5.05.2021, 15:11
Оқылды: 191

Ауылда еңбек ету – нағыз бақыт

"Еңбектің наны тәтті" деуші еді ата-әжелеріміз. Шынымен де, ерінбей еңбек етсең, түрлі қиындықтарға мойымай, алға қойған мақсаттарыңа жете білсең, міне, жеңіс сол! Әр саланы бір-бірімен салыстырып жатамыз, "Оның жұмысы оңай ғой, оны мен де жасай аламын", - деп те жатамыз. Дегенмен әр жұмыстың қызығымен қатар шыжығы да қатар жүретінін баршамыз білеміз.

аул1

Көп алысқа барып қайтейін, өз ауылымыздағы негізгі бастауын былтыр алған  жұмыстардың бүгінде қызған шағына жеттік. Бұл істеліп жатқан және жасалатын жұмыстардың бағыты әр түрлі. Бірақ мақсаты – ауылды көркейту, ажарын кіргізіп, ауыл азаматтарын ортақ іске жұмылдыру, жастарды еңбекке баулу. Өйткені атқарылған жұмыстардың барлығы осы ауыл тұрғындарының игілігі үшін екендігі сөзсіз. Шүкір, ауылына жаны ашитын азаматтардың қарасы көп, бұл қуантады. Дегенмен "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші, бұдан да үлкен қарқынмен кірісіп, кері тартпай, бірігіп еңбек атқарсақ, алынбайтын қамал-қиындық жоқ.

аул2

Ауыл азаматтарының қолдауымен Амангелді алма бағы қолға алынып, көшеттер отырғызылды. Ауыл мекемелері мен ауылдың кәсіпкер азаматтары бірігіп, 3 гектар жерге картоп отырғызу жұмыстары жүргізілді. Алаңға ауыл азаматтарының қолдауымен  сан түрлі көшеттер отырғызылды. Сонымен қатар ауылдың кіреберіс жолына жарықтандыру шамдары орнатылды. Айта берсек, атқарылып жатқан жұмыс жетерлік. Осындай қызған жұмыстың ортасында уақытпен санаспай, қызмет жасап жүрген Саягүл Мәулетқызының еңбегін атап өтпеске болмас. Ауылдың жанашыр азаматтары да ауыл басшысының жанынан табылып, өз көмектерін шама-шарқынша тигізуде. Ендеше, ауылда туып, өсіп-өнген барша алдыңғы аға буын ағаларды етене еңбек етуге шақырамын. Осы жерде замандасым Бауыржан Ширмединұлының мына бір өлең жолдары еріксіз ойға оралады.

аул3

... Қаладан үй салсаң да хан қасына,

Ауылыңның үйіндей бар ма, сірә?!

Бір шегең артық болса, ойланбастан,

Әкеліп қақ ауылдың ауласына.

Ауыл солай биікте қалу керек,

Сол ауылға ерінбей бару керек.

Адамның кіндік қаны тамған жерге,

Маңдайының тері де таму керек.

Қадірін туған жердің сеніп, білші.

Елге қарай өзіңді еліктірші!

Ештеңе бермесең де, ауылыңа,

Сәлем беріп кетуге келіп тұршы!

Ендеше, ерінбей еңбек қылайық! Ұл-қыздарымызды көптеп еңбекке баулып, ауылға жаны ашитын, елінің ертеңіне елеңдейтін нағыз азамат етіп тәрбиелейік.

 

Аман Байғали,

Амангелді ауылдық округінің

жастармен жұмыс жөніндегі маманы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале