұласты.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале