7.11.2023, 16:45
Оқылды: 26

«Ауыл тазалығын сақтау баршаға ортақ іс»

Қандай болмасын салада абыройлы еңбек етіп, Қаратөбе ауданының әл-ауқаты мен экономикасының дамуына зор үлес қосқан ардагерлердің бірі - Ғалымгерей Қайырғалиев.

Марапат Ғалымгерей

Ғалымгерей Қажыгерейұлы ауданның мәдениет саласына 2000-2005 жылдары және біраз уақыттан кейін 2018-2023 жылдары атаулы сала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөліміне қайтадан басшылық жасап, биыл наурыз айында зейнеткерлік демалысқа шықты. Қызмет атқарған жылдары сала ардагері өзінің біліктілігімен, іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетілігімен танылып, жоғары органдардың бірнеше марапатқа ие болды.

 – Аталмыш салаға басшылық қызметке келген кезде мекемеде көптеген қиындықтар кездескені жасырын емес. Саланың материалдық - техникалық базасы төмен болды. Мекемеде көлік болмады.

Аудан басшысы қызметін атқарған Серік Сүлейменовтың мәдениет саласына деген қөзқарасы жоғары болды. Аудан басшысының көмегінің арқасында мекемеге УАЗ автокөлігі алынды. Саланың материалдық-техникалық базасы жақсарды. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Кезінде жеке меншікке өткен ауданның елді мекендеріндегі мәдениет ошақтары өзара келісіммен қайтадан аудан бюджетіне қайтарылды. Көркемөнерпаздардың шығармашылығының артуына аса мән берілді. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда әншілеріміз жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Спорт саласында да көптеген жетістік болды. Алғаш рет жас спортшы Ержан Ерболат қол күресінен «Әлем чемпионы» атанды. Қаратөбе ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған кезімде «Рухани - жаңғыру» бағдарламасы аясында алты жоба жүзеге асырылды.

Жеке кәсіпкер Болат Хамиев Қажым Жұмалиев атындағы көшеге ғалымның мүсінін, Талаптан Қаршығиев «Астана» паркіне балалардың ойын алаңын, Ержан Хасанов аудан орталығынының кіре-берісіне арка орнатса, Радик Хайыров 300 түп алма ағашын отырғызды. Кәсіпкер Айбар Бралиев Мұхит және Қ.Жұмалиев көшісінің қиылысынан қоғамдық моншаға дейін көше шамдарын орнатты. Алаңға 40 түп шырша егілді. Ауыл тазалығын өз деңгейінде сақтау жұмысына да баса  назар аударылып отырылды. Ауылдың тазалығын сақтау баршаға ортақ іс. Қазіргі уақытта ауданда атқарылып жатырған игі істерге ризашылығымды білдіріп, әркез тілекші болып отырамын,  – дейді сала үздігі Ғалымгерей Қажыгерейұлы.

Өткен ғасырдың 1978-1980-жылдары ауданға басшылық еткен марқұм Тілекқабыл Бөлеевтің басшылығымен отырғызылған қарағайлар мен шыршалар, сала ардагері Ғалымгерей Қайырғалиевтің ауыл әкімі қызметінде жүрген кезінде қаз-қатар отырғызылған шыршалар алаңға керемет сән беріп тұр.

Бұл атқарылған игі істерді аудан халқы жақсы біледі. Қазір ауыл тұрғындары атқарылған осындай ізгілікті істерге ризашылығын білдіріп, әркез мақтан етіп жүреді.

Ғалымгерей Қажыгерейұлы қандай да болмасын марапатқа лайық жан. Ауданның мәдениеті мен әл-ауқатының артуына зор үлес қосып, абыройлы еңбек үлгісін көрсете білген Ғалымгерей Қайырғалиев жуырда облыс орталығындағы «Атамекен» өнер орталығында өткен шарада «Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Сала ардагеріне атаулы марапатты Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов табыстапты.

 

Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале